Алтын сырнай (адыгей ертегісі)

Malim Админ

  • 25.03.2020

Ағайынды үш мерген бар екен. Бірде кешке күндегі әдеттері бойынша, аң қарап, тоғайға аттаныпты. Қалың нуға кіргендері сол, алыстан жылтырап от көрінеді. «Бұл неткен от?» – деп таңырқаған мергендер ат басын солай қарай бұрады. Келсе, даладай кең үңгір. Үңгірдің ішіне кірсе, көркінен көз жасқанған үш сұлу қыз отыр.

– Уа, кімсіңдер, перизаттар? Мұнда қайдан келдіңдер? Біз бұл тоғайда аң қаққалы көп жылдың жүзі болды, бірақ күні бүгінге шейін жан адамды көрген емеспіз, – дейді сұлуларды көріп, сілейіп біраз тұрған мергендер.

– Біз жақын маңдағы ауылданбыз, гүл тере келген едік, тоғай иесі ұстап алып, осында әкеп, қамап қойды. Өзінің кеспірінен жан шошырлық, үсті-басын сабалақ жүн басқан, мойнына салақтатып, балтасын іліп жүреді. Жуырда сол пәлекет өліп, үңгірдің аузын бекіткен тасты сырғытып, ашып алғанбыз, алайда қалай қарай жүрерімізді білмей отырмыз. Иманжүзді жан көрінесіңдер, мына тоғайдан жол тауып шығуға көмектесіңдер, – дейді қыздар жамырасып.

Ару қыздар жігіттерге ұнап қалады да, мергендер сөз салып байқамаққа бекінеді. Сөзді іштеріндегі жасы үлкен ағалары бастайды:

– Менің жарым бол, сұлу қыз! – дейді ол қыздардың ересектеуіне қарап.

– Мен саған адал қосақ боламын! – деп уәде айтады қыз. – Жыл сайын бір ұл, бір қыз тауып беремін.

Бауырлар осылайша рет-ретімен сөйлеп, қыздармен сөз байласады. Екінші қыз ортаншы мергенге жыл сайын жарты шашы сары алтын, жарты шашы ақ алтын қыз тауып отыруға, – үшінші қыз кенже мергенге жыл сайын батыр ұл сыйлауға серт береді.

Жігіттер қыздарға үйленіп, қамсыз-қайғысыз тұрып жатады.

Ертегінің аудионұсқасын тыңдасаңыз да болады

Уақыт оза қыздардың үлкені ғана уәдесін орындап, қалған екеуінің айтқандары келмейді. Аға мергеннің әйелі босанған кезде ағайындылар үйде жоқ еді, соны пайдаланған күншіл  келіншек үріп ауызға салғандай екі сәбиді қамыс сандыққа жасырып, сандықтың қақпағын жабады да, өзенге атып жібереді. Талқысып жатқан үлкен келіншектің бауырына екі күшік әкеліп тастайды.

Ағайынды жігіттер аңнан келгенде, әлгі келіншек қайқаңдап алдыларынан шығып, босанған әйелдің жайын айтады. Әйелінің күшік тапқанын естіп, қорлана күйінген аға мерген оны сүйреп апарып, қораға қамап қойыпты.

Сандық ағыспен ағып отырып, бөтен ауылдың тұсына келгенде жағаға шығып қалады. Әлгі ауылда балалары жоқ бір кемпір-шал бар еді. Кемпір су ала өзенге барғанда сандықты көріп, қақпағын ашса, ай мен күндей ұл мен қыз жатыр. Көктен тілегені жерден табылған кемпір қуанып, балаларды етегіне орап, үйіне әкеледі. Ұлға –Шерім, қызға –Бабух деп ат қояды.

Арада талай жыл өтіп, ұл өсіп, солқылдаған сымбатты бозбала болады, –қыз өсіп, ажарымен қараңғы үйді жарық қылар ару бойжеткен болады.

Күндердің күнінде шал ажалының жеткенін біліп, Шерімді шақырады:

– Енді аз уақытта қайратың толып, нағыз батыр боласың, сол кезде мінер тұлпарың ат қорада  тұр, ердің қасына сауыт-сайманыңды іліп қойғам, – дейді. Сүй дейді де жанын хаққа тапсырады.

Көп ұзамай кемпір де тұзының таусылғанын сезіп, Бабухты оңаша шақырып, темірмен құрсауланған үлкен сандықты ашып көрсетеді, сандық тола небір қымбат, асыл киім, сырға-сақина, алқа-білезік екен. Бұдан кейін кемпір де қайтыс болыпты.

Асырап алған ата-анадан айрылып, Шерім мен Бабух жалғыз қалды. Шерім күн көріс үшін аң ауламаққа бел байлады. Тұлпарын алып шығып, алтынды ер-тоқымын салып, қару-жарағын асынады да, тоғайға тартып кетеді.

Тоғайда үш мерген жүр екен. Қаумалап, бір бұғыны ата алмай, әуреге түсулі. Бұғы айнала қашып, тигізбейді. Шерім мұны көріп, бұғыны тұра қуып, адымын жаздырмай, жетіп барады. Аңтарылған үш мергенге назар да аудармай, өте шығады.

