freedom
Саясат Аналитика Қоғам Мәдениет Сұқбат Спорт Абай-175 Ұлттық спорт Экономика Malim podcast Inclusive society Әлем Құқық Денсаулық Тұлға-таным Кино Білім-ғылым Шоу-бизнес Әдебиет Оқиға Экология Хикаялар MALIMet

Сыныптасына істік тығып өлтірген жасөспірім сұхбат берді

Оқиға
Сыныптасына істік тығып өлтірген жасөспірім сұхбат берді
Видеодан скрин

Алматы облысында мектеп бітіру кешінде сыныптасы Әлібидің өліміне кінәлі деп танылып, 10 жылға бас бостандығынан айырылған жасөспірім оқиға болған түн мен қамаудағы өмірі туралы айтып берді, деп хабарлайды Malim.kz.  

Turkistan TV-ға берген сұхбатында ол соңғы қоңыраудан кейін түлектер көлік жалдап, кортежбен жүргенін айтты. Кейін сыныптастарымен бірге жалға алынған үйде мектеп бітіру кешін атап өткен.

“Таңғы тоғыздар шамасында үйден шығып, мектепке бардық. Онда соңғы қоңырау өтті. Кейін барлық түлек жиналып, көлік жалдап, кортежбен жүрдік. Үй жалдап, тойладық. Ішімдік іштік”, – деді ол.

Сотталушының айтуынша, кеш барысында отырысқа былтырғы мектеп түлектері келген. Кейін жастар арасында жанжал шыққан.

“Алдымен басқалар арғы жақта ерегісіп жатқан еді. Кейін өз арамызда да жанжал басталды. Жанымда досым болды, сол қайтыс болған жігіт. Ол мені ажыратып жүрген еді. Сол кезде шампур оған кіріп кетті”, – деді жасөспірім.

Ол марқұм Әлібимен бесінші сыныптан бері бірге оқығанын жеткізді.

“Онымен бесінші сыныптан бастап бірге оқыдық”, – деді ол.

Сотталған жасөспірім өзіне тағайындалған жаза мерзімі ұзақ болғандықтан, қамауда жүргенде ата-анасының қартайып қалуынан қорқатынын айтты.

“Маған берілген жаза мерзімі ұзақ. Түрмеден шыққанша әке-шешем қартайып қала ма деп қорқамын. Күндеріміз тез өтсе екен деп тілейміз. Ата-анамызға тезірек жетсек екен дейміз”, – деді ол. 

Жасөспірім қамауға алғаш түскен кезде қатты қорқыныш сезінгенін де жасырмады.

“Алғаш түскен кезде жүрегім қатты соғып, кеудем қысылатын. Қатты қорқатынмын. Үш-төрт айдан кейін ол сезім басылды. Алғашында есік ашылса болды, оянып кететін едік. Қазір бәрі басылды”, – деді сотталушы.

Сұхбат барысында ол анасымен видеоқоңырау арқылы сөйлесіп, жақындарын сағынғанын жеткізді.

“Бәрі жақсы. Сізді жақсы көремін ғой, анашым. Қалдарыңыз қалай? Не істеп жатырсыздар? Қарындасым не істеп жүр? Бекзам ағам ше? Сәлем айтыңыздар. Менде бәрі жақсы, шүкір. Уайымдамаңыздар. Сіздерді сағындым. Тезірек қастарыңызға барып, үйге оралсам екен деп тілеймін”, – деді ол анасына. 

Еске салайық, қайғылы оқиға 2025 жылғы мамырда Алматы облысының Долан ауылында болған. Мектеп бітіру кешінде 17 жастағы Әліби кәуап пісіретін шампурдан жарақат алып, жедел жәрдем келгенге дейін көз жұмды.

Алматы облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты жасөспірімді көрінеу кәмелетке толмаған адамды өлтіргені үшін кінәлі деп танып, 10 жылға бас бостандығынан айырды. Кейін облыстық сот үкімді өзгеріссіз қалдырды. Үкім 2026 жылғы 14 сәуірде заңды күшіне енді. 

Ұқсас мақалалар

Жылдам сілтемелер
Іздеу