Ұлттық қордан алынатын қаржы кедей-кепшікке жете ме?

  • 30.03.2020
  • Malim Админ

Үкімет төтенше жағдай кезінде жәрдемақы алатындардың тізімін кеңейтті. Бірақ үкімет табысынан қағылғандарға жәрдемақы төлейтін ақшаны қайдан алмақ? Дағдарысқа қарсы шараларға бөлінетін ақшаның бір бөлігі Ұлттық қордан алынатын болыпты.

Дағдарысқа қарсы шараларға бөлінетін 4 триллион теңгенің 1,8 триллионы Ұлттық қордан алынбақ. Мұны үкіметтің дағдарысқа қарсы жоспарын тәпсірлеп түсіндіріп жүрген ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев айтты. Бұған дейін онлайн брифингтердің бірінде Ұлттық қордан ақша алынбайды деп айта салған министр кеше онысын түзеп, бұрыс ақпарат таратқанын мойындады. "Сіздерге бұрыс ақпарат беріппін, сол үшін кешірім сұраймын", - деді Абаев.

Расында да, үкімет бұған дейін тек орта, шағын және микробизнесте жұмыс істеп, уақытша жұмыссыз қалған азаматтарға ғана бермек болған. Оның өзінде жәрдемақыға соңғы 12 айдың ішінде 3 ай мемлекетке салық төлеп, зейнетақы қорына жарна аударғандар ғана іліне алатын еді. Оны былай қойғанда, жұмыссыз қалғандардың жұмыс берушілері құжаттар құнттап, тиісті орындарға тиіс болатын.

Жұрттың "үкімет 42 500 теңгенің өзін көп көріп, оны алуды қиындатып жіберді" деген сын құлақтарына жетті ме, әйтеуір өткен аптаның аяғында үкімет бұл тәртіпті өзгертіп, жәрдемақы алушылардың тізімін кеңейтті. Енді әлеуметтік сақтандыру қорына бір жыл ішінде бір ай ғана төлем аударған жеке кәсіпкерлер, азаматтық келісімшартқа отырған фрилансерлер, ірі бизнес өкілдері де жәрдемақы ала алады. Абаевтың айтуынша, бұл азаматтардың табысынан айырылғанын растауы, жұмыс берушінің олардың атынан өтініш беруі шарт емес. Жәрдемақыға үкіметтің электронды порталы арқылы өтініш түсірсе жеткілікті. Бірақ үкіметтің шарты сол, 12 ай ішінде ең болмағанда бір мәрте зейнетақы қорына жарна аударуы тиіс.

Тоқаев жәрдемақы тағайындау ережесі өзгермей тұрғанда оны табысынан айырылған 1,5 миллион адам алады деп болжаған. Енді ереже өзгерген соң, 42 500 теңгеге қанша адамның үмітте екенін биліктегілер ашып айтпады. Бізге жәрдемақы алу ережесі өзгермей тұрып сұхбат берген тәуелсіз әлеуметтанушы Камила Ковязина елде 1,4 миллион адам көлеңкелі жұмыс істейтінін, яғни салық пен зейнетақы жарнасын аудармайтынын айтқан. Мұны әлеуметтанушы кезінде еңбек және әлеуметтік қорғау министрі қызметін атқарған Мадина Әбілқасымованың сөзіне сүйеніп келтірген. Яғни бұл адамдар тіркелмеген кәсіпорын, сауда орындары, қызмет көрсету саласы,  ауыл шаруашылық кәсіпорындарында немесе ресми тіркелген ұйымдарда еңбек келісімшартынсыз жұмыс істеп, ешқандай әлеуметтік төлем аудармайды. Осылайша көлеңкелі жұмыс істеп жүрген бұл халық бәрібір үкіметтің көмегінен сырт қала бермек.

Фото: Асылхан Әбдірайым

Байланысты жаналықтар

Цой айтпаған цифрлар шошытады

17.07.2020

Әлеуметтік желідегі дүңген дауы

08.02.2020

"Шымбұлақта" балаларға шаңғыны тегін үйретіп жатыр

11.03.2021

Қазақтар мінген қымбат яхта Италияда өртенді (видео)

27.08.2020

"Тоқаев үстемақыны ұпай жинау үшін айтқан жоқ шығар?"

16.06.2020

Коронавирусқа шалдыққан шенеуніктер

11.03.2020