Шамаң келсе, шығып көр немесе Алматы пандустарының машақаты

Айшолпан КЕРІМ

  • 01.04.2021

Алматыда 56 мыңнан аса мүгедектігі бар тұрғын бар. Мүгедектер мәселесі бойынша Түрксіб ауданы әкімінің кеңесшісі Богдан Джепка  арбаға таңылған 56 мың жан үшін қала қозғалысын қоғамның бір мүшесі - мүгедектер үшін орайластырып жасауға жеткілікті дейді. Оның сөзінше, мүгедектігі бар азаматтардың жүріс-тұрысын, сол арқылы қиын өмірін жеңілдетуі керек пандустар қазірде пайдасыз боп тұр.

Бұған көз жеткізу үшін наурыз айының соңғы күнінде Богданмен Атакент ҚІЫО-дан төмен қарай серуендеп көргенді жөн көрдік. Атакент аумағында саябаққа кіргеніміз сол еді, жолымыз бөгелді: стандартқа сай емес пандус төселіпті.

«Біреуден көмек сұрап, мені мына пандуспен шығаруын сұрамасақ, көтеріле алмаймыз. Бірақ біреу көмектескеннің өзінде, қазір құлаймын ғой» - деді Богдан.

Атакент саябағы

Саябақта серуендеу мүмкін болмаған соң, осы аймақтағы Elephant жедел тамақтану дәмханасына бет алдық. Дәмханаға кіру үшін біраз жерді айналып өту керек, айналаның бәрі биіктігі 10 сантимерлік ернеулермен (бордюр) қоршалған. Дәмхана алдындағы пандусты көріп, жаңағы ернеулер түк емес екенін түсіндік.

"Атакент" маңындағы ернеулер

Elephant дәмханасының пандусы

Сәл әріде тұрған ер адам жүгіріп келіп, көмектеспесе, Богдан бұл мекемеге кіре алмас еді. Американдық төбешік іспеттес пандуспен қиналып болса да, Elephant-қа кірдік. Мүгедектерге арналған көмек батырмасын (кнопка) да таба алмаған соң, Богдан мекеме басшылығына ренішін білдіріп, пандустың стандартқа сай емес екенін айтты. Әкімші, директорына дейін жүгіріп шығып, мәселені алдағы уақытта шешетінін жеткізді.

Биіктігі бір метрден асатын төбешіктен баяулап түсіп, жақын маңдағы банк бөлімшелеріне беттедік. Kaspi.kz-тің кіреберісінен көмек батырмасын көріп, қуанып кеттік. Бірақ арбадағы адамның пандус тұрмақ, бөлімше маңына да жолауы мүмкін емес. Тағы да ернеуіл.

"Атакент" аумағындағы Kaspi.kz бөлімшесіне беттедік

«Не керегі бар осы ернеулердің? Әрқайсына бөлек ақша жаратқанша, цемент төгіп, бір тегіс жер жасауға болмас па еді?» - деп ашынды Богдан. Біз банк қызметкерлері бұл жайлы не дейтінін білгіміз келіп, жақын барып, батырманы басып көрдік. Істейді екен, іштен бір қызметкер шығып, Богданға көмектесуге ұмтылды.

«Мен ешкімнің көмегінсіз қалаған жеріме өзім кіріп-шығуым керек қой, сіздерде пандус жоқ па?» деп еді, банк қызметкері жиналмалы пандусты жайып жіберіп, Богданды бөлімшеге кіргізді. Ішке кіріп, орындықтар мен үстелдердің биіктігі стандартқа сай екенін көріп, Богдан шын қуанғандай болды.

"Атакент" аумағындағы Kaspi.kz бөлімшесі

Көршілес Center Credit Bank бөлімшесінде пандус жоқ, қоңырауымызға да ешкім шықпады. Өзіміз кіріп, сыртта арбада адам бар, қай есіктен кірсе болатынын, әкімшіліктен біреу шығып, пікір беруін сұрадық. Басшылық орнында емес екен, ал Богдан сияқтыларға бұл бөлімше қызметкерлері тек далада қызмет көрсететін болып шықты.

«Егер менеджер кеңесі керек болса, біздің мамандар далаға шығып көмектеседі. Басқаша кіре алмайды» - деді кіреберісте отырған ер адам.

Темирязев, 42 к10а мекенжайы бойынша орналасқан Bank CenterCredit бөлімшесі

Біз банк бөлімшесінің биік баспалдақтарына қинала қарап тұрғанда, KFC кафесінің алдында тұрған қыз көмектескісі келді.

«Мынадай биікке сен итерсең де шыға алмаймын. Сен тұрған жерге мен де бара алмаймын» - деді Богдан. Расында, қыз кезекте тұрған KFC ғимаратының пандусы да тым биік еді.

Көршілес орналасқан KFC фастфуд желісінің ғимараты

Біз дені дұрыс пандус кезігер деген үмітпен, Әуезов көшесімен төмен қарай бет алдық.

