Қашанда жақсылық жасауға құмар болу керек

Malim Админ

  • 26.08.2020

Пандемия басталғалы көзқарастар мен ұстанымдар өзгерді. Қазақстан қоғамы ширыға түскендей көрінеді. Ел ішінен мойнына жауапкершілік ала алған азаматтар шықты. Және көпке үлгі бола білді. Лермонтовша айтсақ олар бүгінгі күннің қаһармандары. Сондай отандастарымыздың бірі – Богдан ДЖЕПКА. Богдан Игорьұлы 22 жылдан бері арбаға таңылған. Бірақ бір сәтте жігері құм болған емеc. Керісінше өмірге құштар. Президент Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ шешімімен 2020 жылдың 15 наурызында төтенше жағдай жарияланғанда Богдан волонтерлар қатарына қосылды. Алайда, біздің кейіпкерімізге волонтер деген сөз ұнамайды екен. Әңгімесін тыңдап көрейік.

- Багдан  Игорьұлы, еріктілер қатарына қалай қосылдың? Әңгімемізді осыдан бастасақ.

- Маған негізі ерікті деген сөз аса ұнамайды. Әр адамның бойында мейірім, қамқорлық сынды қасиеттер болуы керек қой. Жәрдем беру, қиын кезде қол үшын созу біздің дәстүрімізде бар. Қазақстанда жүзден аса ұлт тұрады. Сонау зұлмат жылдары солардың барлығы мейрім мен ақ адал ниеттің арқасында аман қалды. Президент Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ 2020 жылды «еріктілер жылы» деп жарияламаған кезде-ақ біз осындай жұмыстармен араластық деп айтуымызға болады. Мен Алматы қаласындағы Түрксіб ауданы әкімінің кеңесшісімін. Аудандағы мүмкіндігі шектеулі жандардың мәселесімен талай қоғамдық шаруаларға араластық.

- Өзіңіз жайлы айтып өтсеңіз.

- Менің жасым 42-де. Туған жерім Украинаның Полтава облысына қарасты Днепр жағасындағы Кременчук қаласы. Екі жасымда отбасым қазіргі Нұр-Сұлтан қаласына қоныс аударады. №31 Феликс ДЗЕРЖИНСКИЙ атындағы орта мектепте білім алдым. Осыдан жиырма екі жыл бұрын 5-қабаттан құлап, тағдырым мүгедектер арбасына байланды. Бірақ бұнымен өмір тоқтаған жоқ. Құдайға шүкір, бала-шағамыз бар. Спортпен шұғылданамын. Қол күрестен Алматы қаласының чемпионымын.

Мүмкіндігі шектеулі жандардың құқығына байланысты қоғамдық жұмыстардан сырт қалып көрген жоқпын. Осы салада дәрістер алып, өзімді кәсіби тұрғыда жетілдіруге ұмтыламын. Енді әңгімеміздің басындағы сұраққа оралсақ. Коронавирус індеті Қазақстанды ғана емес, барлық әлем елдеріне сынақ болды. Адамзат тарихында қалатын індеттердің бірі ғой. Сол кезде әлеуметтік желі мен БАҚ арқылы елдегі ахуалды біліп отырдық. Меніңше, бұл барлық азамат үшін сын сағаты болды. Кейбір адамдардың диванда отырып сын айтып, ақылсынғандарын да көрдік. Бірақ әрекет ету керек болды. Мен ондай адамдарды түсіне алмаймын. Тым болмаса көршіңе бір бөлке нан әкеп беріп, жақсылық жасауға болады ғой. Мысалы, көрші пәтерде дүкенге барып келе алмайтын егде кісілердің тұруы әбден ықтимал ғой. Жалпы, әлеуметтік желінің мүмкіндігі зор. Сол жерде отырып арнайы топ құрдық. Қаржы жинап, мұқтаж жандарға көмектестік. Мен үйлестіру жұмыстарымен айналыстым. Пандемия бірінші кезекте қарт адамдар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға ауыр тиді. Алайда, өздері көмекке зәру болса да мүмкіндігі шектеулі жандардың арасында жақсылық қылуға ұмтылғандар аз болған жоқ. Алматыда «Сарбаз» әскери-патриоттық ұйымы бар. Ол жерде әскерилер жастарды спорт пен отансүйгіштікке баулиды. Сол қоғамдық ұйыммен бірлесіп, «Дәрігерлерге кешкі ас» деген жиырма күнге ұласқан акция ұйымдастырдық. «Сарбаз» әскери-патриоттық ұйымы жастарды да осы акцияға тартып, адамгершілік сабақтарын өткізді десе де болады. Біз жиырма күннің ішінде 2813 порция палау әзірлеппіз. Бес ауруханаға дейін ас тасыған кезіміз болды. Адамдардың алғысын естігенде бойыңызды керемет бір сезім билейді. Оны сөзбен айтып жеткізу де қиын.

- Алдағы жоспарларыңыз қандай? Бөлісе отырсаңыз.

- Келер күндері мүмкіндігі шектеулі жандардың терезесін жуып беретін акцияны қолға алмақшымыз. Қазір төтенше жағдай алынып, карантин жеңілдетілгенімен қозғалыс бұрынғыдай емес. Арбаға танылған адамдарға үй шаруасымен айналысу оңай емес қой. Оған қоса, сондай жандарға шаштараздарды үйлеріне жібермекшіміз. Өкініштісі, волонтерлықпен пиар үшін айналысатындар да бар. Қазір үкімет еріктілерге қолдау көрсетіп жатыр. Түрлі тренингтер және тағы басқа да бағыттарда. Кейбіреуі ақша жинап алып көмек көрсеткендей болып тайып тұрады. Үкімет осы жағын қадағаласа дейсің. Бұндай ізгі салаға алаяқтарды жолатпау керек. Сондайлардың кесірінен адамдар қамқорлық жасауға тартынып қалады. Бұндай ізгі саланы барынша таза ұстаған абзал. Бұрыннан айналысып келе жатқан волонтерлар бар ғой. Мәселен, Бент-Анат БЕЙСЕМБАЕВА басқаратын «Алма-Ата әйелдер клубын» атар едім. 2014 жылы құрылған клуб қаншама жақсылығын ешкімге жар салмай-ақ  жасап келе жатыр. Бастысы сенімді жоғалтпай, аялай білу керек. Сонда жақсылық жасайтын жандар көбейе береді.

- Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Қ. Тілеуханұлы

Байланысты жаналықтар

Шамаң келсе, шығып көр немесе Алматы пандустарының машақаты

01.04.2021

«Жақсылық жасамайтын адамға сенім болмайды»

31.03.2020

Волонтерлердің фронт-офисі 500 мың маска таратады

28.03.2020
MalimBlocks
Шамаң келсе, шығып көр немесе Алматы пандустарының машақаты

«Жақсылық жасамайтын адамға сенім болмайды»

Волонтерлердің фронт-офисі 500 мың маска таратады