Маңғыстау облысында шақыртуға бара жатқан өрт сөндіру көлігі жол апатына ұшырап, салдарынан екі адам қаза тапты, деп хабарлайды Malim.kz.
Қайғылы оқиға бүгін, 18 қаңтарда Жаңаөзен қаласының Манат көшесінде болған. Алдын ала мәлімет бойынша, өрт сөндіру көлігі жеңіл автокөлікпен соқтығысып, екпінмен барып жеке тұрғын үйге кіріп кеткен.
Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі жол-көлік апатының ауыр салдарға әкелгенін мәлімдеді. Оқиға орнында екі адам көз жұмып, тағы бес адам түрлі дене жарақатын алған. Зардап шеккендердің үшеуі – өрт сөндіру қызметінің қызметкерлері. Барлығы шұғыл түрде ауруханаға жеткізілген.
Қазіргі уақытта апаттың нақты себептері анықталып жатыр. Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталып, қылмыстық іс қозғалды. Тергеу барысы полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауына алынған.
Құзырлы органдар жол апатының мән-жайын жан-жақты тексеріп, кінәлілерді анықтауға кіріскенін хабарлады.