Досым Сәтпаев: Қазақстанның Ресейді қолдағаны – өзін-өзі өлтіргені
Ресей сыртқы істер министрінің орынбасары Александр Панкин Еуразия экономика одағы Батыс санкцияларына қарсы бірігіп қарымта жауап қайтару мәселесін қарастырып жатқанын, "біріккен жауап" Дүниежүзілік сауда ұйымы аясында легитимді болуы керектігін мәлімдеді.
"Үшінші елдердің Еуразия экономика одағына қатысты доспейіл емес санкциялары күн тәртібіне қойылды, бұл мәселе қарастырылатын болады", - деді Панкин.
Бұл мәлімдеме Ресейдің Батыс елдерімен текетіресі ушығып, Беларусь журналист Роман Протасевич мінген ұшақты Минскіге мәжбүрлеп қондырған соң, Батыс Беларусь пен Ресейге қарсы санкцияларды күшейтіп жатқан тұста айтылды.
Қазақстан әзірге бұл мәлімдемеге ресми түрде жауап берген жоқ. Батыспен қарым-қатынасы ушыққан Ресейдің сыртқы саясаты Қазақстанның көпвекторлы сыртқы саясатына қалай әсер етеді? Мұндай жағдайда Қазақстан не істеуі керек? Саясаттанушы, Тәуекелдерді бағалау тобының жетекшісі Досым Сәтпаевпен осы сұрақтарды талқыладық.
– Ресей сыртқы істер министрінің орынбасары Александр Панкин "Еуразия экономика одағы аясында Батыс санкцияларына бірігіп қарымта жауап қайтару қарастырылып жатыр" деді. Жалпы, бұл мәлімдеме Қазақстанның кқпвекторлы саясатына қайшы емес пе? Ресейдің Батыспен қарым-қатынасының ушығуы біздің көпвекторлы саясатқа қалай әсер етеді?
– Ресей сыртқы істер министрінің орынбасары Панкиннің мәлімдемесі осыдан бірнеше жыл бұрын Ұжымдық қауіпсіздік келісімшарты ұйымы аясында сол уақытта осы ұйымның бас хатшысы болған Николай Бордюжаның мәлімдемесін еске түсіреді. Сол тұста Ресей мен Батыс қарым-қатынасы ушыққанда, Бордюжа Ұжымдық қауіпсіздік келісімшарты ұйымының мүшелерін Ресейге қолдау білдіріп, НАТО-ға қарсы бірігіп жауап беруге шақырған. Бірақ Қазақстан ол ұстанымды қолдамады. Өйткені бұл біздің саяси доктрина мен қорғаныс саясатына қайшы. Қорғаныс саясатында "Қазақстан өз қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін АҚШ, НАТО мен Еуропа елдерімен серіктес" деп жазылған.
Панкиннің мәлімдемесіне келсек, бұл таңғалатындай дүние емес, сарапшылар әу бастан "Ресей Еуразия экономика одағын геосаяси жоба ретінде қарастырады, оның мақсаты өз айналасына Ресей өзіне адал деп есептейтін мемлекеттерді топтастыру" екенін айтқан. 2014 жылы Ресей мен Украина конфронтациясы кезінде Мәскеу өз айналасына қолдаушыларды жинау қажеттігін түсінді. Яғни Мәскеу сол кезде Батыспен конфронтация ушыға беретінін ұқты. Ресей президенті Путиннің бұрынғы көшекшісі, сол уақытта билік басындағыларға бір табан жақын болған Владислав Сурков Ресейдің геосаяси жалғыздығы туралы айтып, 100, 200, тіпті 300 жылдық геосаяси жалғыздыққа дайындалу керектігін мәлімдеген. Ресей билігі 2014 жылдан бері Батыспен конфронтацияға бет бұрды, ал қазір біз соның жаңа толқынына куә болып отырмыз. Ресей Ұжымдық қауіпсіздік келісімшарты ұйымының мүшелерін алдағы уақытта Мәскеуді белсенді қолдауға шақыратыны анық.
Панкин дипломат ретінде Еуразия экономика одағының Батыс санкцияларына біріккен жауабы Дүниежүзілік сауда ұйымының ережеіне қайшы келмеуі керек деді. Бірақ оның "бірігіп қарымта жауап беру" туралы мәлімдеме жасауының өзі Ресей Еуразия экономика одағының мүшелерін Мәскеуді белсенді түрде қолдауға шақырып жатқанын көрсетеді. Алайда Қазақстан бірден Батыс әрекетіне қарсы ешқандай біріккен жауап бермейтінін, Ресей авантюраларына қатыспайтынын, Ресей мен Батыстың экономикалық және саяси текетіресін қолдамайтынын нақты ашып айтуы керек. Өйткені Батысқа қарсы бірігіп жауап берудің Қазақстан үшін көптеген экономикалық және саяси тәуекелі бар. Бұл – бір. Екіншіден, Қазақстан экономикалық қарым-қатынас туралы сөз қозғалғанда, еліміздің ең ірі сауда серіктесі Еуроодақ екенін ұмытпағаны жөн. Мұнайды ең көп көлемде сатып алатын – Еуроодақ. Өндіруші секторға ең ірі инвестициялар Батыстан келіп жатыр. Мұның бәрі Қазақстан үшін Ресейді қолдап, Батыспен конфронтацияға араласу өзін-өзі орға жығып, өзін-өзі өлтірумен бірдей екенін көрсетеді.
