Ақша санайтын шенеуніктердің кофе ішпесе басы ауырады

  • 28.07.2020
  • Malim Админ

Карантинде жұмыс істеу ешкімге оңайға тиіп жатқан жоқ. Әсіресе, қағаздарынан бас алмай жұмыс істейтін министрлік қызметкерлеріне карантин қатты салмақ салып жатқандай. Төтенше жағдай кезінде қаржы министрлігінің кофемашинаға тапсырыс бергеніне қарағанда,  бұл министрліктің қызметкерлері жұмыс арасында баптап кофе ішіп, бір сергіп алғысы келетін сияқты.

Қаржы министрлігі мемлекеттік сатып алулар порталы арқылы 1 049 107 теңгеге 5 кофемашина сатып алуға тапсырыс берген. Сонда әр кофемашинаның құны – 209 821 теңге.

 Сәуірде министрлік Invest plus kz ЖШС-мен 1 113 212 теңгеге келісімшартқа отырған. Бірақ артынша бұл компаниямен келісімшартты үзген. Шамасы, 1,4 литрлік Bosch TS-30129RW кофемашинасы қаржы министрлігінің көңілінен шықпаса керек.

 Бірақ кофеқұмар шенеуніктер маусым айында тағы да кофемашина сатып алатыны туралы хабарландыру ілген. Бұл жолы министрлік 1 049 107 теңгеге үш кофемашина алмақ болған. Бірақ бұл жолы да кофеқұмар шенеуніктердің жолы болмады. Әр машинаға 349 702 теңге төлеуге дайын болса да, лотқа ешкім қатыспаған. Оның үстіне  29 маусым күні президент Тоқаев министрліктер мен әкімдіктерді керексіз шығыннан бас тартуға шақырған.

 Бірақ қаржы министрлігі кофемашинаны керексіз шығын деп есептемейтін сияқты. Олай дейтініміз, 1 шілде күні министрлік тағы да үш кофемашина сатып алуға бекініп, кезекті хабарландыру жариялады.  Бұл жолы министрлік ақыры дегеніне жетіп, ШИБИЦКАЯ НАТАЛЬЯ МИХАЙЛОВНА жеке кәсіпкермен 702 мың теңгеге келісімшарт жасасып, 3 кофемашина сатып алған. 1,8 литрлік Philips EP-3246/70 кофемашинасы сенсорлы, температура мен кофе күштілігі және ұнтақтау дәрежесін таңдауға болады. Кіріктірілген кофемолкасының сүт ыдысы мен қалдық контейнері бар.

 Ал министрлік қызметкерлері күнде кофе ішуден жалықса, арасында шай қойып іше салады. Неге десеңіз, сәуірде қаржы министрлігі 10 электрочайникті бір-ақ сатып алған. Әрқайсысының құны 18 мың теңге. Алда-жалда қаржы министрлігіне жолыңыз түссе, қабылдау бөлмесінен сіз де шай не кофе іше аласыз. Ең бастысы, ғимаратқа кірмес бұрын аяқ киіміңізді жақсылап сүртіп кіруді ұмытпаңыз. Әйтпесе, министрліктің бұған дейін 159 374 теңгеге сатып алған жібек пен жүннен жасалған судай жаңа кілемін (10,5 шаршы метр) былғап қоюыңыз мүмкін.

 Telegram-канал Ras Aitamyn

 

Байланысты жаналықтар

Көлгінов көпшіліктің алдына шықпай қойды

19.05.2020

Аида Балаева: «Әйел басшы бола алмайды деген стереотип енді жоқ»

28.03.2020

Цой 1,2 миллион коронатесті әлі сатып алмапты

16.07.2020

Нұр-Сұлтан мен Алматыда жұмыссыз режим бір аптаға ұзартылды, Шымкентте карантин енгізілді

03.04.2020

«Қатты ойланып» келе жатқан Ахметовті Тоқсейітов ауруханаға апарды

21.04.2021

Тайжан: Ұлттық сенім кеңесінен өткір мәлімдеме күтпеңіздер

20.04.2020