"Иманғали аға ақырығы операциямның қаржысын төлеп берді"

Malim Админ

  • 29.01.2021

2020 жылдың 11 қараша күні әлеуметтік желіні «Ерлан Төлеутайға көмек керек» деген хабар желдей ескен. Бәріміз не болдылап шулап, аңтарылып қалдық. Артынан мән-жәйді түсіндік.

«Ерағамыздың қос көзі көрмей қалған. Бір көзі су қараңғы, екіншісіне бір аптаның ішінде ота жасамаса одан да айырылу қаупі төніп тұр дейді.

Соған тез арада 3 млн теңге қаржы қажет екен. Ота 7-желтоқсан күні Мәскеу қаласында жасалмақшы. Көрмей қалған көзінің орнына да гель құяды дейді. Онсыз орны үңірейіп қалмақ…

Осы кезге дейін қазақ музыкасын зерттеп, қаншама әнді сіңіріп, жеткізіп жүріп Алматыдан үй де ала алмағанын білеміз.

Енді мына қауіп төніп тұр екен!», - деді.

Бұл хабарды естіген естілердің көбі тыс қалған жоқ. Бәрі хадари халынша қол ұшын созды. Ерлан Төлеутай Мәскеуге барып, көзіне екі рет ота жасатты. Сөйтіп елге оралды. Аман-есен сынақтан өткен әнші халқына ризашылығын айтты.

«Ауыр күндер артта қалды. Мәскеуден Қырғызстанға ұшып келдік...

....Сөйтіп, қос жанарым қараша айының басында сыр бере бастап, небәрі бір аптаның ішінде зағип болып қалдым. Әуелде дүние дидары күн сайын бірте-бірте күңгірт тартып солғындана берді де, бір сәтте біреулер ту сыртымнан терең құзға қапыда итеріп жібергендей, қара түнекке сүңгіп кеттім. Сол сәт дүние төңкеріліп түсті. Дәрігерлердің қойған диагнозы да ауыр үкімге кескендей аса қатал болды.

Алғашқыда есеңгіреп қалдым. Түнімен ұйықтамай төсегімнің шетінде шоқиып отыратын болдым. Әлеммен байланыс үзілген. Біз – Дүние Жарықпен көз арқылы қатысады екенбіз ғой. Көз болмаса тіршілік мәнін жоғалтады, болмыс маңызынан айырылады, кеңістікте құн қалмайды екен. Дүние Жарық – көз арқылы ғана ұлы мәнге ие екен. Айналамды қара мұнарлы түнек басқанда осыны жан тәніммен ұққан мен бар күшімді жан дәрмен жанарымды құтқаруға жұмылдыру керектігін түйсіндім.

... Осылайша, көз үшін күрес басталды. Алматыда басталған шұғыл ота Мәскеудегі аса күрделі, ауыр операцияларға ұласты. Нәтижесінде мен Қара Түнектен Жарық Дүниеге оралдым. Әрине көз жанарым бұрынғыдай көрмейді, мәскеулік дәрігерлердің айтуынша енді оны ешбір технология ешқашандай шебер хирург қалпына келтіре алмайды. Әйтсе де, қазір өзім оқи алатын, өзім жаза алатын халге жеттім. Бұл әрине мен үшін зор бақыт һәм қуаныш!

Айтары жоқ, бұл айлар менің өмірімдегі ең ауыр кезеңдердің бірі болды десем, артық айтпағаным. Осы бір азапты күндерде күллі өмірім кино лентасындай көз алдымда зыр қағып өтіп жатты. Қара түнекке қамалып отырған күндер ішінде жарты ғасырлық ғұмырымды қайта безбендедім, қайыра таразыладым.

...Боқ дүниемен осылайша араз едім, оны төбеме шығармаймын деп әу баста серт берген едім. Қу дүниенің атасы байлық, ал байлықтың анасы ақша ғой. Бір дұшпанымды – осы ақша деп біліп, тиын қумаған едім. Тегінде,Тәңірі мені байлықтан құр алақан қылған емес еді, бірақ менің бағалы қазынам бұл күнде тобырлық мәдениеттің бәсі үстем шығу салдарынан құны арзан тартқан кеудемдегі ғапыл өнерім-ді һәм қолымдағы өзім сүйеніп күн кешкен көк сиясы – қанымдай қаламыммен, кеудеммен бірге қоңыр күмбірлеген шанағы баладай, мойны көк тіреген жалаулы найзадай киелі қара домбырам еді. Бұл әрине рухани байлық қой, ал дүнияуи байлық пен рухани байлық ежелден антагонист яғни ата жау. Сондықтан бұл екі байлық менің кеудеме әсте қатар сыйып көрген емес еді – Тәңірі әу баста көген бе, әлде өлең дегенде, әрине, екіншісін таңдағандықтан еді мұның сыры. Сөйтіп мен өнерді дүние ісінен биік қойдым. Дүниенің күллі байлығын жиса да, менің кеудемдегі титтейімнен тірнектеп жиған халық өнері деген ғажайып қазынаға татымайды деп астам ой піштім, мұным әрине асылық болды Жоғарыда бармағымды тістеткізген осы жайт еді.

