Шыншыл Свэн (дат ертегісі)

Malim Админ

  • 02.04.2020

Өткен замандарда Данияда бір шаруа болыпты. Шаруаның үш ұлы бар екен. Үлкен ұл мен ортаншы ұл әкелерін азғырыпты: «Бүкіл мал-мүлкіңді бізге өсиет етіп қалдыр», депті. Екі ұлдың алдауына түскен аңғал шал өлер алдында ғана кенжесі Свэнді есіне алыпты.

Свэнді қасына шақырып:

Свэн, жарығым, шайтан шатастырып, саған қиянат жасадым. Жиған-тергенімнің барлығын анау екі ағаңа тастап барамын. Мынау ескі қолғабым мен аталық батамнан басқа саған қалдырар түгім жоқ, депті.

- Қайтеміз, әке, депті Свэн, осыған рақмет. Қолбағың қыста қолымды жылытар, ал атаның батасы алтыннан қымбат емес пе?!

Көп ұзамай әкесі көз жұмады.

Свэн садағын асынып, қылышын байлап, флейтасын қалтасына салып, әкесінің көнетоз қолғаптарын белбеуіне қыстырып, ағаларымен қоштасады да, бақытын іздеп, жолға шығады.

Ол шығысымен екі ағасы қызыл кеңірдек боп керілдесіп, қызыл шеке боп төбелесіп, әкеден қалған азғантай мұраға таласады. Свэн болса, өлеңін айтып, флейтасын тартып, қала кезіп, қыр кезіп кете береді.

Көктем шығып, күн елжіреп, қардың көбесі сөгіледі, таудан құлаған қасқа бұлақтар құлдыраңдай жүгіреді. Шуақты аспан мен бусанған жердің арасын бозторғай әні кернейді.

- Осы бозторғайдың, әнін флейтаға салып көрсем қайтеді,деп Свэн бұлақ жағасындағы қой тасқа жамбас басып, қалтасынан флейтасын суырады.

Флейтасын ерніне апарып, күн сәулесіне қуанған бозторғайдың шырылын күймен шығарады. Сол-ақ екен, Свэннің күйіне еліккен тәж-балықтар асыр салып, суда ойнайды, құстар ұшып келіп, иығына, қалпағына қонып, селт етпей, сиқырлы әуенді тыңдайды.

Свэн құлазыған кезде флейтасын тартып, қарыны ашқанда садағымен қоян атып, отқа қақтап жеп жүреді. Бытысқан ну тоғайға кіргенде, қылышымен құлаштай шауып жол ашады.

Қас қарая шаруа қыстақтарына бұрылып, сауық тілеген қыз-бозбалаға флейта ойнап, көңілдерін көтереді. Олар оған шарабы мен сырасын беріп, құрметтеп түнетіп жібереді екен.

Ертегінің аудио нұсқасын тыңдауыңызға болады

 Осылайша Свэн әні-күйі, шат күлкісі сарқылмай, оңтүстікті бетке алып зулап келе жатады. Оған жолыққан жұрт жадырай қарап:

- Мына жігіттің көңілдісін-ай, сергегін-ай!деп қызығады.

Жүре-жүре Свэн сол елдің астанасына жетеді. Корольдың бас қызметшісі дүние салғанын естіп біледі. Бас қызметшінің орнына дәмелі адам король сарайына барып, сыннан өтуге тиіс екен.

Свэн де бағын сынап көрмекке бекініп, сарайға тартады. Король мыж-мыж болып, діңкелеп отыр еді: күн сайын бас қызметшіліктен үміткер жүздеген адам өтетін алдынан. Король тағының қапталындағы шағын, бірақ, биік тақытқа корольдың қызы – ханша жайғасыпты.

Свэн иіліп сәлем береді:

- Сәлемет бол, – дейді король. – Неге келдің?

- Бас қызметшінің орнын бассам деймін! – дейді Свэн.

- Мұндай маңызды қызмет қолыңнан келе қояр ма екен? – деп шүбәлана сұрайды король сақалын сипап.

- Байқап көрейін, сосын айтамын! – дейді Свэн.

Король ханшаға қарады, ханша корольға қарады, қарады да жеп отырған шиесінің сүйегін еденге түкірді.

- Бұлай істеуге болмайды! – деді Свэн қатуланып. – Еденді былғайсың.

- Сенің шаруаң болмасын, қарашы неме! – деді бұртиып ханша. Ашуланып, жүзін теріс салған күйі шиесін жей берді.

- Байқаймын, мерген сияқтысың! – дейді король. – Садақты қалай тартасың, нысанаға ұдайы дәл тигізесің бе?