«Пандусына мейлі, тым құрыса жаяу серуендеуге ыңғайлы тегіс көше болса дұрыс болар еді. Қазір оқпақ-соқпақ жолмен секіріп жүріп шығамыз ғой» - деген соң Богдан көше ортасында сәл кідіріп қалды. Алдында кедергі бар екен. Күш салып, алға қарай жүріп кеттік.

Әуезов бойымен келе жатып, Богдан пандусы сәл де болса қолайлырақ жасалған дәріхананы көрсетуге асыққан еді. Алайда, жеткен бойда кейіпкеріміздің көңілі түсіп кетті: жөндеу жұмыстарынан соң, жаңартылған пандустар мүлдем қолайсыз болып шықты. Тіпті балалар мен бесік арбамен жүрген аналар да бұл пандустармен көтерілуге қиналып жатты.

Әуезов к-сі, 175. "Аптека Плюс"

Әуезов к-сі, 175. "Аптека Плюс"

Бұл жолы да дәріхана әкімшілігімен сөйлесуге тырыстық, жөндеу жұмыстары кезінде қателік кеткенін мойындап, дәріхана алдындағы 4 пандустың екеуі стандартқа сай емес екенін айтты. Әкімдік дәріханаға бізден бұрын ескерту жасап, екі пандусты ауыстыруды тапсырыпты. Богдан тұшымды жауап алғанына, жақын күндері қайтадан қолайлы пандус орнатылатына қуанып қалды.

"Аптека Плюс" әкімшісі және Богдан

Пандустар тек мекемеге кіру үшін емес, қарапайым жүріп-тұруға да қиындықтар туғызуда. Бағдаршам жолағына төселген мына пандустың тіреу белгісі де жоқ, тым биік, жол жиегі болғандықтан, өте қауіпті.

Әуезов пен Ғабдуллин көшелерінің қиылысы

Сол маңдағы кітапхананы көріп, Богдан «Мен кітапханаға да кіре алмайды екенмін ғой, пандусымен көтерілдім дегеннің өзінде, есігіне сыймаймын» деп әзілдеп алды.

Әуезов пен Ғабдуллин көшелерінде қиылысында орналасқан кітапхана

Raza дүкені маңына келіп, «Мүгедектер арбасында отырғандар шабадан, сөмке сатып алғысы келеді деп ойламай ма екен?» деген Богдан кәсіпкерлердің көбі пандусты тек «бар» сияқты болып тұру үшін жасай салатынын айтып ренжіді.

«Қазір тек «бар» деу үшін жасап қойған пандусы бар мекемелерге шағымдансаң,  «Бастысы бар ғой»деп ренжиді. Кейде қатты қиналып, түсіп менің орныма арбаға отырып, сол пандуспен көтеріліп көруін сұраймын, көтеріле алса, әрине, мен үндемес едім. Сол ыңғайсыздықтың кесірінен, көпқабатты үйлерде тұратын, бірнеше жылдан бері көше көрмеген мүгдектер де бар. Бұл құқық шектеу ғой».

«Алатау-Құс» болса тіпті шығынданбапты, пандус жоқ, тек есікке көмек батырмасы ілінген. Оны басу үшін 3 саты жоғары шығуыңыз керек. Басып та көрдік, істемейді. Дүкенге кіріп, Богданның ішке кіргісі келетінін айтқанымызда, сатушы төрге қарай кетіп қалды. Артынан ілесіп, өзге сатушылар отырған бөлмеге бардық. Бірі шығып, мүгедектер арбасында отырғандар бұрын соңды бұл дүкенге келмегенін айтты.

"Алатау-Құс" фабрикасының Әуезов көшесіндегі дүкені

«Бізге ол кісі (Богдан – ред.) кіре алмайды ғой, бізде пандус жоқ. Қазір бастықтарға хабарласып көрейін. Бірақ, бізге бұрын-соңды мүгедек арбасында отырған адамдар келмеген соң, қазір не істерімізді білмей қалдық. Мүмкін болса, біз кіруге көмектесейік», - деді қызметкерлердің бірі.

Богдан кез-келген жерге ешкімнің көмегінсіз өзі кіре алуы керек екенін айтып, кіруден бас тартты. Богданның сөзінше, талапқа сәйкес, пандусы жоқ мекемелердің көмек батырмасы бар сары белгіні ілуге құқығы жоқ екен.

«Бұл – құқықбұзушылық. Ал мынау енді тіпті мазақ қылғанмен бірдей, көрмейді деп ойлай ма екен, сонша үлкен қып жабыстырып қойғаны несі?» деп балалар дүкенінің алдында тұрған көмек батырмасын көрсетіп, Богдан алға жылжыды.

Балалар киімі дүкені

Көшенің арғы бетінен Богданның жары Екатерина келіп, әңгімемізге қосылды.

Богдан жұбайы Екатеринамен

«Әр серуеніміз осылай – американдық төбешіктен сырғанаумен бірдей. Бірақ бәрі ақырындап ретке келіп жатыр. Мейрамханалардың көбі пандус мәселесін назарға алмайды, бірақ көмектесуге ұмтылып тұрады. Баяу болса да, тамақтану орындары да пандустардың маңызын ескере бастағаны қуантады» - деді Екатерина.

