«ТҮБІРІ ТЕРЕҢ СӨЗ АРТЫҚ, БІР БАЙҚАРСЫЗ...»

Malim Админ

  • 09.03.2020

Абайдың әйгілі «Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек» атты өлеңіндегі:

Наданға арам – ақылды құлаққа ілмек,

Бұл сөзден ертегіні тез үйренбек, –

деген осы қос жолды мазмұндасақ: өзі арам, өзі надан адам – ақылды құлағына іле салады, яғни, жүре естиді, миына тоқымайды – деген мағына береді.

Өлеңнің ұзына мазмұны, айтар ойы «Бұл сөзден ертегіні тез үйренбек» – деген үстеме ұғым арқылы ашылады. Сондықтан да, жалпы ойдың аңысын аңғарасың. Дегенмен де, «наданға арам» мен «ақылды құлаққа ілмек» тіркесі өзара үйлеспейді. Ойлары қарама-қайшы. Біздің пайымдауымызша, бар кілтипан осы жолдың «надан» деген бірінші сөзінен шығып тұр. Сөздің соңына жазылған «н» әрпінің құйрығы шұбатыла көтерілгендіктен де, «надан» сөзі – «наданға» болып қате оқылған. Сондай-ақ, сызықша «арамның» соңынан емес, алдынан қойылуы керек. Оған – еміле қатесіне көшірушілердің қатысы жоқ, оны еміле ережесі шыққаннан кейінгі оқымыстылар қойған.

Мағыналық жақтан алсақ «арам» сөзі – наданға тиесілі, ақылдығы жараспайтын сияқты. Ал, енді, мәселені былай, ауыспалы мағынасында қозғайықшы. Ол – надан. Надан болғандықтан да, ақылдының ақылын ұқпайды, ұққысы келмейді, ал, жаман, ыржаң сөзді, яғни, арам ақылды ұға қояды. Ақылды, сауатты адам олай істемейді. Демек, надан адам – арам ақылды құлаққа тез ілмек. Әйтпесе, жоғарыдағы жинақтардың аңысына қарасақ: арам, надан адам – ақылды құлаққа ілмек, ұқпаса да, қаперіне алған болып шығады. Ендеше, бұл жолдың дұрысы:

Надан – арам   ақылды құлаққа ілмек,

Бұл сөзден ертегіні тез үйренбек.

Яғни, өзі надан адам – арам ақылды тез естиді, тез үйренеді. Демек, «арам» сөзі «наданға» емес, ақылға, арам ақылға қатысты. Мәтіннің қисынын қайдам, ой мен мазмұнның қисыны соған жетектеліп тұр. Өйткені:

Рас сөздің кім білер қасиетін,

Ақылсыз шынға сенбей, жоққа сенбек.

Демек, біздің уәжіміздің дұрыстығын Абайдың өзі қостап тұр. Себебі: «Наданның таразысы да, қазысы да өз бойында», ал «сүйенгені көп пен дүрмек». Сондықтан да, «өз сөзінен басқа сөзді ұқпайды». Бұған қоса, осы ойды тиянақтай түсетін Абайдың:

Адасқанның алды – жөн, арты – соқпақ,

Оларға жөн, арамның сөзін ұқпақ, –

деген «надан» мен «арамның» арасын ажырататын өлеңі тағы бар.  Осыған қарап, ендігі билікті өздеріңіз айта беріңіздер. Сол өлеңдегі:

Осындай сидаң жігіт елде мол-ақ,

Бәрі де шаруаға келеді олақ.

Сырын түзеу (?) біреу жоқ, сыртын түзеп,

Бар өнері – қу борбай, сымпыс шолақ (1995.1.61), –

деген шумақтағы «түзеу» деген сөзге көз қиығыңызды салыңызшы.

Біздіңше, дұрысы, «түзеу» емес – «түзер». Сонда, өлең: «Сырын түзер біреу жоқ, сыртын түзеп», – деп жұмырланып, мазмұнданып шыға келеді. «У» мен «р» әрпінің араб қарпіндегі сүйретіліп аяқталатын тұсы бір-бірінен еш айырғысыз екенін жоғарыда ескерттік.

Өлеңнің өзге сөз өнерінен ерекшелігі тек қана ұйқаспен жазылуында ғана емес, сонымен қатар, ішкі ырғақ пен буынның да қатаң сақталуы тиіс. Өлеңнің көңіл ауанын анықтап, құлақ күйін келтіріп беретін де осы ырғақ. Ал, өлеңге: «Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп, теп-тегіс жұмыр келсін» – деп қатаң талап қойған Абайдың өзі бұл шартты орындамауы, не селкемдік жіберуі неғайбыл. Сондықтан да, «Қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арман» атты өлеңнің барлық жинақтағы нұсқасындағы мына:

Атаны – бала аңдиды, ағаны – іні,

Ит қорлықпен немене екен сүйткен күні (1995.1.61), –

деген екі жолдың екінші тармағындағы буынның да, ырғақтың да сынын бұзып тұрған «екен» деген сөздің басы артық сияқты көрінеді бізге.

Не көшірмеші, не оны хатқа түсіріп оқушы, не бір әліпбиден екінші әліпбиге (араб қарпінен – латын әрпіне, латын қарпінен – криллге) көшірген машинистка  (ол кезде бұл жұмысты толықтай солар атқарған) абайламай  ағаттық жіберіп алуы әбден мүмкін. Ондай ағаттықтар «Абай жолы» роман-эпопеясын, «Ботакөзді», «Оянған өлкені» машинкаға көшіріп басқан кезде өте жиі жіберілген. 1995-1996 жылдары Талатбек Әкім екеуміз жүргізген мәтіндік салыстырулар кезінде «Абай жолының» өзінде сөз ғана емес, тұтас сөйлемдердің түсіп қалғанын, кей сөздердің қате түскенін, тіпті, Ділдә мен Айгерімнің аттары алма-кезек ауысып жүрген тұстарының болғанын байқағамыз.

