freedom
Саясат Аналитика Қоғам Мәдениет Сұқбат Спорт Абай-175 Ұлттық спорт Экономика Malim podcast Inclusive society Әлем Құқық Денсаулық Тұлға-таным Кино Білім-ғылым Шоу-бизнес Әдебиет Оқиға Экология Хикаялар MALIMet

«Жолаушылар қауіпсіздік ережесін бұзған». LRT тоқтап қалды

Қоғам
«Жолаушылар қауіпсіздік ережесін бұзған». LRT тоқтап қалды
Фото CTS

Астанадағы LRT желісінде жолаушылардың қауіпсіздік талаптарын сақтамауына байланысты бірнеше кідіріс жағдайы тіркелді. Бұл туралы City Transportation Systems (CTS) компаниясы мәлімдеді, деп хабарлайды Malim.kz.

Компанияның мәліметінше, жекелеген жолаушылар тарапынан пойыз қозғалысына және жүйенің қалыпты жұмысына кедергі келтіретін әрекеттер жасалған. Атап айтқанда, станция платформаларында орналасқан апаттық тежегіш батырмасын негізсіз басу, пойыз ішіндегі қорғаныш әйнегінің артында орналасқан апаттық есік жүйесін іске қосу, вагон есіктерін күшпен ашуға әрекет жасау және есіктердің жабылуына әдейі кедергі келтіру фактілері анықталған.

CTS өкілдері LRT жүйесі толық автоматтандырылған технологиямен жұмыс істейтінін түсіндірді. Сондықтан мұндай әрекеттер тек қоғамдық тәртіпті бұзып қана қоймай, жолаушылар қауіпсіздігіне тікелей қауіп төндіреді. Сонымен қатар мұндай жағдайлар кезінде пойыздар уақытша тоқтатылып, басқару орталығы тарапынан қосымша тексеру жүргізіледі. Бұл өз кезегінде қозғалыс кестесінің өзгеруіне және уақытша кідірістердің пайда болуына әсер етеді.

Компания қазіргі уақытта желі қалыпты режимде жұмысын жалғастырып жатқанын хабарлады. Сондай-ақ әрбір пойыз құрамында төтенше жағдай туындаған кезде электр қуаты ажыраса да есіктерді ашуға жауапты арнайы оператор бар екені айтылды.

CTS тұрғындар мен қала қонақтарын қоғамдық көлікті пайдалану ережелерін сақтауға шақырды. Компания өкілдерінің сөзінше, жолаушылардың қауіпсіздігі мен көлік жүйесінің тұрақты жұмысы әр адамның жауапкершілігіне де байланысты.

Сонымен қатар барлық құқық бұзушылықтар станциялар мен вагондардың ішінде орнатылған бейнебақылау камералары арқылы тіркеледі. Анықталған оқиғалар бойынша материалдар құқық қорғау органдарына жолданып, заң аясында тиісті шаралар қабылдануы мүмкін.

Мамандардың айтуынша, автоматтандырылған көлік жүйелерінде қауіпсіздік талаптарын сақтау аса маңызды. Себебі бір адамның жауапсыз әрекеті жүздеген жолаушының қозғалысына әсер етіп, бүкіл желінің жұмысына уақытша қиындық тудыруы ықтимал.

Ұқсас мақалалар

Жылдам сілтемелер
Іздеу