Келесі күні де осылай болады.

Таң-тамаша болған мергендер Шерім үшінші күні де әдепкі ісін қайталап, жандарынан өте бергенде дауыстап тоқтатыпты:

– Ау, қарағым, – дейді аға мерген, – келбетіңді көріп, көзіміз сүйсінді, қайратыңды көріп, көңіліміз сүйсінді. Менің ұлым жоқ еді, ұл орнына ұл болуға қалайсың?

Сонда Шерім:

– Егер көңіліңіз шын ауса, аталық мейіріңіздің садағасы кетейін. Жүрегіңізге қаяу, сүйегіңізге таңба түсірмеске серт етемін, – деп мергендерге еріп, ауылын барады.

Шерімді бір көргеннен жүрегі майдай еріген мерген – әкесі болатын, оның жанындағы екі мерген інілері еді.

Мергендер албарға кіріп, аттарынан түсіп, үйге қарай аяңдайды. Шерімнің шешесі сол күнге дейін тас қорада жатады екен, өтіп бара жатқан баланы сығалап көріп, өз баласы екенін бірден таниды.

– Құдай-ау, мынау менің құлыным ғой. Бұның қарындасы болуға тиіс, –деп еңіреп жібереді.

Қапастағы мүскінннің туған анасы екенін біліп, қуанған Шерім оны тас қорадан босатып, қонақ үйге әкеліп, қарындасына кісі жіберткізеді.

Келіндерінің зұлымдығына көзі жеткен аға мерген  шу асаудың құйрығына байлайды. Күншіл әйел парша-паршасы шығып, қарға-құзғынның жемсауын толтырады.

Кіші келіннің әкпесі – жерді құртқан жәдігөй екен. Шерімнен сіңілісінің кегін аулға ант ішіпті. Бір күні Шерім аңға кеткенде барын киіп, байлауышын салып, Бабухқа келеді. Келсе, жалғыз өзі алағызған Бабух көзі қаймыжықтанып, қамығып отыр екен.

– Иә, байғұсым, неге жылайсың? – дейді жәдігөй майда дауыспен. – Тәрізі, жалғыздық жаныңа батқан ғой. Егер ағаң сені жақсы көрсе, екі жартастың арасына жасырылған алтын сырнайды әкеп бермес пе еді. Сен сол сырнайды ойнап, басылған көңілің көтерілмес пе еді. Әрине, сырнайды қолға түсіру оңай емес, бірақ Шерім батыр ғой. Жалғыз қарындасы үшін ештеңеден тайсала қоймас.

Шерім аңнан оралғанда Бабух оғам кемпірден естігенін айтып, сиқырлы сазы бар алтын сырнайды әкеп беруді өтінеді.

Шерім тұлпарына мініп, жолға түседі. Бұл тұлпар адамның тілін түсініп, өзі де сөйлей алса керек. Қалбиған алып жартастарға жақындағанда тұлпардың астыңғы еріні қыбырлап, үстіңгі еріні жыбырлап, Шерімге тіл қатады:

– Шерім, біз қазір қос жартасқа жетеміз. Бұлар сәт сайын ашылып, сәт сайын жабылып  тұрады, арасында қалған нәрсені үгітіп жібереді. Олар ашылған кезде сен менің аузыма бір жапырақ нан тастап, бар пәрменіңмен үш рет қамшы бас. Мен құстай ұшып өте шығамын, сен сырнайды бас салып, басымды кері бұр, – дейді.

Шерім тұлпардың айтқанын айна-қатесіз орындайды. Тұлпар ажалды жартастардың арасынан желдей суылдап өтеді, Шерім сырнайды қармай салып, кері бұрылады. Бұлар да қанды араннан шығады, жартастар да гүрс етіп қайта жабылады, тұлпардың құйырығы сәл ғана ілінбей қалады.

Сөйтіп Шерім жанынан артық көретін жалғыз қарындасына алтын сырнайды әкеп береді. Сырнай саф алтыннан мінсіз жасалған. Көрігінен күмбірлей төгілген дыбыстар естіген жанның еркін алып, ауры-сырқауын, шер-шеменін ұмыттырып жіберетін.

Бабухтың қабағы жазылып, көңілі қуанышқа, көкірегі күйге толады. Тәтті әуенге тау елжіреп, тас балқиды. Шерімді өлдіге санап келген жәдігөй Бабухтың қолындағы таңғажайып сырнайды көріп, көгеріп кетеді. Самбырлап сөйлейді:

– Сырнайың сырнай-ақ екен, – дейді. – Тек бұны қолға түсіру оңайдың-оңайы, – дейді. – Ал мына таудың арғы бетінде жеті батыр тұрады, жетеуінің ортасында жалғыз қарындастары бар. Әлгі қыздың бағында бір таңғажайып алма ағашы өседі, бір күнде бүр тастап, гүлдеп, алма береді. Ондай тәтті алма бұ дүние тұрғай, о дүниеде жоқ. Егер Шерім сені шын жақсы көрсе, сол алма ағашты сенің бағыңа әкеп отырғызар еді, алма ағаштың иесі – сұлу қызды саған күтуші етіп қояр еді, – дейді.