Демек, ырғақ пен буынның сынын бұзып тұрған «екен» деген сөзді еш қиналмай алып тастатса, одан Абай өлеңдері ұтпаса – ұтылмайды. Ал, осы өлеңді жатқа айтатындардың барлығы да «екен» деген сөзді тастап кетіп айтады. Біз де солай істейміз. Демек, мұны халықтық редакция десе де болады.

Тура осы өлеңдегі мына қара әріппен көрсетілген сөздерге назар аударып, оны келесі шумақпен салыстырып, дұрысын таңдаңызшы. Қайсысы – мағынаға, ырғақ мақамына, буын санына сай келеді?

Дос алады: «Бермесең – бұлт берем» – деп, –

Жауыңа қосылуға сырт берем» (1995.1.54), –

дегенді енді:

Дос алады: «Бермесең – бұлт берем» – деп, –

«Жауыңа қосылуға серт берем» – деп, – оқыңызшы.

Екі сөздің араб әліпбиінде жазылуының еш айырмашылығы жоғы өз алдына, «аларман дос»: «Егер сұрағанымды бермесең, айтқаныма көнбесең, жауыңа қосылуға серт берем», – деп ашық айтып тұр емес пе.

Бұдан кейін, «Көңілім қайтты достан да, дұшпаннан да» атты өлеңнің сегізінші шумағындағы: «Қарындас қара жерге тыға алмай жүр», – деген жолға назар салыңызшы. «Қарындас» нені тыға алмай жүр?». Ол «қарындас» – ағайын, әлдебір құпиясы мен қылмысын жерге тыға алмай жүрген жоқ. Осының алдында айтылған: «ұры-қарды тыя алмаған, күнде бұзықтық жасаған телі-тентекті жазаға тарта алмаған, бірінің сөзін бірі құп алмаған», содан құтылудың жолын таба алмаған «қарындас қара жерге сыя алмай жүр».  Мұндағы «тыға» мен «сыя» сөздерінің айырмасы – бір ноқат.

«Демеңдер: «Өнбес іске жабаналық» – дегендегі «жабанарлық» деген сөздің еш мағынасы жоқ. «Демеңдер: «Өнбес іске жұбаналық» – деген сөздің өзі. Сол өлеңнің бесінші шумағындағы:

Той болса, тон киелік, жүр баралық,

Бірімізді біріміз аударалық (1968.1.39;1995.1.62), – дегендегі «аударалық» та қате оқылған, не жаңсақ басылып кеткен әріп қатесінің бірі.

Тойға барған жігіттер бірін-бірі неге аударуы тиіс? Жаңа киген тонын жырту үшін бе? Жоқ, Абайдың өзі бозбалаларға арнап:

Бір жерде бірге жүрсең басың қосып,

Біріңнің бірің сөйле сөзің тосып, –

демей ме?

Ендеше бұл арадағы мағынасыз тұрған «аударалықтың» еш мағынасы жоқ. Керісінше, алысып-жұлыспай:

Той болса, тон киелік, жүр баралық,

Бірімізді біріміз аңғаралық, –

деп, яғни: топтанып жүргенде бірімізге-біріміз бас-көз болайық, улап-шуламай бірімізді-біріміз тосып сөйлейік – деп отыр.

Шағатай жазуын татарлар – татарша, өзбектер – өзбекше, ұйғырлар – ұйғырша, қазақтар – қазақша мәнермен, бүкіл Шыңғыс империясындағы барлық ұлыс өкілдері өз ұлысының тілінде оқи береді, сонысымен де, шағатайша жазу үлгісі кең тараған. Екі ноқат, бір ноқат – бір сызықпен сүйретіле салады. Міне, осы ноқаттардың оқылуы қателіктерге әкеп соқтырады. Мысалы:

Аз білгенін – көпсінсе,

Көп қазаққа епсінсе,

Кімге тиер панасы? (1961.99; 1995.1.69), –

дегендегі «панасы» деген сөздің жалпы мағынасы түсінікті, яғни, «кімге тиер пайдасы» – деп отыр.

Ал, енді осы «панасы» мен «пайдасының» жазылуы араб қарпінде бір-біріне өте ұқсас. «Н» әрпі – бір ноқатпен (.), «й» әрпі – екі ноқатпен (..) жазылады. Ал, қолжазбада екеуі де бір сызықшамен (-) түзу тартыла салады. Мағыналық жағына келсек те, қазақы тіркесте «панасы тисін» демейді, өйткені, пана – көлеңке, ық, шатыр, баспана. Ал, біреудің – біреуге «пайдасы» тиеді. Сондықтан да, «Кімге тиер пайдасы?» – деп оқыған дұрыс сияқты. Ауызекі сөзде осылай айтылып та жүр.

«Бұлт – ала, жер – шола» (1961.111; 1995.1.86), «Аз жүрегін жалғайды» (1961.112; 1995.1.87) – дегендегі «шола», «аз» сөздерін корректуралық қате есебінде қарастырып, ешқандай түсініктемесіз «шала», «өз» деп жазса, сауаптан басқа аларымыз болмас еді.

Кей сөздердің жаңсақ оқылуы мағынаға ғана емес, Абайдың көркем ойлау жүйесін де бұлдыратып жібереді. Абайдың ұлылығының өзі осы көркемдік жүйесінің «қиыннан қиыстырылуында». Бір қисын: Абайдың өлеңдерінде «гүл» деген сөз – тура мағынасында да (өсімдік), ауыспалы мағынасында да  (жастық), сезім тұрғысында да («исің гүл аңқыған»), теңеу тұрғысында да (нәзіктік) қолданылады. «Біреудің кісісі өлсе, қаралы ол» атты өлеңнің той-думан, қызойнақ туралы айтылатын үшінші шумағындағы:

Күйеу келтір, қыз ұзат, тойыңды қыл,

Қыз таныстыр – қызыққа жұрт ыржаңшыл.