Сөйтсем боқ дүние қайтсе де сенен өшін алады екен, сол үшін сүрінер сәтіңді аңдып, бағып жүреді сірә, Бұл жолы да осынау сын сәтте баспалап келіп, қапыда бас салғандай, әжуалап мазақ қылып, шайырды табалаған шайтандай сақ-сақ күлді.

Осылайша, мал байлық өзінің алдында дәрменсіз екенімді қапылыста бетіме басты, бір сәт болса да өшін алғандай болды. Себебі ол кезде дүние дидарын көрмесем де, көзімнің үстінде, қабақ астымда бір жолақ сәуле бар еді, сол сәуле мені жарық дүниемен жалғап тұрған жалғыз үміт ұшқыны еді. Мәскеулік дәрігерлер де сол жалғыз жолақ сәулемен көзіңізді көргізуге жол саламыз, егер жазатайым ол сәулеңіз өшіп қалса, онда келіп әуре болмай-ақ қойыңыз, біздің де қылар дәрменіміз жоқ деген еді.

Сондықтан мен үшін әр күн, тіпті әр сағат қымбат еді. Мәскеуге шұғыл аттануға жағдайым келмей жатты. Осы кезде маған айналайын халқым, Сіздер қол үшін бердіңіздер. Қазақтың қарлығаш қызы, өрелі өнерпазымыз әнші Роза Әлқожа бұл іске мұрындық болды. Мұның бар хикаясын Мәскеу сапары алдындағы видеожолдауларымда баян қылғанмын, оған куәсіздер, сондықтан қайта тоқталмай-ақ қояйын. Тек сол жолы көмек қолын созған баршаңызға тағы да шексіз ризашылығымды білдіремін!», - деді әнші.

Ерлан Төлеутайдың көзіне жасалған оталарға меценант боп жүрген байлардың біреуі көмектеспепті. «...бұл істен қазақтың қисапсыз бай олигархтары, нувориш байлары, өздерін қазақ өнерінің меценаты санап, жұртшылыққа жар сап, елден мақтан, сарт сауан фанерщик әншісымақтардан мадақ естіп, әкім қарадан мақтау қағаз жиып жүрген "атымтай жомарттар" тыс қалды», - дейді әнші.

Ерлан Төлеутайдың сөзіне Ақтоты Райымқұлова мен Иманғали Тасмағамбетов үлкен көмек жасапты. Бірі жол мәселесін шешіп берсі, екіншісі отаның ақшасын толық төлепті.

«...Бұл жолы жанашырым мен сүйенішім һәм тілеуқорым халық қана екеніне және сол халықтың ішінен шыққан есті азаматтар екендігіне көзім түбегейлі жетті. Есті азаматтар демекші, осы орайда мен екі тұлғаның есімін ерекше атағым келеді. Олар: мемлекет және қоғам қайраткері Иманғали Нұрғалиұлы мен ҚР Мәдениет және спорт министр Ақтоты Рахметоллақызы! Менің көз дертімнің негізгі салмағы осы екі ардақты асылға түсті. Ақтоты Рахметоллақызы осы айларда алдымнан сәт сайын кесе көлденең шыққан проблемаларды әсіресе Қазақстан мен Ресей арасындағы жол қатынасынан бастап, басқа да көптеген түйткілді мәселелерді кезек күттірмей дереу шешумен болды. Ал Иманғали аға болса, Мәскеудегі ақырғы операциямның қаржысын тік көтере төлеп беріп, ағалық қамқорлық танытты. Тәңірі жарылқасын СіздердіИманғали аға, Ақтоты Рахметоллақызы!» деп жазды әнші.

Қиналған сәтте адам өзіне жасаған жақсылықты ұмытпайды деуші еді. Сол рас шығар. Сақайып ортамызға оралған Ерлан Төлеутайға шығармашылық табыс, денсаулық тілейміз.

Байланысты жаналықтар

"Батьканың" таңдауы Беларусьті тәуелсіздігінен айыруы мүмкін

25.05.2021

Коронавирусқа байланысты наурыз мерекесі тойланбайды

12.03.2020

Тасмағамбетов лауазымды қызметке ұсынылды

15.03.2021

Мәскеуде Навальныйдың соты басталды

02.02.2021

Дариғаны идеал тұтқан Райымқұлованың ендігі халі не болмақ?

01.06.2020

Туризмнің дамуына барлық жағдай жасалған

15.05.2021
MalimBlocks
"Батьканың" таңдауы Беларусьті тәуелсіздігінен айыруы мүмкін

Коронавирусқа байланысты наурыз мерекесі тойланбайды

Тасмағамбетов лауазымды қызметке ұсынылды

Мәскеуде Навальныйдың соты басталды

Дариғаны идеал тұтқан Райымқұлованың ендігі халі не болмақ?

Туризмнің дамуына барлық жағдай жасалған

Мәдениетпен қоса спорт пен туризмді қатар басқаратын министрліктің ел игілігіне жасар қызметі шаш етектен