Денис Теннің қазасына екі жыл толды. Не өзгерді?

Malim Админ

  • 19.07.2020

Мәнерлеп сырғанаудан Сочи олимпиадасының қола жүлдегері, танымал спортшы Денис Теннің қазасына екі жыл толды.  Денис Тен өзі даңқын шығарып, атын әлемге танытқан елде тапа-тал түсте көлігінің айнасын ұрлаған қарақшылар қолынан қаза тапты. Бұл оқиға қоғамның полицияға наразылығын тудырып, ішкі істер министрлігін реформалау жөніндегі талапқа ұласты. «Ішкі істер министрлігін реформалайық!» бастамашыл тобының өкілі полиция реформасы сол бойы іске аспады дейді.

Қазадан кейін

Халық ықыласына бөленген спортшының қазасы тұтас елді қайғыға батырып, қара жамылдырды. Азаматтық қоғам өкілдері ең ірі қаланың қақ ортасында тапа-тал түсте қылмыскерлерді тайраңдатып қойған сол кездегі ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовтың отставкаға кетуін талап етті. Бірақ жұрт қанша жерден дүрлігіп тұрса да «менен кінә кетті» деп қызметінен өз еркімен кете қойған Қасымов болмады.  Толассыз  сынның астында қалған Қасымовты  әуелгіде көпшіліктің көзінше «ең тәжірибелі полицей» деп мақтаған Н.Назарбаев қоғамдағы шу басылған соң, 2019 жылдың ақпанда  отставкаға жіберіп, Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы етіп тағайындады. Ал 2020 жылдың 16 қаңтарында мемлекеттік күзет қызметінің басшысы болып тағайындалды.

Денис Теннің қазасынан кейін азаматтық белсенділер, сарапшылар мен құқық қорғаушылар «Ішкі істер министрлігін реформалайық!» бастамашыл тобына бірігіп, "Қазақстанның жаңа полициясы" атты тұжырымдама дайындап, 112 ұсыныстан тұратын құжатты билікке жолдаған болатын. Сол кездегі президент Н.Назарбаевтың өзі қоғамда шу тудырған оқиғадан кейін азаматтық белсенділердің талабына құлақ асқандай болып, ішкі істер министрлігін реформалау жөнінде тапсырма берген. Нәтижесінде 2019-21 жылдарға арналған ішкі істер министрлігін реформалаудың жол картасы жасалды. Бірақ "Ішкі істер министрлігін реформалайық" бастамашыл тобының өкілдері билікке жолдаған 112 ұсыныстың тек 18-і толық, 10-ы ішінара, қалған ең сүйекті деген 84-і мүлде есепке алынбады.

«Ішкі істер министрлігін реформалайық!» бастамашыл тобына біріккен белсенділер мен сарапшылар билікке жолдаған құжатта ең алдымен полицияны азаматтық тұлға басқаруы тиіс деген еді. Дегенмен қызметінен алынған Қ.Қасымовтың орнына азаматтық тұлға емес, оның орынбасары Ерлан Тұрғымбаев тағайындалды.

Бастамашыл топ көтерген ұсыныстардың арасында полицияны ішкі істер министрлігі жанындағы бөлек орган ретінде құру, жергілікті полиция қызметін дамыту, полиция қызметкерлерінің құрамын жаңарту, полиция үстінен парламенттік және қоғамдық бақылау енгізу, азаматтардың полиция ғимаратына еркін кіріп шығуы, полиция қызметінде адам құқықтары стандарттары, құқық басымдығы мен заңдылықтың толығымен сақталуы, қылмыспен күреске бағытталған ішкі істер министрлігі қызметін нақты реттеу, тиісті емес функцияларды алып тастау, полиция қызметін әскерилендірмеу және халыққа қызмет көрсетуге бағыттау, полициялық білім беру, аттестациялау және қайта дайындаудың моделін құру тәрізді баптар бар болатын. Осы ұсыныстардың ешқайсысы есепке алынбады.

Не өзгерді?

"Ішкі істер министрлігін реформалайық" бастамашыл тобының өкілі, саясаттанушы, Oyan, Qazaqstan қозғалысының мүшесі Димаш ӘЛЖАНОВ қазіргі саяси жүйеде полицияны реформалау мүмкін емес дейді.

– Ең алдымен Денис Теннің қазасы азаматтық қоғамды біріктіре алып, соның арқасында бастамашыл топ құрылды. Біз Украина, Грузия тәжірибесін ескере отырып, ішкі істер министрлігін кешенді реформалаудың құжатын әзірледік. Әу бастан-ақ бұл шалажансар реформа емес, кешенді реформа болуы тиіс екенін түсіндік. ІІМ реформасының тұжырымдамасын президент әкімшілігі мен депутаттарға жолдадық. Кейін ішкі істер министрінің орынбасары Алексей Калачиди біз жолдаған ұсыныстардың 80 пайызы есепке алынды деді. Бұл – қып-қызыл өтірік. 112 ұсыныстың ішінен аса принципалды емес 18 ұсыныс қана ескерілді.