Қынаменде, жар-жар мен беташар бар,

Өлеңсіз солар қызық бола ма гүл? (1961.117;1995.1.92), –

дегендегі «гүл» сөзі осы арада шығарманың ішкі көркемдік кестесіне сай келе ме?

Әрине, «гүл» мен қыз ұзату, той-думан жарасып тұр. Бірақ, Абайдың емеуірінінің астарында басқа бір сарын бар. Ол «қынамендені», жар-жарды, беташарды қызықтап тұрған жоқ, «Өлеңсіз солар қызық бола ма құр» – деп тұр. Міне, Абайдың көркем ойының мағынасы енді ашылды.Ал, «г» қарпі араб әліпбиінде қолданылмайды, Байтұрсынұлының әліппесінің нәтижесі. Ендеше, Абайдың тұсында жоқ әріп бұл арада қайдан жүр? Бұл, жоғарыда айтқанымыздай, шағатайшаны ойтөте оқу әдісінің «жемісі». Төмендегі жаңсақ сөз соның бір «үлгісі» сияқты:

Құдай қосса, жұртымның,

Ақтармын осы жол сүтін (1961.128;1995.1.102), –

дегендегі «сүтін» деген сөз мүлдем мағынасыз тұр.

Мұны айтып отырған: ата-анасының ақ сүтін ақтайтын перзент емес, тамам жұртты ашса – алақанында, жұмса – жұдырығында ұстайтын, әлсіздерге – салғыртсып, күштілерге – шыбындап, «бар малын шығындап болыс болған», «Ылау» – деп, «Үй» – деп дікілдеп» тұрған, кәдімгі, «шынжыр балақ, шұбар төс» болыс. Ана сүтінен дәмететін жаста емес, ел де одан жақсылық дәме етпейді. Тек, жұрт: «Кәкір-шүкір, көр-жерді, Пайда көріп, ептеп, Арам мен адал деп бөлмей, құрастырып, септеп: «Ақтармын осы жолы үмітіңді», – деп «қайраттысып, қамқорсып» жүрген болыстан бір жақсылық болар – деп үміт етеді. Демек, «Ақтармын осы жолын сүтін» емес – «Ақтармын осы жолы үмітіңді» болуы тиіс. Қолжазбада, Шәкәрімнің «Ұмытылғанды» – «Мұтылған» деп жазатыны сияқты, мұндағы «үмітіңді» деген сөз «мүтіңді» деп қағазға түскен болуы керек. Ал, «с» пен «м» сүйретіліп кеткенде, екеуінің дыбыстық, әріптік айырмашылығын, жәй көшірмеші емес, көзі қарақты, мәтіннің мазмұнына бойлаған адам ғана ажырата алады. Сонда, дүниені арам-адалына қарамай былықтырып, шайнамай жұтып жүрген ауыз – «сүттен», ана сүтінен, ел сүтінен, адал астан дәме етпейтін болады.

Жаңылыс түскен сөздің бірі сол өлеңдегі:

Анұтұрғанмын өзім де,

Бір мінезбен өтпеймін.

Момындық күшті екенін,

Көрсем-дағы, күтпеймін.

Сияздан соң елімді,

Қысып алып кетпеймін (1961.130; 1995.1.104), –

дегендегі «бұл» мен «кетпеймін».

«Өзінің де антұрған» екенін білген «антұрған» болыс «бір мінезімен қайда өтпейді және елін қинап, «қысып», сүйкімі кеткен жексұрын болыс қайда «кетпейді»? Егерде «бір» мен «бұл», «кетпеймін» мен «кептеймін» сөздерінің жазылуы айырғысыз боп сүйретіліп жазылатынын ескеріп, бұл өлеңді:

Анұтұрғанмын өзім де,

Бұл мінезбен өтпеймін.

Момындық күшті екенін,

Көрсем-дағы, күтпеймін.

Сияздан соң елімді,

Қысып алып кептеймін,

деп оқысақ бәрі де орынына келеді.

Өйткені, еліне сүйкімі кеткен «антұрған» енді бұл мінезімен келесі сайлауда болыстыққа өтпейтінін біліп тұр. Сондықтан да, сияздан соң елін қайтадан қысымға алып, тағы «домбытып» жүріп   оларды өтірік уәдеге тойдырады, яғни, «кептейді».  Сөйтіп:

Әуелде көті бос кәпір,

Мықтыға неғып беттесін?

Жуанды қойып, жуасты

Біраз ғана шеттейді.

Ояз бардағы қылықты,

Ояз жоқта етпейді.

Кәкір-шүкір, көр-жерді,

Пайда көріп ептейді.

«Мынау – арам, тентек» – деп,

Еш кісіні теппейді.

«Өзімдік бол» – деп ел жиып,

Құрастырып, септейді.

Бұзақының бүлігін,

«Жақсы ақыл» – деп, «Құп» – дейді.

Осындағы:

Басым сотқа айналар,

Кірлі болып түскен соң (1961.131;1995.1.69), –

дегендегі «кірлі» дегеніміз кәдімгі «кір» емес, демек, оны «таза емеспін» деп түсінуге болмайды.

Бұл арада, басы істі болып, кінәсі таразы басына – гирге салынғаны мекзеліп тұр. Ал, Абай өлеңдері қаншама рет текстологиялық салыстырудан, сүзгіден өтсе де, барлық жинақтарда еш өзгеріссіз бірінен-біріне айна қатесіз ауысып жүрген:

Бұрынғыдай дәурен жоқ,

Ұлық жолы тарайды (1995.1.105), –

деген жолдағы «ұлық» сөзінің еш ғалымның көзіне түспегеніне таңмын. «Ұлық жолы тарайған жоқ», «ұрлық» жолы тарайды.

