Журналист Гүлнар Бажкенованың соты қашан басталатыны белгілі болды, деп хабарлайды Malim.kz.
Orda.kz сайтының бұрынғы бас редакторы Гүлнар Бажкеноваға қарсы қозғалған қылмыстық іс бойынша сот процесі 2 шілдеде өтетін болды. Алғашқы сот отырысы Бостандық ауданының №2 сотында сағат 10.00-де басталады. Бұған дейін алғашқы сот отырысы 26 маусымда өтеді деп хабарланған болатын.
Бажкеноваға үш бап бойынша айып тағылып отыр. Атап айтқанда, «Заңсыз кәсіпкерлік» (214 бап), «Көрінеу жалған ақпарат тарату» (274-бап) және «Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу» (189-бап, 4-бөлім).
Қылмыстық іс қозғалғанға дейін журналист өзі басқаратын басылымды «рейдерлік жолмен» тартып алайын деп жатқанын, өзін «қызметтен шеттететінін» айтып, мәлімдеме жасаған.
Orda.kz оқырмандары мен бақылаушылардың пайымдауынша, іс өткен күзде шығып, дауға айналған материалдармен байланысты болуы мүмкін. Онда Бажкенова сол кездегі сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеуді «заңға қайшы әрекет» жасады деп айыптап, оның Астанада ұсталғанын да айтқан еді. Ресми органдар мұны жоққа шығарды, ізінше Нұртілеу сыртқы істер министрі қызметінен кетті.
«Журналистерді қорғау комитеті» Қазақстан билігін сайттың бас редакторы Гүлнәр Бажкеноваға тағылған айыпты алып тастап, басылымның еркін жұмыс істеуіне жағдай жасауға шақырған.