Қазақстанның қазіргі саяси жүйесінде ІІМ-ді толық реформалау мүмкін емес. Бізде полиция саясиландырылған, ІІМ-ді реформалау үшін мемлекет полиция жұмысына араласпай, полиция қоғамға қызмет етуі  керек.

– Назарбаев Қ.Қасымовты бірден отставкаға жібермесе де, араға уақыт салып, қызметінен алды. Бұл қоғам талабына көну ме?

– Меніңше, мемлекет басындағылардың әу бастан біздің талапты орындайын деген ниеті болмады. Қоғам наразылығын басуды ғана көздеді. Оның үстіне сол тұстағы президент ішкі істер министрін ашық жақтап,  көпшілік көзінше мақтады.

ІІМ қоғаммен диалог орнатып жатырмыз деген пікір қалыптастыруға күш салды. Өкінішке қарай, бастамашыл топтың бір бөлігі тәжірибесіз, әлде аңғал болғандықтан ба, ІІМ өкілдері өткізген дөңгелек үстелдерге қатыссақ, ахуал өзгереді деп ойлады. Осы талқылауларға қатысқан министр орынбасары А.Калачиди мен жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі уәдені үйіп төкті. Азаматтық қоғам өкілдерімен бірлесіп "полцияның сервистік моделі" концепциясы жасалды. Алайда екі жылдан кейін ешқандай өзгеріс болмағынын, талқылаулар бастамашыл топты жік-жікке бөліп, орындалмайтын бос уәде беру үшін өткізілгенін көрдік.

– Белсенді Дулат Ағаділдің түрмедегі қазасы полиция бассыздығы жалғасып жатқанын көрсете ме?

– Иә, әлбетте. Полицияны реформалаудың концепциясын жасағанда, полиция саясаттан алшақ болуы керек, ІІМ министрі полицейлерге оппозицияны қудалау мен митингіге шығатын белсенділерді ұстау туралы тапсырма бермеуі қажет екенін келтірдік. Полицияның негізгі міндеті – қоғамдық тәртіпті сақтау, қылмыстың алдын алу. Сол себепті полицияны кезең-кезеңімен реформалау керек, ең алдымен полицияны саясиландырудан бас тарту керек, олар наразылық көңіл күйін басып, азаматтардың бостандығын шектемеуі керек. ІІМ ғимараттары бақылауға ашық, яғни іште не болып жатқанын сырттағылар бақылау камералары арқылы оп-оңай көре алуы керек. Сонда қоғам ұсталған азаматтардың азаптау көрмейтініне көз жеткізе алар еді.

Өкінішке қарай, полиция реформасын соңына жеткізе алмадық немесе реформаны іске асыр деп тиісті дәрежеде қысым көрсете алмадық. Осының кесірінен бұрынғы проблемалар қайталана бермек. Ағаділдің абақтыдағы қазасын зерттейтін мүмкіндік жоқ, өйткені саясиланып кеткен полиция немесе прокуратура әділ тергеу жүргізбейді.

Екі жыл бұрын полиция реформасын талап еткенде қойған талаптарымыз әлі де өміршең. Ол үшін жүйені толық өзгертіп, полиция басшылығын жаңарту керек. Бұл мәселе шешімін таппай, кейінге қала берген сайын, ахуал ушыға түседі.

 

Байланысты жаналықтар

Алаяқ полицейлер ұсталды

18.11.2024

Алматыда полицейді пышақтаған адам ұсталды

12.11.2024

Жол апаты бір жасқа толмаған нәрестенің өмірін қиды

11.11.2024

Абай облысында биылдыққа жүзге жуық мал ұрлығы тіркелген

09.11.2024

Тараздағы пәтерден зорланған екі әйелдің денесі табылды

08.11.2024

Ақмола полицейлері хабар-ошарсыз кеткен 31 жастағы әйелді іздеп жатыр

02.11.2024
MalimBlocks
Алаяқ полицейлер ұсталды

«Қамқорлығы» үшін ай сайын 1,5 млн теңге алып отырған

Алматыда полицейді пышақтаған адам ұсталды

Алатау аудандық полиция басқармасы қылмыстық іс қозғады

Жол апаты бір жасқа толмаған нәрестенің өмірін қиды

40 жастағы жүргізушісі рульге ие бола алмай, тастардың үйіндісіне  соғылған

Абай облысында биылдыққа жүзге жуық мал ұрлығы тіркелген

Жалпы шығын 218,8 млн теңге

Тараздағы пәтерден зорланған екі әйелдің денесі табылды

Ақмола полицейлері хабар-ошарсыз кеткен 31 жастағы әйелді іздеп жатыр

Үш күн бұрын үйінен шығып, хабарсыз кеткен