Абайдың құрылымдық, мазмұны, ырғақтық, буындық жағынан ғана емес, мағыналық жағынан астар мен емеуірін, кекесін мен ыза, сатира мен сарказм араласқан күрделі өлеңінің бірі – «Сегіз аяқ». Мұндағы образдардың дені ауыспалы мағынаға ие. Әр шумақ – өзінше күрделі, лықсытпалы ой мен ырғаққа құрылған. Сондықтан да, емілелік тұрғыдан да қиындық тудырады. «Сезі аяқ» туралы бұрын да пікір білдіріп едік. Бұл жолы бір-екі сөз бен ұғым туралы пікір білдірумен шектелеміз.

Жасқанып, қорқып,

Жорғалап, жортып,

Именсе елің – баптанбақ.

Қарғағанын – жер қылмақ,

Алдағанын –зор қылмақ (1961.141), –

дегендегі соңғы жолдағы: «зор қылмаққа» күдіктене қарап: алдаған адамын қалай зор қылады? Бұл арада жаңылысқан сөз бар, – деп шешкен ғалымдар, академиялық басылымда мұны: «Алқағанын зор қылмақ» (1995.1.113) – деп өзгертіпті. Неге өзгертілгені туралы түсінік берілмеген. Қатардағы қателікке қосса керек.

Біздің оймызша, сол түзету арқылы оқымыстылардың өздері қателікке, бұрмалауға жол берген. Өйткені, «Алдағанын – зор қылмақ» – дегендегі жаңсақ сөзді «алдағанынан» емес, «зордан» іздесе дұрыс болар еді. «Алдағанды» – «алқағанға» ауыстырғанмен, өлеңнің алдыңғы мағынасы бәрібір ашылмайды, әсіресе, сарказмінен айырылады. Түпнұсқадағы жазылымдағы «зор» мен «қордың» жазылуы бірінің үстіне бірін таңбалап басқандай ұқсас. «Қор» – екі, «зор» – бір ноқатпен жазылады. Оны бір сызықшамен түрте салғанда, өз қалауыңша оқуға болады. Бұл арадағы мәселені – мазмұндық қисын шешеді. Мазмұны сарказмге-ызалы кекесінге құрылғандықтан да, «алғыс», «рахмет» сөзін қолдану – абсурд. Сондықтан да, «алдағанын» – «алдаған» күйінше қалдыру керек. Мәселе, «зор» мен «қор» да. Енді, осы жолды: «Алдағанын – қор қылмақ» – деп оқысақ, кекесінді мазмұн ашылып, тіпті, тереңдеп кетеді. Яғни, «зәкүншік» залым елді қорқытқаны аздай, енді оны «алдағанының» үстіне «қорлайды», қарсы шыққанды қор қып жібермек. Абайдың айтайын деген ойы да осы болса керек – дейміз.

Осы арада, академиялық басылымдағы кейбір орынсыз өзгертулерді көріп, бұл өзгертулердің мақсатын, не себебін түсінбедік. Жоғарыда айттық, «Сегіз аяқ» – шындықтың өтін жарған сарказмге құрылған деп. Сондықтан да, ащынған Абай:

Ел аңдып сені,

Сен аңдып оны,

Қылт еткізбей бағып көр.

Ойнасшыл қатын болса қар,

Аңдыған ерде қала ма ар? (1961.140; 1968.1.104;1995.1.113), –

дейді.

Осындағы «ойнасшыл қатын» деген сөз анайы көрінсе керек, оны жұмсартқансып «ойнасшы қатын» деп өзгертіпті. «Ойнасшыл қатын» – атау сөз, ал «Ойнасшы қатын» – балама әрі жанама сөз. Алдағы басылымда, алғашқы нұсқа еш қарсылықсық өз орынына келу керек. Бұл – өтініш емес, кәдімгі талап. Ал мына:

Қулықты көргіш,

Сұмдықты білгіш,

Табылар кісі: «Жөн» – дерге.

Үш-төрт жылғы әдетің,

Өзіңе болар жендетің (1995.1.112), –

деген шумақтың мазмұнын суыртпақтап талдайықшы.

Қулықты, сұмдықты көргіш кісі табылады. Дұрыс, табылсын. Бірақ, қулық пен сұмдықты неге: «Жөн» – деп қостауы керек. Алдыңғы жолдарда: «Жұмыссыз сандал, еріксіз малды ал – деген кісі жоқ» – демеп пе еді? Мына керікеткен ақылман қайдан табыла кетті? Сөздің қисыны:

Қулықты көргіш,

Сұмдықты білгіш,

Табылмас кісі: «Жөн» – дерге, –

болса керек-ті, яғни, «жұмыссыздықты, барымтаны «Жөн» дейтін кісі табылмаса керек-ті.

Әлде, ұрлық-қарлықты, масылдықты «жөн» дейтін кісі табыла ма? Әйтеуір, Абайдың өзі «Жөн» демейді. Абайдың жинақтардағы басылым бойынша осы шумақ:

Үш-төрт жылғы әдетің,

Өзіңе болар жендетің, –

деп қорытылады, яғни: үш-төрт жылдан бері тапқан жаман әдетің, өзіңнің желкеңді қиятын жендетің болады – деп тұр ғой. «Өзіңе» емес, «өзіңнің» жендетің болады – дейді. Демек, бұл арада: «Кімге? – Өзіңе» емес, «Кімнің? – Өзіңнің» жендетің болады – деп тұр. Сондықтан да, бұл жолды:

Үш-төрт жылғы әдетің,

Өзіңнің болар жендетің, –

деп оқыса – бар мағына ашылып, септіктер өз орынына келер еді.

