Бүгін ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен жаңа оқу жылына дайындық мәселесіне арналған Үкімет отырысы өтті. Оған Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов қатысты.
Премьер-министр 2026–2027 оқу жылына жан-жақты дайындық жүргізудің маңызын атап өтті.
Бүгінде Шығыс Қазақстанда 538 білім беру ұйымы жұмыс істейді. Биыл 48 нысанда жөндеу жұмыстары жүргізілуде, оның 38-інде жұмыстар аяқталды. Қалған нысандарда жөндеу жұмыстары бекітілген кестеге сәйкес жалғасып жатыр.

Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов білім беру ұйымдарының алдына 25 тамызға дейін барлық ағымдағы жұмысты аяқтау міндетін қойды. Әлеуметтік осал отбасылардан шыққан балалардың мектепке дайындығына ерекше назар аударып, оларға қажетті қолдау көрсету қажет.
Мектептерді жылумен қамтамасыз ету мәселесі де жеке бақылауда. ШҚО қалалары мен аудандарының әкімдері әр мектептің жылыту маусымына дайындығын жеке тексеруі тиіс.
Айта кетейік, қазір өңірде «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында «Назар аударыңыз – балалар!» жедел алдын алу шарасы өтуде. Үш күн ішінде 183 рейд ұйымдастырылып, 128 әкімшілік құқық бұзушылықтың жолы кесілді. Облыстың ішкі істер органдарына 101 кәмелетке толмаған жеткізіліп, 8 жасөспірім Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырылды. Сондай-ақ есірткі қолданудың алдын алу мақсатында 11 профилактикалық шара өткізілді. Жергілікті полицияның рейдтік және профилактикалық шаралары осы бейсенбіге дейін жалғасады.
Жаңа оқу жылына дайындық жұмыстары күнделікті бақылауда болуы тиіс. Жоспарланған барлық жұмыс сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқталуы қажет, – деп қорытындылады Нұрымбет Сақтағанов.