Батысқа қарсы бірігіп жауап берсек, онда Ресей де, халықаралық қауымдастық та Қазақстанды Ресейдің сателлиті деп қабылдайды. Яғни халықаралық қауымдастық бізді тәуелсіз ел деп қабылдамайды. Былайша айтқанда, олардың көз алдында Беларусь пен Лукашенконың ар жақ, бер жағы болып қаламыз.
Ресейдің "Батысқа бірігіп жауап берейік" деген бастамасын Минск қолдайтыны анық. Өйткені Беларусь те тура Ресей сияқты Батыспен конфронтацияда, беларусь шенеуніктері мен компанияларына қарсы санкциялар енгізіліп жатыр. Бірақ Қазақстанның Батыспен арада мұндай проблемасы жоқ. Оның үстіне Ресейдің Батыспен конфронтациясы салдарынан Қазақстан экономикалық тұрғыдан ұтылып жатыр. Өйткені Ресей экономикалық саясатын өзгертіп, импорттың орнын алмастыруға мән беріп, отандық бизнесті қолдап, Еуразия экономика одағындағы өзге әріптес елдерді өз нарығына жібермес үшін түрлі кедергілер келтіріп жатыр.
Тоқаев былтырдан бері Еуразия экономика одағы жиындарында қолдан жасалатын кедергілер туралы ашық айтып, бұл бәсекеге тосқауыл екенін, сәйкесінше одақ принциптеріне қайшы келетінін айта бастады. Сондықтан Қазақстан билігі 2014 жылмен салыстырғанда қазір Еуразия экономика одағына реалистік тұрғыдан қарай бастады. Қазақстан эмоцияға салынып, осы одаққа кірді. Бұл Еуразия одағын мен құрдым, ол тиімді аймақтық жоба деп есептейтін алғашқы президенттің эмоциясы еді. Сол уақытта бұл жобадан Қазақстан ұтады деп әспеттелді. Бірақ сарапшылар сол кезде-ақ бұл бізді тұңғиыққа батыратын кеме екенін бірден айтқан.
Бұл тұрғыда Еуразия экономика одағына мүше болмай, тек бақылаушы болған Өзбекстан мысалын айтуға болады. Өзбекстан жетекшілігі Еуразия экономика одағындағы проблемаларды көрген соң, оған мүше болу саяси және экономикалық тәуекелдер төндіретінін түсінді. Сөйтіп, ақылға салып, одаққа толыққанды мүше болмады.
Енді Ресейдегі ресми тұлғалар бізге қарата "бір кемедеміз, кемедегінің жаны бір, бір бағытқа қарай жүрейік" деген емеурін білдіріп жатыр. Бірақ олардың бағыты Қазақстан бет алған жағалауға қарама-қарсы.
– Батысқа қарсы бірігіп жауап беру кулуарлы түрде талқылануы мүмкін дедіңіз. Ресейдің бұл ретте Қазақстанға қысым көрсететін тетіктері бар ма?
– Ресейдің Қазақстанға қысым көрсететін белгілі бір тетіктері бар. Ресейге мигранттары барып жұмыс істейтін, Ресейге экономикалық тәуелді Қырғызстанмен немесе Өзбекстанмен салыстырғанда, Мәскеудің Қазақстанға қысым көрсету тетіктері азырақ. Бірақ біздің де әлсіз тұстарымыз бар. Қазақстан мұнайы Еуропаға Ресей арқылы тасымалданатынын ұмытпаған жөн. Біз Каспий құбыр консорциумына мүшеміз. Бірақ Ресей бұл тұрғыдан қысым көрсетсе, онда Қазақстанда мұнай өндіретін, Каспий құбыр консорциумына мүше Ресей компаниялары да зардап шегеді. Сондықтан Ресей өз қолын өзі кеспейді. Осы себепті Қазақстанның мұнайды Батысқа экспорттауына Ресейдің кедергі келтіруі екіталай. Себебі ол Ресейдің өзіне тиімсіз.