Тура осы тақылеттес, бірақ, одан көрі қисыны сұранып тұрған жаңылыс оқылған сөздің бірі:

Көмексіз көзің,

Бір жалғыз өзің,

Баға алмай, басың сандалар

(1961.140; 1968.1.104;1995.1.113), –

дегендегі «көзің» деген сөз.

Қарапайым ғана сұрақ: көзде көмекші бола ма?

Иә, кірпік көздің қарауылы. Бірақ, кірпік нені бағуға, неге сандалуға тиісті? Кілтипан, тағы да сол араб қарпінің жазылуындағы ұқсастықта және соны жаңылыс оқуда. «Кзн»-ді – «көзің» деп те, «кезің» деп те оқуға болады. «Е» мен «О»-ның басы қайырылып кеткенде, олардың айырмасы байқалмай қалады. Ендеше:

Көмексіз кезің,

Бір жалғыз өзің,

Баға алмай, басың сандалар, –

деп оқысақ, адамның көмексіз қалған кезіндегі сандалған жалғыздығы нақты көз алдыңа келеді.

Неге жалғыз? Өйткені, мұның себебі: «бауырына тартқан, сырын айтқан сырласы мұны жалғыз қалдырып, сырт айналған», енді мұның өзін аңдып жүр. Осы мазмұндас «Мәз болады болысың» атты өлеңдегі:

Ол: «Болдым-ақ» – дей берер,

Бұлғап қағып басқанға (1961.134), –

дегендегі «бұлғап» – бұлғап емес, «бұлғақ», яғни, «Бұлғақ қағып басқанға», екі жағына теңселіп басқанға деп жазылуы тиіс. Өйткені, адам аяғын «бұлғап баспайды», бұлғақ қағып жүреді.

Руза (Ораза ғой – Т.Ж.), намаз, зекет, хаж – талассыз іс,

Жақсы болсаң, жақсы тұт бәрін тегіс.

Бастапқы үшін бекітпей, соңғы төртті,

Қылмағанмен татымды бермес жеміс (1961.297; 1968.288), –

дегендегі «қылмағанмен» деген сөз бен өлеңнің мәтінінде үлкен қайшылық бар.

Мұндағы Абайдың «алдыңғы үшеуі» деп отырғаны – Аллаға махаббат, адамзатқа махаббат және Хаһ жолы. Егер осы үшеуін берік ұстамасаң, онда соңғы – ораза, намаз, зекет, қажылық парызы есепке алынбайды. Қылған құлшылығың текке кетеді – дейді. Ендеше, бұл екі жол сөзсіз:

Бастапқы үшін бекітпей, соңғы төртті,

Қылғаныңмен татымды бермес жеміс, –

деп оқылуы тиіс еді.

Академиялық басылымда осылай түзетіліпті. Енді осы үлгіні ұстану керек. Әйтпесе, «бастапқы үшеуін ұстасаң да татымды жеміс бермейді» деген ұғым туындайды. Бұл – текстологиялық тұрғыдан ғана емес, дүниені тануға қарсы ұғым. Осындай бір мағынасыздық: «Шыр айлан да, таза ойла, бір иманды» (1961.298; 1968.288), – деген жолдан да анық байқалады. Кім, неге, нені шыр айналады? Дұрысы: «Шын илан да, таза ойла». Бұған дәлел қажет емес.

«Қыздарға» арнаған өлеңдегі: «Жүгенсіз жүре бермек – сенің ырзаң (?)»–дегендегі «сенің ырзаң» тіркесінің мағынасы бұлдыр. Кімнің «ырзаңы», мүмкін бұл қос жолда Абай: «Сөзіңнің басы – ыржаң, соңы – қылжаң, Жүгенсіз жүре берсең  – сенікі заң» – дегісі келген шығар. Қалайда, мына арадағы «сенің ырзаң» – ырза етпейді; сондағы: «Бұрын кісім емес ең жалғыз шерткен» – деген жолдағы «жалғыз» сөзі де өзге мәтіннен ажырап, «жалғыз» тұр. Неге, нені «жалғыз шертіп» тұр? Жалғыздық шертіле ме? Домбыра, қобыз сияқты аспап емес қой. Қазақта, «сыр шертті, сырын шертті, сырын шертеді» деген тұрақты тіркес бар. Ендеше, бұл жолды: «Бұрын кісім емес ең сырым шерткен» – деп түсінеміз, ал, мәтінде солай өзгерту керек пе, жоқ па, ол –алқалы кеңестің мәселесі.

«Әбдірахман өлген соң өзіне айтқан жұбатуындағы»: «Каркиден пілдей қуатты, Тағы арыстан жүректі» – дегендегі «каркиден» деген сөздің мағынасы не? Академиялық басылымда бұл сөзден кейін үтір қойып, оның пілге қатыссыз, басқа бір қуатты хайуан екенін мекзеген. Бірақ, бұл үтір де мәселені шешпейді. Сонда, бұл «каркиген» не? «Қартайған пілдей қуатты» дегенге қисынбайды, өйткені, жас пілдің қуатты болатыны түсінікті. Ендеше, бұл сөз – жеке хайуанның аты емес, «тағы арыстан» деген сияқты пілдің мінез-тіршілігіне қатысты сөз. Пілдің салбурынға түскен кезі қалай аталады екен? Мысалы, бура – шабынады. Қалайда, «кәркиге» түсінік берген жөн. Содан кейінгі жолдардағы: «Аплатон, Сократ ақылды, Қаһарман Ғали білекті» дегенді –  «Апылатон, Сократтай ақылды, Қаһарман Ғали білекті» – деп оқыған лазым. Өйткені, Апылатон мен Сократтың ақылды екені онсызда белгілі, бұл арада Абай оқыған Әбішті «Апылатон, Сократтай ақылды, Ғали арыстандай білекті» – деп шендестіріп отырғаны анық.

