Адвокат Джохар Өтебеков: Сот Төлесованы ақтайды дегенге сенбеймін

  • 09.08.2020
  • Malim Админ

"Билік өкіліне күш қолданып, қорлады" деген айып тағылған азаматтық белсенді Әсия Төлесованың адвокаттарының бірі Джохар Өтебеков (Төлесованың тағы екі басқа адвокаты бар) сот үкімі екі-үш күннің ішінде шығып қалады деп топшылайды. Адвокат Қазақстан жастар ақпараттық қызметінің әлеуметтік желісіндегі парақшасында тікелей эфирде сұхбат беріп, Төлесованың ісіне тоқталды.

– Төлесоваға билік өкіліне тіл тигізу және күш қолдану айыптары тағылып отырғаны белгілі. Билік өкіліне тіл тигізу – бұл қылмыстық теріс қылық. Яғни қылмысқа жатпайды. Ал билік өкіліне күш қолдану – қылмыс. Ол бойынша үш жылға дейін бас бостандығынан айыруы жазасы қарастырылған.

Әсия Төлесоваға билік өкіліне күш қолдану бойынша екі эпизод таңылған. Яғни екі полицейге күш қолданды делінген. Бірінші эпизодта Төлесова полицейдің бас киімін қағып түсірген. Фототехникалық сараптама Әсия Төлесова бас киімді қағып түсіргенде полицейдің басына қол тигізбегенін анықтады. Сол полицейді үшінші мәрте ұрды дегенге келсек, одан бұрын полицей Әсияны себебін түсіндірмей, ұстап, жетектей жөнеледі. Мұны мен себепсіз, заңсыз ұстаудан өзін қорғау әрекеті деп бағалаймын.

Екінші эпизодқа тоқталсақ, Әсия ұсталғандарды тиеп әкеткен автозакты тоқтатпақ болғанда азаматтық киімдегі адам оны ұстап, сүйрелеуге тырысады. Кейін сотта бұл адамның Жетісу ауданының әкімі екені анықталды. Осы кезде Әсияның арт жағынан Мейіржан Тұрғанбек есімді полицей себебін түсіндірместен, дөрекі түрде ұстайды. Видеода Әсия артына қарамағанын, яғни өзін арттан ұстап тұрған полицей екенін білмей, қолын қағып жібергені көрінеді. Бұл жерде Әсия күш қолданды деп айту қиын. Мейіржан Тұрғанбек сотта Әсияны көлік астына түсіп кетпесін деп ұстағанын айтты. Шынын айтқанда, бұл қисынсыз және күлкілі дүние,

– Бұл процесте қандай да бір заңбұзушылықтар бар ма?

– Әсия әу бастан-ақ бұл процестің тәлім-тәрбиелік мәні болса деген тілек білдірген. Қоғам сот пен құқық жүйесінің бұра тартқанын куә болып отыр. Мысалы, Әсияны екі ай бойы заңсыз қамауда ұстап отыр. Тағылған айып бойынша жаза мерзімі бес жылдан аз болса, айыпталушыны сотқа дейін қамауға алуға болмайды. Прокурор мен тергеуші айыпталушыны қамау туралы шешім шығарса, қылмыстық атқару кодексіне сүйенуі керек. Тергеу сотында судья Әсия бостандықта жүрсе қылмысты жалғастыруы мүмкін, яғни полицейлерді тағы ұруы ықтимал деген себепті келтіріп, оны қамауда қалдырды. Ал істі қарап жатқан Медеу аудандық соты Әсияны не себепті қамауда ұстап отырғанын негіздемеді.

Бұған дейін билік өкіліне күш көрсетті деп айып тағылған бір азаматты қорғадым. Ол полицейді бір ұрып, есінен тандырған. Бірақ сотқа дейін және сот кезінде оны қамалмады. Қасақана жасалған ауыр қылмыс немесе абайсызда жасалған ауырлығы орташа қылмыс кезінде айыпталушы сотқа дейін қамауға алынады, бірақ Әсияға ондай ауыр айып тағылып жатқан жоқ. Сондықтан оны қамауға алу бұл істің саяси астары бар екенін көрсетеді.

– Жәбірленуші полицейлердің жауабында қайшылықтар көп шығып жатыр.

– Полицейлердің қоғамдағы абырой-беделі онсыз да жоқ, бұдан артық абыройдан жұрдай болу мүмкін емес деп жүрсек, сот оларды одан бетер аймандай етіп жатыр. Тіпті судьяның өзі бір полицейдің қарым-қабілетіне күмән келтіріп, құқық қорғау органдарынан жұмыстан шығуға кеңес берді. Полицейлер ойын не қазақша, не орысша дұрыс жеткізе алмайды.  Сотта берген жауаптары тергеуде берген жауаптарына қайшы. Тіпті минут сайын құбылып, жауаптарын өзгертеді. Онлайн сот болғандықтан, сұраққа алып жатсаң, микрофонын өшіріп тастап отырады. Ар жағынан қалай жауап беруді біреу айтып жатқандай немесе мессенджерлерге қалай жауап беруді нұсқайтын хабарламалар алып жатқандай әсер қалдырады.

– Сот дүйсенбі күні аяқталып, үкім шығуы мүмкін бе?

– Судья өте асығыс. Үкім жақында шығып қалар. Меніңше, үкім сәрсенбі күні шығады. Бірақ үкім дүйсенбі күні де шығуы мүмкін. Дүйсенбі күні үкімнің шығу ықтималдығы елу пайыз, сейсенбі не сәрсенбі күні шығу ықтмалдығы елу пайыз. Қалай болғанда да Әсия бостандыққа шығады деп үміттенеміз.

– Сот қандай шешім шығаруы мүмкін?

– Пессимстік көзқарастағы реалиспін. Сондықан сот ақтайтын үкімді шығармайтынын білемін.

– Сот тәжірибесінде мұндай іс бойынша қандай үкім шығып жатады?

– Құқықтық статистика порталында осындай істер бойынша соңғы екі жылда қандай үкімдер шығарылғанын зерттеп шықтым. Мұндай айып тағылғандарды соңғы екі жылда бас бостандығынан айырмаған. Тек бас бостандығын шектеу жазасына кескен.

 

 

Байланысты жаналықтар

Жедел жәрдем шақырғаннан мемлекеттік тіл тірілмейді

26.11.2020

Тынымбайға сыйлық бермегендері өте ұят болды

05.11.2020

Тәуелсіздік күні бүгін тойлануы тиіс

25.10.2020

Жұмабай Шаштайұлы: «Ескіруді ескермейтін ұлтқа айналып барамыз»

08.10.2020

Карантин: Тоқаев 8 миллиард долларды қайдан алды?

19.03.2020

Атыраудағы еріктілер: Ең қиыны – қаралы хабарды естірту

15.07.2020