- Әлемде менен асқан талай мерген бар шығар, дегенмен мен анау бұрышта тұрып, ханшаның алақанындағы шие дәнін қағып түсіре аламын, – дейді Свэн.

Король қызына әлдене деп сыбырлап еді, ханша жайылған алақанына шие сүйегін қондырып, қолын жоғары көтерді.

Свэн бұрышқа барып, адырнасын шірей толғап, зырқырата жебе атты. Жебе ысқырынған күйі қыз алақанындағы шиенің дәнін дәл ұрып, ұшырып жібереді.

- Ах! – деп жеңілдей дауыстайды ханша шиедей қызарып. – Жаным көзіме көрінді ғой!

Король жымиып:

- Мергендігіңе қылышкерлігің сай болар? – деп сауал қояды.

- Кім білсін, менен мықты талай қылышкер бар ғой! – дейді Свэн.

- Сен өзің бір қызық жігіт екенсің! –дейді король. – Саған дейін келгендердің баршасы «қолымнан келмейтіні жоқ» деп бөсіп еді, ал сен «түкке икемім жоқ» дейсің!

- Түкке икемім жоқ демеспін, бірақ мен өтірік айта алмаймын!

- Жалған! – деп айғайлады король. – Басына қысым түссе, өтірік айтпас жан жоқ.

- Бұл – сіздің ойыңыз, – деп  қасарысады Свэн. – Ал мен ешқашан, өлтірсе де, өтірік айта алман! Туысымнан сондаймын!

Осы уақытта Свэн құйрығы бұлаңдап өтіп бара жатқан қара мысықты көзі шалады. Қылышын қиялай суырып, қынай сілтеп, мысықтың құйрығының ұшынан бір тал жүнді қиып түсіреді.

- Ах! – деп жан дауысы шыға шыңғырады ханша. – Байғұс мышым-ай! Мына жауыз сенің түбіңе жетті-ау!

Көзін тарс жұмып, қайта ашқанда сүйікті қара мысығының дін аман, алтын орындыққа қонжиып, күн шуаққа шомылып, манаурап отырғанын көреді. Свэн еңкейіп, бір тал қылды алып, корольға ұсынады.

- Қылышкер-ақ екенсің! Қалтаңнан флейтаң көрініп тұр, шамасы күйші де боларсың? – дейді сүйінген король.

- Қаласаңыз, бір-екі әуен шалып байқайын, – деп жауап беріпті Свэн.

Флейтасын алып, баяу қалқытып, ойнай бастайды. Оның сазын естіген король бағындағы алуан түрлі құстар дүркірей ұшып, терезеден кіріп, Свэннің иығына, басына қонақтап, рахатқа бөлене мүлгіп, күй тыңдайды. Ханшаның мысығы пырылдай көзін жұмып, флейта сарынына орай теңселіп, билеп кете жаздап тұр.

Ханша шиесін аузына апара беріп, сілейіп қалыпты.

Свэн күйін шегергенде, таңырқаған король айтады:

- Флейтада сен екінші Орфей* екенсің! – дейді.

- Ондай адаммен таныстығым жоқ, алдияр, мен өзімнің ойыма оралып, жүрегімді тербеген әуендерді тарта беремін, –депті Свэн корольға.

Ханша терең ойға шомып, қиял құшағына көміліп:

- Сенің күйіңді естігенде маған күн нұрына малынған жасыл жазира, күмістей жарқыраған бұлақ, мөлдірде ойнаған тәж-балықтар, аспан мен жердің арасын әнге толтырып, үздіге шырылдаған бозторғайлар елестеді, – дейді.

- Күйдің өзі сол туралы ғой, – дейді Свэн оған.

Ханша жан-дүниесінің ең нәзік қылдары дірілдей тебіреніп, көзіне жас үйіріліпті.

- Қалай біздің ханша?! – деп сұрайды король Свэннен. – Сұлу-ақ емес пе?!

- Әп-әдемі! – дейді Свэн. – Бірақ мен жолшыбай бұдан да сұлу талай қызды кездестірдім.

Мұны естіген ханша шие толы күміс себетін құлата атып тұрып, жүгіре басып шығып кетеді. Король қарқылдай күледі.

- Мен сені қызметке аламын! – дейді ол Свэнге. – Түнде қарауыл боласың... Ал әзірше ас ішіп, әлденіп алайық.

Король Свэнді ертіп алтынмен апталып, малахит діңгектермен әсемделген алағай да бұлағай кең асханаға кіреді. Свэнді басқа қызметшілермен қатар отырғызады.

Сарайдың сылқым қызметшілері Свэннің жұпыны ғана шаруа қолды киіміне менсінбей, мұрын шүйіре қарап, «қаймана неме» деп кекетіседі, алдарындағы тамақты қас пен көздің арасында жалап-жұқтап жоқ қылады.

