Үш қаланы бақылап отырып, әсіресе, аты өзгерген Қонаевтың бағасы да қатты өзгергенін байқадық. Бірақ Семей мен Жезқазған да қалыс қалмапты.
Қонаев қаласы статус алмай тұрып 3-ықшам ауданнан 1980 жылдары салынған үйден 2 бөлмелі пәтер алу үшін 15 миллион керек болса, қазір 23 миллионнан артық ақша керек. Ал 4-ықшам ауданнан 2 бөлмелі пәтер көктемде 18 миллион теңгеге бағаланса, қазіргі бағасы 20 миллионнан басталып, 25 миллионға дейін жеткен. Сейфуллин көшесі бойындағы 2022 жылы салынған су жаңа үйден 1 бөлмелі пәтер құны наурызда 10 миллион болса, қазіргі құны 15 миллионнан көп.
Семей қаласы орталық бол тұрып Юность ықшам ауданында 1970-80 жылдары салынған үйден 2 бөлмелі пәтердің құны 12-13 миллион теңге болса, қазір 14-20 миллион теңге аралығында сатылымға шығып тұр. Пушкин көшесі бойындағы 100-үйден наурызда 2 бөлмелі пәтерді 18 миллионға алуға болса, қазір дәл осы үйдегі 2 бөлмелі пәтер құны 23 миллион теңгеге бағаланған. Төрт ай бұрын Бозтаев көшесінің бойында 4 бөлмелі пәтер 27 миллион теңге тұрса, қазір бұл көшенің бойынан 4 бөлмелі үйді 33 миллионға алуға болады.
Жезқазған қаласы Алашахан көшесі бойындағы үйден 3 бөлмелі пәтер құны жаңа облыс ашылмай тұрып 15 миллион болса, қазіргі бағасы 20 миллионға жеткен. Жәлел көшесіндегі үйден 2 бөлмелі пәтер көктемде 11 миллионға бағаланса, қазіргі құны 14-15 миллион арасында болып тұр. Гагарин көшесінің бойына 1964 жылы салынған үйлерден 2 бөлмелі пәтерді наурызда 9 миллионға алуға болатын еді, қазіргі бағасы 15 миллионнан жоғары болған.