Талдықорғанның әкімі Назарбаевтың сөзін құлағына ілмепті

  • 06.02.2020
  • Malim Админ

Экс-президент Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ 2019 жылы «Нұр Отан» партиясының XVIII съезінде әкімдердің жылына бір беретін есеп жиындары ресми отырыстарға айналып кетті деп сынға алған еді. Жасанды формалды бас қосуды қойып, халықпен етене араласуды, ел арасына барып бұқара өмірін көзбен көруге шақырған еді. Алада, билік партиясының басшысы айтқан сөз сол жерде қалған сыңайлы. Оған барлық әкім құлақ асты дей алмаспыз. МӘЛІМ сайтының Алматы облысындағы тілшісі Ербол ІЛИЯС Талдықорған қаласы әкімі Ғалымжан ӘБДІРАЙЫМОВТЫҢ есеп беру жиынына қатысқан еді. Нұрсұлтан ӘБІШҰЛЫ айтқан формалды жиынның куәсі болып қайтты.

Көптен қалмай Талдықорған қаласының әкімі Ғалымжан ӘБДІРАЙЫМОВ та халық алдында есеп берді. Мұндай жиында көпшілік, әлбетте, әкім мырза проблемасын шеше алмай сандалатын, жай күндері шенділердің есігін торуылдап кіре алмай қайтатын немесе қала дамуына бей-жәй қарамайтындар алдында есеп береді деп және солардың сұрағына жауап береді деп ойлауы мүмкін. Бірақ бұл басқосу олай өтпеді. Жылдағыдай Ілияс Жансүгіров атындағы мәдениет сарайын облыс әкімдігінің өкілдерімен бірге мұғалімдер, әскерилер мен полицейлер, қала әкімдігі қызметкерлерінің алдын-ала дайындап қойған сұрақтарын қоятын адамдар толтырды.

Мәселен, әкімдік Талдықорғанда өтетін кез келген жиынның бейне бір көрнекі құралы ретінде пайдаланатын “Тақиялы періште” фильмінің басты кейіпкері Әлімғазы РАЙЫМБЕКОВ  те жиынның төрінен орын алды.

Әкімнің сөзіне сенсек 175 мың адам тұратын Талдықорғанда еңбекке жарамды 88 мың адам бар. Олардың 47 мыңы тұрақты жұмыспен қамтылған. Өзін-өзі жұмыспен қамтып отырғандар саны 18 мың, ал, жұмыссыздар саны 4-ақ мың екен. Осылайша жұмыссыздық мәселесін әкім мырза шешуге таяп қапты. Бірақ аккумулятор шығаратын зауыттан басқа ірі өндірісі жоқ қалада өндірістің физикалық даму индексі 102%-дан асып жығылған екен. Жалпы, жиында тек 100 ден асатын пайыздар айтылды. Соған қарап-ақ, Жетісу орталығында жағдай жақсы екенін аңғаруға болады. Әкім сөзінен көптің құлағына жаққан тағы бір жақсы жаңалық жалақыға байланысты болды. Талдықорғандағы орташа айлық жалақы – 133 мың теңге екен. Әкімнің мұндай сандарды қайдан алатынына кейібірі жағасын ұстап таң қалып отырғанда, мұндайға әбден құлағы үйреніп, жиыннан-жиынға жиі барып тұратындар көз шырымын алып алды.

Әрине, әкім айтқандай орташа айлық 133 мың теңге әрі жұмыссыздық деңгейі өте төмен болса (Талдықорғанда 4 мың адам жұмыссыз) онда көпшіліктің Талдықорғанда тұрғысы келетіні анық.

Өндіріс пен инвестиция туралы көп айтқан әкім Ғалымжан РАЙЫЛҰЛЫ қаланың өндірісіне жан бітіп жатқанын алға тартты. Бірақ қаланың шығыс бөлігіндегі индустриялық аймақ талай жылдан бері қаңырап тұр. Бұл аймақта жүзеге асуы тиіс барлық жобалар тек құжат негізінде есептік жиындарда сөз болады.

Талдықорғанда 17 мың адам пәтер кезегінде тұрса, ипатекалық несие алу үшін тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде 17 мыңнан астам салымшы бар. Қала басшылығы  35 мың тұрғынды баспанамен қамтуды жоспарлап отырған көрінеді. Жер телімінен үмітті 28 мың адам бар екен.

Айта кету керек, жиын басталмай тұрып атаулы әлеуметтік көмекті ала алмай табаны тозған көпбалалы аналар қала әкіміне кіре алмай қайтқан болатын. Журналистер әкім оларды есептік жиында қабылдайды деп күткен. Бірақ мәдениет үйіне жиынға арнайы шақыртылған адамнан басқа ешкім кірген жоқ. 40 минут баяндама жасап, біразын қалғып-мүлгітіп (сергек отырғандар аз болды) алған әкім сұрақтарға жауап бергісі келмегендей көрінді. 3 адам сұрақ қойып үлгерместен әкімдік өкілінің бірі әкім жиыннан соң жеке қабылдау өткізетінін айтып, сұрақ қоюшылардан микрофонды алып алды. Жалпы, жеке қабылдау өткізетін болса әкім не үшін халықты жинап есеп бергені сол күйі түсініксіз қалды.

Ербол ІЛИЯС

Фотолар автордікі.

МАТЕРИАЛДЫ КӨШІРІП БАСУҒА БОЛМАЙДЫ. 

Байланысты жаналықтар

Қазақстандағы бизнестің тынысын ашар жаңа сауда амалы

18.02.2020

Кімге қамқорлық: дәрігерге ме, бизнеске ме?

07.09.2020

Алматы әкімдігі бір лед-экранға миллиондар шашпақ

15.10.2020

Дәрігер Біртановқа: Молдағасымованы арашалауды доғарыңыз!

04.06.2020

30.11.2020

ПЦР мен КТ-дан өтуге неге асықпау керек?

01.07.2020