- Қалай, менің асым таңдайыңа татыды ма? – деп сұрапты Свэннен король.

- Оны ішіп-жеген жұрттан сұраңыз! – дейді Свэн. – Ал мен босаған табақты тамашалаумен отырдым.

- Е-е, менің сүйікті нөкерім, бұл жарамаған екен. Қазір қателікті түзейміз! – дейді ыңғайсызданған король.

Өз қолымен Свэнге неше алуан дәмді тағам тартып, қымбат ыдысқа шүпілдете құйылған тәтті шарап ұсынады. Сарай қызметшілері Свэнге алакөздене, қызғаныштан іштері күйе қарасыпты.

Ас ішіліп біткен соң король дастархан басынан түрегеліп, Свэнге түні бойы өзінің жатын бөлмесін күзетуге бұйырады.

- Байқа, ұйықтап қалма! – деп ескертеді. – Кім қарауылда қалғып кетсе, сотсыз-тергеусіз басын аламыз.

Король баққа шығатын есікті құлыптап, Свэннің алдына алтын тәжі мен мойынға салатын алтын шынжырын қойып, өзі жатын бөлмесіне кетеді.

Свэн ұйықтап қалмас үшін тікесінен тік тұрып таңды атыруға бел байлайды. Қаққан қазықтай сіресіп, тәж бен алтын шынжырдан көз айырмайды.

Кенет ұйқы басады. Аяғы шалынысып, тізесі бүгіле береді. Басы қорғасын құйғандай зеңіп, кірпіктері айқасып, көзі қайта-қайта жұмылып кетеді. Көз алдында қызыл-жасыл шұғыла ойнайды.

Тәж ханшаға айналып, сыбырлай еркелетеді:

- Ұйықтай ғой, Свэн! Сонда мен сенің ерініңнен өбемін! – дейді.

Құшағына алып, аймалай бастайды.

- Кет, босат мені! – деп күбірлейді Свэн.

Дүр сілкініп, бойын тіктеп, жан-жағына қарайды, ешқандай да ханша жоқ! Елес болған ғой!

- Мен ұйықтамауға тиіспін! Мен ұйықтамауға тиіспін! – дей береді өзіне-өзі.

Сәлден соң гүрс етіп құлап түседі де, ұйықтап кетеді...

Күн көтерілмей оянып алады. Ұйқылы-ояу екенін білмей, мең-зең боп біраз отырады.

Жүрегі дүрсілдей соғып, маңайын шола бастайды. Бәрі орнында. Тек тәж бен алтын шынжыр жоқ. Баққа шығатын есік шалқасынан ашық жатыр.

Свэн өзінің ажалы жеткенін ұғынды. Әрине, бақ арқылы сытылып кетуге болар еді. Бірақ Свэн аз-кем ойланып, орнынан тапжылмауға шешті, корольға бәрін өзі айтуға бекінді.

- Қайырлы таң! – деп дабырлай сөйлеп кіреді король.

- Тәжді әперіп жібер!

- Тәж жоқ! – деп жауап қатады Свэн.

- Жоғы қалай? Қалжыңдап тұрғаннан саумысың?

- Қалжыңдасар халім жоқ, алдияр!

- Ендеше алтын шынжырды әкел!

- Шынжыр да жоқ! – дейді Свэн торығып.

- Мүмкін емес! – деп ақырады король.

- Мүмкін емес нәрсе болмайды! – депті Свэн. – Мен қарауылда тұрып, ұйықтап қалыппын.

- Өзіңді өлім жазасы күтіп тұрғанын білемісің?! Неге қашып кетпедің? – деп сұрайды король.

- Егер қашып кетсем, сіз менің басымды қалай алар едіңіз? –дейді Свэн сауалға сауалмен жауап қайырып. –Мен енді өлімге әзірмін.

Осы кезде ханша кіріп келеді. Свэннің соңғы сөзін құлағы шалып қалған екен, қаһарлы әкесінен:

- Свэнді не үшін өлтіртпексің? –деп сұрайды.

- Күзетте тұрып ұйықтап кетіп, менің тәжім мен алтын шынжырым қолды болыпты. Сонысы үшін бүгін басын аламын!

Ханша еңірей жылап, корольдің аяғын құшады.

- Мен Свэннің кінәсіз екеніне сенемін. Оның күзет үстінде ұйықтауы мүмкін емес. Свэннің айыбы жоқтығына ант етемін! – дейді.

- Қайтесің, бекерге ант ішіп! – дейді Свэн. – Сен ештеңе де білмейсің, сондықтан да антың жалған болады. Мен шынымен-ақ түнде ұйықтап қалыппын. Жаза әділ!