Текстология және жазылым мәселесі тек қана абайтануға қатысты емес, ол Шекспир, Гете, Пушкин шығармаларына да тән. Қазір Шекспир мен Гетенің өзі жазған тілді ағылшындар да, немістер де толық түсінбейді. Орфография мен еміле өзгерген. Алайда, ол шығармалар сол тіл заңдылықтарының реформасына сәйкес дер кезінде түзетіліп, дұрысталып, жолға қойылған. Ал, біздің Абайға ешқандай тілдік реформа жасаудың қажеті жоқ. Тек, грамматикалық тұрғыдан сүзгіден өткізсе жеткілікті. Мысалы, бір сөзді – «және» деп жазып, ауызекі тілде «жәнә», «жана», не «жаңа» деп айту үрдісі қазір де бар. Ал, кітаби ақындарда, халықтық дастандарда мұндай мысалдар өте көп. Осының үш түрі де кездеседі. Оларды тізіп жатпай-ақ, Абайдың өзіне жүгінейік:

Бала туса, күзетер шылдахана,

Олар да өлең айтар шулап жаңа.

Бұрынғы жақсылардан өрнек алған,

Биде тақпақ, мақал бар, байқап қара (1961.117; 1995.1.92), –

деген шумақтағы «шылдахана» деген сөзді бүгінгі жазылымға лайықтап «шілдехана» деп жазуға ешқандай ғылыми кеңестің шешімінің қажеті жоқ. Бұған «Ұялма» – дегенің көңіл үшін» атты өлеңдегі:

Жалығу бар, шалқу бар, іш пысу бар,

Жаңа сүйгіш адамзат, көрсе қызар (1961.290;1995.2.106), –

дегендегі «жаңа» сөзі де жатады. Өлеңнің мазмұнының өзі «Және сүйгіш адамзат, көрсе қызар» деп тілге үйіріліп тұр.

Ал, «жаңа» сөзіне сәл аял жасаған дұрыс. Мәселе, ауызекі сөзде «жәнә», «жәна» деп айтылатын сөздің назар аударып тұрғаны, оның ұйқасқа тап кеп тұрғаны. «Шілдеханаға» бейімдеп «шулап жәнә», не «шулап жәна» десе – ұйқас бұзылып кететін сияқты да, ал «шулап жаңа» десе – ұйқас сақталатын сияқты. Менің пайымдауымша, «жаңадан» көрі халықтық, ауызекі сыпаттағы «жәнә» сөзі әлдеқайда өлеңге үйлесімді сияқты. Тіпті, орфографияны сақтағымыз келсе «және» деп жазайық. Қалай болған күннің өзінде, «жаңа» да ешқандай грамматикалық, мазмұндық жаңалық жоқ. «Бұл «жаңа» Абай өлеңдерінде сан мәрте, ал халық дастандарында тұрақты түрде ұшырасады. Тура осындай мысалға: «уддасынан шыға алмайсың» (1961.117; 1995.2.106) деген – кәдімгі «үдесінен шығу» дегенді білдіретін сөз жатады. Осы «үдеге», енді: «Күш, шама, шек. «Хадд» деген сөзден өзгерген болу керек», – деп араб, парсы тілінен түбір іздеп, әуре болудың қажеті шамалы. Корректуралық жаңсақтық ретінде ғана қарау керек.

Осы реттен алғанда, Абай өлеңдеріне берілген кейбір түсініктердің өзіне түсінік керек. Мысалы: «Кісі алдында кірбеңдеп, Шабан, шардақ және шау» (1961.127;1995.1.101) тарттың, – деген мағынадағы жолдардағы: «шардаққа» – дәрменсіз, «шауға» – тосырқап, тоқырап қалу» деп түсініктеме беріліпті. «Өз үйінде күндей күркіреген» адам неге сыртқа келгенде «дәрменсіз», «тосырқап, тоқырап» қалады? Ал, қазақы ұғымдық атауда: умасын май басқан, шат майы мен безі өскен, бір енді, талтаңдап, жүре алмайтын адамды –  «шардақ» дейді. Шау деген сөздің мағынасы –  тосырқау да, тоқырау да емес, бұл – тояттан бұзылған, бөтегесін май масқан, майлы еттен айныған зауықсыз құс, сонымен қатар шау тартқан кәрі құсқа қаратыла айтылатын атау сөз.

Тек осылай түсінгенде ғана, әрі «шабан», әрі «шардақ», әрі «шау» адамның образы көз алдыңа толық елестейді. Ал, «тосырқау» мен «дәрменсіз» деген түсінік беру арқылы, біз сондай шығымды обаразды «дәрменсіз» образға айналдырып отырмыз. Образды қойшы, онсыз да жетісіп тұрған кейіпкердің образы емес, сол образды ойлап тапқан Абайға обал. Осы шумақтан кейінгі: «Көрмей жүр ме қанталау?» – деген жолдағы «қанталауды» – «Ханталау» деп «х» әрпімен жазу керек. «Ханталау» – асық ойыны. Оны «Ханталапай» деп те атайды. Әйтеуір, «қан» емес.

Имамсыздық намазда,

Қызылбастар салған жол, –

дегендегі «қызылбасқа»: «Парсы жұртының аты» (1968.143) – деп жаңсақ түсінік берілген. Қызылбастар – парсы емес, тегі – түркі жұрты. Ол туралы ілгеріде толық түсінік берілген. «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін» атты өлеңдегі:

Бес-алты мисыз бәңгі күлсе мәз боп,

Қиналмай, қызыл тілім, кел, тілді ал, қой! ( 1961.145), –

дегендегі «бәңгі» сөзіне: «Меңіреу, көкми» – деп түсінік беріліпті.

