"Біртанов байыбына бармаған, Цой асыра сілтеп отыр"
Қызыл аймақтағы Алматыда індет өршігеніне қарамастан, қаланың бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин карантин шараларын жеңілдетті. Онысын "қатаң карантин шаралары тиімді болмай шықты" деп түсіндірді. Ал бірақ денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың "шынайы" болжамынша, сәуір, мамыр мен маусым айларында вирусты 250 мың адам жұқтыруы мүмкін. Бұл бір жылда ресми тіркелген ауру көрсеткішімен бірдей. Министр осындай болжам ұсынып жатқанда, қызыл аймақта карантин шараларын жеңілдету дұрыс па? Алексей Цойдың бұл болжамы нені білдіреді? Сарапшылар сөйлейді.
Карантинді жеңілдету енді тек Қиясовтың ғана қолында
Еліміздің бас санитар дәрігері Ерлан Қиясовтың жаңа қаулысына сәйкес, енді карантин шараларын жеңілдету бойынша шешімді Ерлан Қиясовтың өзі қабылдайды. Облыстар мен Алматы, Шымкент және Нұр-Сұлтанның бас санитар дәрігерлері өздерінің аумағында карантин шараларын күшейту бойынша ғана шешім қабылдай алады.
Жақында Алматының бас санитар дәрігері Алматыда карантин шараларын жеңілдетіп, қызыл аймаққа кірген қалада сауда-ойын сауық орталықтары мен бірқатар қоғамдық тамақтану орындарының жұмыс күндері жұмыс істеуіне рұқсат еткені белгілі. Алматыда індет өршіп, күн сайын 500-700 адамнан коронавирус анықталып жатқанда Жандарбек Бекшиннің карантинді әлсіреткенін сынға алғандар көп болды. Мыслы, қоғам белсендісі Ерлан Нұрпейісов карантин шаралары тиімсіз екенін қазір мойындап, жыл бойы шағын және орта кәсіпті табысынан айырған, ойланбай қаулы қабылдайтын бас санитар дәрігердің отставкасын талап етті.
Жандарбек Бекшиннің өзі карантин шараларын әлсірету жөніндегі шешімін "қатаң карантин шараларының тиімді болмауымен" түсіндірген. Алайда денсаулық сақтау министрлігі санитарлық-эпидемиологиялық комитет төрайымы Айжан Есмағамбетова онымен келіспейтін сияқты. "Карантин шараларының тиімділігі бізде ғана емес, әлемде дәлелденді. Локдаун енгізгенде, карантин шаралары тиімді болатынын білдік. 1 немесе 2 инкубациялық кезеңнен кейін ауру жұқтыру төмендеді. Бұл – карантин шараларының нәтижесі", - деді Айжан Есмағамбетова.
"Вируспен қатар өмір сүріп үйрену керек"
Медицина ғылымдарының докторы, Қазақ медициналық үздіксіз білім беру университетінің микробиология, вирусология және жалпы иммунология кафедрасының профессоры Сәкен Әміреев карантин шараларын жеңілдеткен күннің өзінде адамдар сақтық шараларын сақтап жүру керек дейді. "Кейбір кәсіпорындар жұмысын тоқтатпауы керек. Бірақ сақтық шараларын сақтау, маска тағу жалғасады. Ақырындап вакцина егу басталды. Алайда вакцина да аурудың таралуын бірден тоқтатпайды. Вакцина салдырғандардың иммунитеті әлсіз болса, ауру жұқтыруы мүмкін екенін көрсеткен зерттеулер бар. Сосын, Тоқаев денсаулық сақтау министріне неге ұрысты? Бізде вакцинация өте баяу. Басқа елдерде өте жоғары. Мысалы, Израиль халықтың 85 пайызына вакцина салды. Бізде халықтың 75 пайызына вакцина салынғанда ұжымдық иммунитет қалыптасады. 85 пайызға жеткенде шектеу шараларын алып тастауға болар", - дейді профессор.
Ал медицина ғылымдарының кандидаты, балалар невропатологы Қайырғали Көнеев қатаң шаралар коронавирустың таралуын тоқтатпайтынын көрсетті дейді.
"Меніңше, коронавирустың таралуы жаңа штамдармен байланысты. Бірақ бұл толқын былтыр жаздағыдай қатты өршімейді. Былтырғы жазбен салыстырғанда ауыр науқастар аз. Меніңше, карантиннің күшеюі немесе әлсіреуі ауру таралуына әсер етпейді. Егер әсер етсе, карантин күшейгеннен кейін ауру жұқтырғандар азаяр еді.Ондайды көрмедік",- дейді Қ.Көнеев.
Балалар дәрігері коронавируспен қатар өмір сүруді үйрену керек дейді. "Ел өмір бойы карантинде отыра алмайды. Қатаң карантинде отырса, жұрт аш қалады. Сондықтан қазақстандықтар мен үкімет коронавируспен бірге өмір сүріп үйренуі тиіс. Ол ешқайда жоғалмайды, маусым сайын қайта оралатын ауруға айналады", - дейді Қ.Көнеев.
Цой Біртановтың қатесін қайталағысы келмейді
Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой елде бразилиялық, британдық және оңтүстікафрикалық штамдар анықталғандықтан, сәуір, мамыр мен маусым айларына арналған эпидемиологиялық болжамын қайта жаңартқаны белгілі. Цойдың "шынайы" сценарийі бойынша, шілдеге дейін 250 мың адам коронавирус жұқтырады. Бұл бір жылда ресми тіркелген науқастар санымен бірдей. Бұл болжам жаңа толқын әлдеқайда күшті болатынын көрсете ме? Әлде былтыр тек ПТР арқылы расталған науқастарды статистикаға қосқаны үшін сынға қалған денсаулық сақтау министрлігі шынайы статистика жүргізе бастады ма?
Қайырғали Көнеев Цой алдыңғы министрдің қатесін қайталағысы келмейді, сол себепті осындай болжам арқылы өзін сақтандырғысы келіп отыр дейді. Дәрігер Біртанов кезінде министрлік жағдайды жете бағаламаса, Цой кезінде асыра бағалап отыр дейді.
"Цой келмей тұрғанда министрлік небәрі 3500 адам ауру жұқтырады деп болжады. Енді Цой осындай болжам арқылы денсаулық сақтау саласының ресурстарын індетке дайындағысы келеді. Шын мәнінде, бұл дұрыс. Себебі осы болжамға қарай бюджеттен ақша бөлінеді. Былтырғыдай дәрі-дәрмек тапшылығы, ауруханада бос төсек орынның болмауы тәрізді мәселемен бетпе-бет келмеудің қамын жасаған дұрыс", - дейді Қ.Көнеев.