Шерім аңнан оралғанда Бабух оған таңғажайып алма ағашы жайлы айтып береді.

Қайтпек керек? Қиыла сұраған қарындасының қолқасына бола Шерім тұлпарына ер салады. Таудан асып, ағайынды жеті батырдың үйіне барады. Алма ағашты тамырымен білдірмей қопарып, қызды алдына өңгеріп, тұра қашады. Алайда қыздың жеті ағасы бастырмалап қуып, байлап алады. Апарып зынданға тастайды. Тек Шерімнің тұлпары ұстатпай, алдына келгенін тістеп, артына келгенін теуіп, сытылып кетіпті.

Бос келген тұлпарды көріп, қауіп ойлаған Бабух:

– Жылқыда адал жануар. Жан ағам менің қайда? – деп жөн сұрайды.

Тұлпар айтады:

– Жан ағаң жаттың қолында. Құтқарам десең, алтын сырнайды алып, маған мін. Жеті батырдың жеріне апарып, олар жүретін сүрлеуге отырғызамын. Сен сырнай ойнаған кезде батырлар күй тыңдауға сыртқа шығар, сонда Шерімге азаттық сұрарсың, – дейді.

Бабух тұлпардың айтқанын айна-қатесіз орындайды. Үй алдындағы сүрлеуге отырып, бар қайғысын төгіп, бар өнерін салып сырнайды аңырата жөнеледі. Бұл уақытта жеті жігітке қарындасы су әкелуге тысқа шыққан еді. Бабухтің нәзік те мұңды, көңіл тербетіп, жүйке босатқан күйіне елтіп, шелегін жерге қойып, қимылсыз қалып тыңдайды.

Жеті батыр әр отырады, бері отырады,  қарындасы жоқ. Тағы неге ұрынды деп қобалжып, іштеріндегі кенжесін біліп келуге жұмсайды. Кенже батыр қалшиып отырған қарындасын көріп:

– Неғып отырсың, жүр үйге, – дейді. Сол заматта құлағына тылсым әуез жетіп, тұрған жерінде қатып қалады. Оның артынан екінші, екіншінің артынан үшінші..ақыры жеті батыр тегіс жиналып, қыбыр етпей, Бабухтың күйін тыңдайды. Кенет Бабух қалт тоқтайды. Әсем әуенге арбалып қалғандай мелшиіп отырған ағайындылар салбыраған бастарын көтеріп:

– Құдай үшін, тағы тартшы, құлағымыздың құрышы қанбай қалды, – деп жалынады.

– Сендер қанша қаласаңдар, сонша күй тартып беремін. Тек ағамды босатыңдар, – дейді Бабух.

Сырлы сазды қайта естуге құмартып, дегбірі қашқан жеті жігіт Шерімді қамаудан босатып, өздерінің айдай сұлу қарындастарына қосады, жасауына ғажайып алма ағашты береді.

Бабух ағайынды батырлардың құмары қанғанша, сырнайын құйқылжытып толғайды. Содан соң араларындағы өзі ұнатқан ағайынның біріне тұрмысқа  шығады.

Сендер де Бабух пен Шерімдей мұңсыз болыңдар!

Аударған Ғалым ДОСКЕН.

«Алтын сырнай» әлем ертегілер кітабы,

"Өнер" баспасы, 1992 жыл

Ертегі аудармашының рұқсатымен, сайт редакциясында қайта теріліп, жарияланды.

Көшіріп басуға тыйым салынады!

Байланысты жаналықтар

Қазақстанда «Шешім журналистикасы лабораториясы» жобасы басталды

28.10.2023

Алматы. "Қуатты өңірлер" бірнеше бағытта дамиды

21.09.2022

Тарысы піскеннің тауығы: Боранбаев «асыраған» әртістер

09.04.2022

Дәулетжан МАХМҰТ. Сырға

16.06.2021

Бекен ЫБЫРАЙЫМ. Қала шетіндегі үй (Жалғасы)

03.04.2021

Айдында жүзген ақ желкен

08.03.2021
MalimBlocks
Қазақстанда «Шешім журналистикасы лабораториясы» жобасы басталды

«Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қоғамдық қоры Ұлыбритания үкіметінің қаржылай қолдауымен «Шешім журналистикасы лабораториясы» жобасы жүзеге аса бастады.

Алматы. "Қуатты өңірлер" бірнеше бағытта дамиды

Тарысы піскеннің тауығы: Боранбаев «асыраған» әртістер

Олар Қайратты «Құдай берген таланттың ұшқынын көруші» дейді.

Дәулетжан МАХМҰТ. Сырға

Кинозалдың есігін ептеп ашып ішке кірдім, сабақ басталып кетіпті.

Бекен ЫБЫРАЙЫМ. Қала шетіндегі үй (Жалғасы)

Айдында жүзген ақ желкен