«Бәңгі», «Пәңгі» – деп есектің айғырын айтады. Үйірге түсер алдында барлық «бәңгілер» тістерін ақситып күлген сияқты боп ақырып-бақырып, маңайды азан-қазан қып, ессіз күйге түседі. Егер байлауда тұрса жынданып та кетеді. Абайдың: «Бес-алты мисыз бәңгі күлсе мәз боп» – деп отырғаны да сол ессіз, дарақы күлкіге әуес, «бойы былғаңдаған орынсыз ыржаңның» «пәңгілері». Апиын құмар, нашақорлардың есірігін де, академиялық басылымда көрсетілген сол «пәңгілерге» теңеген. Абайдың атақты: «Ұстаздық еткен жалықпас, Үйретуден балаға» деген қанатты сөзі Академиялық басылымда: «Ұстадтық еткен жалықпас, Үйретуден балаға» – деп өзгертіліпті. Біздің ойымызша, «ұстазды» өз орынына қайтару керек. Өйткені, «ұстадтық» деген сөзді бәрібір қазақ оқырманы қабылдамайды.

Жазылуы ұқсас әріптер жаңылыс оқылған мына сөздерді түзетіп жазса, Абай өлеңдерінің мәтіні барынша жатық ұғылар еді.

Мысалы, «Сегізаяқтағы»: «Өз ойында – ар емес»-ті – «Өз ойына ар емес» деп; «Әз басыңа не пайда?»-ны – «Өз басыңа не пайда?» деп;

«Мен жазбаймын өлеңді» атты өлеңдегі: «Қиналмай, қызыл тілім, кел, тілді ал, қой!»-ды – «Қиналмай, қызыл тілім, қылтылды қой!» (Әрине, бұл сөз ойласуды қажет етеді. Бірақ, жазылу үлгісі ұқсас) деп;

«Қажымас дос – халық та жоқ» атты өлеңдегі: «Жау қожаңдап бұртайып»-ты – «Жау қыржыңдап бұртиып» деп; «Күнді өзімшіл ептінің»-ді – «Күнде өзімшіл ептінің» деп;

«Келдік қой талай жерге енді» өлеңіндегі: «Әзелде тәңірім сорлы етті»-ні – «Әуелде тәңірім сорлы етті» деп;

«Ата-анаға көз қуаныштағы»: «Көкірегіне көп жұбаныш»-ты – «Көкірегінде көп жұбаныш» деп;

«Көзімнің қарасындағы»: «Көңлімнің санасын» – «Көңлімнің сарасы» деп; «Бар демес (еш мағынасыз сөз – Т.Ж.) сендей бір»-ді – «Бар дей ме сендей бір» деп; «Дал түгіл басымды, Жолыңа берсем аз»-ды – «Мал түгіл басымды, Жолыңа берсем аз» деп;

«Ескілік киіміндегі»: «Бір келісті сайманым топқа мінер»-ді (құрал-сайманды адам мінбейді, қолға ұстайды, ал сәнді киіммен топқа кіреді, сондықтан да бұл сөзді) – «Бір келісті киімім топқа кірер» деп;

«Оспанға» арнаған өлеңдегі: «Ел тамағын, Жұрт азабын, Жеке тартқан кетті гүл»-ді – «Ел тамағын, Жұрт азабын, Жеке тартқан кетті ер» деп;

«Әбдірахманға Кәкітайдың атынан жазылған хаттағы»: «Сыйххатың (1995,1.215) қалқама, Бере көр, ия, рахым»-ды – «Сырқатың қалқама, Бере көр, ия, рахым» деп;

«Бойы бұлғаңдағы»: «Аш көмектің, Жемдемектің, Босқа әлектің орны жоқ»-ты – «Еш көмектің, Жемдемектің, Босқа әлектің орны жоқ» деп;

«Сағаттың шықылдағы емес ермектегі»: «Жыл жайылып, қартайып қылғаны бұл»-ды – «Жыл жиылып, қартайып қылғаны бұл» деп;

«Дүйсенқұлға» атты өлеңдегі: «Саудайы-ай, сауды алмадың-ау, сырқауды алып»-ты – «Құдай-ай, сауды алмадың-ау, сырқауды алып» (араб жазуында «қ» мен қатаң «с*»-тің қағазға түсуі бірдей – Т.Ж.) деп;

«Көк тұман – алдыңдағы келер замандағы: «Шырақтар, ынталардың «менікі» де»-ні – «Шырақтар, ынталарың «Менікінде» деп;

«Сұм дүние, тонап жатыр ісің бар мадағы»: «Демі қайтпас, бұзылмас тәтті бар ма?»-ны – «Дәмі қайтпас, бұзылмас тәтті бар ма?» деп;

«Менсінбеуші ем наданды» атты өлеңдегі: «Әринемен ел кетті»-ні – «Әрекемен ел кетті» – деп;

«Не іздейсің көңілімдегі...»: «Көп тәңірі атқан мақтай ма»-ны  – «Көп – тәңірі атқанды мақтай ма» – деп;

«Қайғы шығар ілімнен»-дегі: «Кейбіреуі дүрсіп жүр, Жер тәңірісіп кер мағыз»-ды – «Кейбіреуі дүрсіп жүр, Жер тәңірісіп кер маңыз»-деп;

«Антпенен тарқайды»-дағы: «Жұрт тағы мал жайды, Ой қылар бермеске»-ні – «Жұрт тағы мал жиды, Ой қылар бермеске» деп;