Ал Еуразия экономика одағы ішінде кедергі келтіріп, Қазақстан тауарларының Ресей арқылы Батыс елдеріне өтуіне немесе керісінше Батыс тауарларының Ресей арқылы Қазақстанға импортталуына кедергі келтіру сияқты әрекеттер біз үшін таңсық емес. Оны 2014 жылдан бері көріп жүрміз. Арасында кей кедергілер жойылады, тосқауыл алынады. Бірақ Еуразия экономика одағы құрылғалы бері Ресей отандық тауар өндірушілер мен экспортерлерге кедергі келтіретініне Қазақстанның еті үйреніп кеткен. Ал егер Ресей Еуразия экономика аясында Қазақстанға қысым жасау үшін кедергі келтіруді күшейтсе, бұл Еуразия экономика одағының принциптеріне қайшы. Сондықтан Ресейдің Қазақстанға дәл Өзбекстан немесе Қырызстанға тәрізді қысым көрсететін тетіктері бар деп айта алмаймын.
Қазақстан НАТО мен Ресей конфронтациясы кезінде Ұжымдық қауіпсіздік келісімшарты ұйымында Мәскеуге қолдау білдірмегені тәрізді, қазір де тура солай әрекет етіп, сол ұстанымды қайталайды деген үміт бар. 2015 жылы Түркия Ресейдің әскери ұшағын құлатып түсіргенде, Ұжымдық қауіпсіздік келісімшарты ұйымында Армения өкілі сол ұйымның барлық мүшесі Ресейді қолдайды деп мәлімдеген еді. Сол уақытта Беларусь, Қазақстан мен Қырғызстан біріккен мәлімдеме жариялап, Армения өкіліне ондай мәлімдеме жасауға өкілеттілік бермегенін, бұл қақтығыста үш ел Түркияға не Ресейге жақ болмағанын және Түркиямен текетіреске бармайтынын жеткізген. Қазақстан бұл жолы да ұстанымын айқын білдіреді деп үміттенемін. Оның үстіне Панкин бұл күрделі мәселе, ол жария түрде талқыланбайтынын, бұл туралы қоғам ақпараттандырылмайтынын айтты. Яғни бұл Еуразия экономика одағы мүшелерінің бәрі Ресейді қолдамағанын білдіреді. Бәлкім, Қазақстан қолдамаған болуы мүмкін.
Ал Еуразия экономика одағы мүшелерінен Ресейді Беларусь пен бәлкім, ішінара Қырғызстан қолдайтын шығар. Өйткені Қырғызстанның экономикалық ахауалы ауыр, Ресейден қолдау күтеді.
– Қазақстан бұл жағдайда қалай әрекет етуі керек? Ресейге қолдау білдірмейтінін ашық мәлімдемеуі керек пе?
– Батысқа бірігіп қарымта жауап беру туралы келіссөз кулуарлы түрде жүреді. Меніңше, бұл жерде бірнеше сценарий бар. Біріншісі бойынша, Қазақстан Ресейге бірден Батысқа қарсы бірігіп жауап бермейтінін кесіп айтады. Екінші нұсқа бойынша, егер бұл Қазақстанның көпвекторлы саясатына қайшы келмесе, Қазақстан Ресейдің кейбір шарасын ішінара қолдауы мүмкін. Ал үшінші нұсқа бойынша, Қазақстан халықаралық қауымдастық пен Панкиннің осы мәлімдемесіне алаңдап отырған ішкі аудиторияны тыныштандыруға тырысып, ресми мәлімдеме жасайды. Ең дұрысы, Қазақстан жетекшілігі немесе билік өкілдері Қазақстан көпвекторлы саясат ұстанатынын, бірінші кезекте Қазақстанның ұлттық мүддесін алдыңғы орынға қоятынын айтып, ресми мәлімдеме жасауы. Бұл, біріншіден, Қазақстанның тәуелсіз ел, Ресей сателлиті емес екенін халықаралық қауымдастыққа көрсететін сигнал. Екіншіден, ел ішіне берілген сигнал. Үшіншіден, Қазақстан ресми деңгейде Ресеймен әріптес екенін мәлімдеп жүрсе де, Ресеймен әріптестікті өзіне зиян келетін, қосымша экономикалық және саяси тәуекелдер тудыратын тұрғыдан қарастырмайтынын Мәскеуге жеткізер еді. Яғни кулуарлы әңгімеден гөрі ресми мәлімдеме жасау дипломатиялық және саяси тұрғыдан сауатты. Екінші жағынан бұл бізді аяқтан шалмау үшін маңызды. Яғни біз үнсіз қалып, ал Ресей немесе Беларусь өкілі біз Батысқа қарсы біріккен жауапты қолдаймыз деп бізді аяқтан шалмас үшін, осындай дүниелердің адын алу үшін ресми мәлімдеме керек.