Сонда король айтыпты:

- Жігіт екенсің, Свэн! Әттең, менің министрлерім сендей болсайшы, шетінен алдамшы, оңбағандар! Мен енді сенің «өлтірсең де, өтірік айтпайтын Свэн» деген атқа лайық екеніңе көзім жетті. Саған ұйықтататын дәрі қосылған шарапты өзім ішкізіп, тәж бен шынжырды өзім алып, баққа шығатын есікті де өзім ашып қойып едім. Бірақ, сен қашпадың, шындықты жасырмай айтып, ажалды қасқайып тұрып қарсы алуға бекіндің! Жарайсың, жігітім! –депті.

- Ым-м, бұныңыз – әміршіге жатпайтын қылық! – депті Свэн ренжіп. – Бұл үшін өзіңізді жазалау керек!

Король сарайды жаңғырықтыра күледі:

- Әй, Свэн, Свэн! Қандай жазаға бұйырмақсың мені? Мүмкін, жалғыз қызыма үйленерсің? Саған бүйрегі бұрып қалғанын сезіп-ақ тұрмын! –дейді.

- Мын алғыс, алдияр! Бұл ұсыныстан бас тарта алмаспын. Өйткені өзім де ханшаға ғашықпын! – дейді Свэн.

- Егер ол ханша болмай, қайыршы қыз болса, дәл осылай жақсы көрер ме едің? – деп сұрапты король Свэнге сынай қарап.

- Кім білсін? –деп желкесін қасидыСвэн. –Қайыршыға үйленгеннен гөрі, король қызына қосылған әлдеқайда жақсы ғой.

- Жарайсың, Свэн! Сен тіпті де өтірік айта алмайсың. Сол үшін де ұнатып қалдым өзіңді. Мұрагерім боласың!

Ертесіне король бүкіл елге жар шашып, той өткізеді. Тойдың салтанатына тіл жетпейтін еді! Күні-түні күй төгіледі, король сарайы мың құбылған шұғылаға бөгіп, алмастай жарқырады. Тойға қырық мың адам қатысты.

Той үстінде да ханша күйеуінен көз ала алмапты, –қызыл мақпал шапан жамылып, алтынды киім киген Свэн аса келбетті еді. Төрде Свэннің садағы, қылышы, флейтасы ілулі тұрыпты.

- Мен саған сый тартуым керек еді, сәулешім, – дейді Свэн қалыңдығына, – бірақ мына көнетоз қолғаптан басқа түгім де жоқ, бұны маған әкем мұраға қалдырған. Әйтсе де бұлар – жай қолғап емес, сиқырлы қолғаптар, өйткені саған қол жеткізуге көмектесті! Тек жамау салып, біраз әуреленуіңе тура келеді, шұрық тесік екенін көріп отырсың ғой!..

Соны айтып, Свэн флейтасын қолына алады. Бақытты ханша жарының жүзіне елжірей қарайды.

*Орфей – көне грек мифологиясындағы ақын, әнші,

оның сазына адам тұрғай, жан-жануар ұйып, тас балқыпты.

    Аударған Ғалым ДОСКЕН,

«Алтын сырнай» ертегілер жинағы, 1992 жыл.

Тағы қараңыз:

Ертегі аудармашының рұқсатымен, сайт редакциясында қайта теріліп, жарияланды.

Көшіріп басуға болмайды!

Байланысты жаналықтар

Қазақстанда «Шешім журналистикасы лабораториясы» жобасы басталды

28.10.2023

Алматы. "Қуатты өңірлер" бірнеше бағытта дамиды

21.09.2022

Тарысы піскеннің тауығы: Боранбаев «асыраған» әртістер

09.04.2022

Дәулетжан МАХМҰТ. Сырға

16.06.2021

Бекен ЫБЫРАЙЫМ. Қала шетіндегі үй (Жалғасы)

03.04.2021

Айдында жүзген ақ желкен

08.03.2021
MalimBlocks
Қазақстанда «Шешім журналистикасы лабораториясы» жобасы басталды

«Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қоғамдық қоры Ұлыбритания үкіметінің қаржылай қолдауымен «Шешім журналистикасы лабораториясы» жобасы жүзеге аса бастады.

Алматы. "Қуатты өңірлер" бірнеше бағытта дамиды

Тарысы піскеннің тауығы: Боранбаев «асыраған» әртістер

Олар Қайратты «Құдай берген таланттың ұшқынын көруші» дейді.

Дәулетжан МАХМҰТ. Сырға

Кинозалдың есігін ептеп ашып ішке кірдім, сабақ басталып кетіпті.

Бекен ЫБЫРАЙЫМ. Қала шетіндегі үй (Жалғасы)

Айдында жүзген ақ желкен