«Қатыны мен Масақбайдағы»: «Бүксиіп, Сексиіп, Түксиіп өлтірді»-ні – Бүксиіп,  сықсиып (?), Түксиіп өлтірді» деп; «Күлкі боп көргенге, Құрбыға қадірсіз»-ді – «Күлкі боп – көргенге» немесе «Күлкі боп көрінгенге» деп;

«Болды да партиядағы»: «Өсекке салмаңдар, ойымды, жарымды. Өлшеуге алмаңдар, Ойым (алдыңғы сөз қайталанып тұр – Т.Ж.) бек тарылды»-ны – «Өсекке салмаңдар, өзімді, жарымды. Өлшеуге алмаңдар, Ойым бек тарылды» деп;

«Құр айқай бақырғандағы»: «Бос жүріп құр қалған, Өміріңе кән бе екен?»-ді – «Бос жүріп құр қалған, Өміріңе тән бе екен?» деп;

«Қуатты оттай бұрқырапты» – әңгіме, көркем сөз, шабыт туралы болып отырғандықтан да: «Қуатты ойдан бұрқырап» деп;

«Өлсем орным қара жер сыз болмай мадағы»: «Жүрегіңнің түбіне терең бойла»-ны – бұл арада Абай өзі туралы айтып отырғандақтан да, міндетті түрде:  «Жүрегімнің түбіне терең бойла, Мен бір жұмбақ адаммын оны да ойла» деп;

«Ауру жүрек ақырын соғады жайдағы»: «Еркелік пен достықты ауру (Неге ауру көреді – ? – Т.Ж.) көрген»-ді – «Еркелік пен достықты ауыр көрген» деп;

«Ұялма» – дегені көңіл үшіндегі»: «Ар мен ұят ойланбай, тәнін асырап, Ертеңі жоқ, бүгінге болған құмар»-ды –  «Ар мен ұятты ойламай, тәнін асырап, Ертеңі жоқ, бүгінге болған құмар» деп;

«Көлеңке басын ұзартыптағы»: «Жай жүргенді уерд қылып, тыныш өлсеңші тегінде»-ні – «Жай жүргенді  дерт қылып, Тыныш өлсеңші тегінде» деп;

«Домбыраға қол соқпадағы»: «Жүрегім, соқпа, кел тоқта, Жас келер көзге жүр-жүрлеп»-ті (жас көзге неге жүр-жүрлеп келеді? Дірілдеп келеді. Сондықтан да, оның  араб әрпіндегі «ж» мен «д»-нің сүйкетіле жазылуы бірдей екенін де ескеріп – «Жүрегім, соқпа, кел тоқта, Жас келер көзге  дірілдеп» деп; «Сынық көңілім көп кешер (Нені кешеді –?–Т.Ж.), Майда қолмен сипасаң»-ды – «Сынық көңілім көп  өсер, Майда қолмен сипасаң» деп;

«Не іздейсің, көңілім, не іздейсің»-дегі: «Антұрған – көп пұл емес, Өлім барда қорлық жоқ»-ты – «Антұрған – көп  жолы емес, Өлім барда қорлық жоқ» деп;

«Жол көрмек, жоба білмек, жаһан кезбек, бой жеңбек, ер жігітке, ғылым таппақ» дегендегі «Бой жеңбектің» – «бой» мен «жеңістің» бұл араға қатысы қанша, басы артық сөз, оның мағынасы сөз соңындағы «ғылым таппақ» дегенмен астатсып жатыр. Демек, «жеңбек емес, «еңбек» болуы тиіс, ендеше онны...) – «Жол көрмек, жоба білмек, жаһан кезбек, Адал еңбек, ер жігітке, ғылым таппақ» деп – оқуды ұсынамыз.  Жоғарыдағы «Қылтыл» мен «Құдай-айдан» басқа сөздердің, грамматикалық тұрғыдан кеткен қате екендігі көрініп тұрғандықтан да, дәлел келтіріп, талдап жатуды артық санадық.  Бұл екі сөздің «сүйкетілмесін» тағы да анықтап, бір уәжге келуге болады деп ойлаймын.

Тұрсын Жұртбай, ғалым

Ескерту: Әр келтірген мысалдан (өлеңнен) кейін жақша ішінде Абай өлеңдерін қай басылымнан алып отырғаны көрсетілген.

Материалды көшіріп басуға болмайды!

Байланысты жаналықтар

Саясат Нұрбек: Ғалымдар мектептен шығады

06.03.2024

Қазақстанда «Шешім журналистикасы лабораториясы» жобасы басталды

28.10.2023

«Мұқанов Қонаевқа қарсы сөйледі». Совет үкіметінде тіл үшін күрес қалай жүрді?

10.02.2023

Алматыда Ахмет Байтұрсынұлының ескерткіші ашылды 

16.11.2022

Алаш идеясына кіндігімен байланған ер Қайым

03.12.2020

Академик Уахит Шәлекенов дүниеден озды

18.11.2020
MalimBlocks
Саясат Нұрбек: Ғалымдар мектептен шығады

Министрдің айтуынша, Астанада тұңғыш балаларға арналған ғылыми конференция өтеді.

Қазақстанда «Шешім журналистикасы лабораториясы» жобасы басталды

«Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қоғамдық қоры Ұлыбритания үкіметінің қаржылай қолдауымен «Шешім журналистикасы лабораториясы» жобасы жүзеге аса бастады.

«Мұқанов Қонаевқа қарсы сөйледі». Совет үкіметінде тіл үшін күрес қалай жүрді?

Қазақтың тілі үшін күрестің сонау Патша үкіметі кезінен басталғанын білесіз бе? Оның басында тағы да Алаш арыстары тұр.

Алматыда Ахмет Байтұрсынұлының ескерткіші ашылды 

Алаш идеясына кіндігімен байланған ер Қайым

Академик Уахит Шәлекенов дүниеден озды