Басты мақсатым – халық пен шенеуніктер арасында диалог құрылса деймін. Жұмыс жүріп жатыр, осыдан бірнеше жыл бұрын ешкім сол пандустар үшін қолының ұшын да қимылдатқысы келмейтін. Ал қазір істеп жатыр, бірақ қалай дұрыс істейтінін білмейді, нәтижесінде оны қолданатын біз қиналамыз. Ұсынысым мынау – ол пандустарды бекітілген стандартқа сай, біздің де бақылауымызбен жасаса деймін.

Әкімдік мүгедектігі бар адамдар қоғамдық көліктерде тегін жүруге рұқсат еткен болатын. Алайда Богдан автобусқа отырмағалы біраз болған, себеп – қайтадан пандус.

«Автобустар көп жағдайда тоқтамай өтіп кетеді. Аялдама ернеуіне жақынырақ тоқтап, жүргізуші ортаңғы есік жанында еденде жатқан жиналмалы пандусты жайып жіберуі керек. Бірақ жүргізушілер оның пандус екенін, жайлатынын да білмейді. Айтсам, таң қалып, «Мәссаған!» дейді. Қалай жайылатынын көрсетіп едім, бір рет те ашылмаған ба, ортасы қоқысқа толып қалыпты».

Автобустардағы жиналмалы пандус

Богдан жүргізушілерге кінә артпай, мақтау-марапатпен ынталандыру жұмыстарын жүргізу керек деп есептейді.

«Мысалы, мен автобус мүгедектер қозғалысы үшін қолайлы болса, күлген смайл жабыстырып кетейін. Ай соңында сол жапсырма санына қарай, жүргізушілерге марапат берілсін. Инва-таксимен қанша уақыт жүруге болады? (күліп)

Байқағаным, әдетте мемлекеттік мекемелердің пандустары толық стандартқа сай болмаса да, ыңғайлырақ болып жатады. Ал жекелеген кәсіпорындар өздері жасайтын болған соң, әйтеуір бір төбешік салып қоя салады. Осы тұсын да заңдастыру керек деп ойлаймын».

Біз көшеде көпшілік баспалдақтардан гөрі, мүгедектігі барларға арналған пандуспен жолды қысқартуды тәуір көретінін байқадық.

«Ол рас, бұл физиология ғой. Өзіңіз де автоматты түрде саты санап, уақыт жоғалтқанша, пандуспен жүріп кетесіз. Сол үшін қиналмастан, мүмкін  мейлінше пандусқа ауысқан дұрыс шығар. Биік-биік баспалдақтан, ұзын жатқан пандустар қаражат жағынан да тиімдірек қой».

Богдан пандус пен жалпы қолайлылық мәселесін жылдамырақ шешу үшін ең әуелі бұған мұқтаж жандардың өзі белсенді болуы керек деп есептейді.

«Біздің бүгінгі серуеніміз, ескертулеріміз іске жараса жақсы болар еді. Бірақ мұның бәрі жұмыс істеуі үшін, қозғалысымыз қолайлы болуы үшін ең алдымен сол мүмкіндігі шектеулі адамдар дабыл қағуы керек, белсенді болуы керек. Егер қандай да бір мекемеде ыңғайлы пандус болмаса, полицияға шағым түсіру керек. Сондай шағым түспейінше, құзырлы органдар келіп айыппұл салып, мекемені жауып тастай қоймайды. Сол үшін өз құқығын қорғауға мүгедектігі бар жандардың өздері ұмтылуы керек. Біздің бар екенімізге қоғам да үйренісуі керек. Үйде тығылып отырар болсақ, қоғам үшін арбада отырғандар бөтен болып қара береді.

Бір қуантатыны – қазір адамдар бізді шеттетпейді, көшеде жүрген мүгедектерге көз үйренісе бастаған сияқты. Осыдан бірнеше жыл бұрын жол айрықтарда қиналып тұрсам, адамдар итеріп-соғып, кейде байқамағансып, өтіп кете беретін. Қазір көре сала, көмекке жүгіретіндер көп, әсіресе жастар қазір өте толерантты».

Расында, серуен барысында бізге он шақты адам жүгіріп келіп, көмектесуге ұмтылды.

Байланысты жаналықтар

133 млн теңге шығын: Павлодарда мүгедектерге арзанқол гаджет сатып әпермек болғандар сотталды

15.04.2024

Kaspi.kz-те жәрдемақы, жұмыссыздық төлемдеріне өтініш беруге болады

27.11.2023

Балаға арналған Kaspi Gold-ты қамқоршылары да аша алады

19.09.2023

Қазақстандықтар өрттен зардап шеккендерге Kaspi.kz-пен бірге 200 млн теңге жинады

15.06.2023

Енді Kaspi.kz-те тұрғылықты жері бойынша тіркелуге болады

06.06.2023

Kaspi.kz E+Awards халықаралық маркетинг байқауында гран-при мен екі «алтын» жүлдеге ие болды

04.05.2023
MalimBlocks
133 млн теңге шығын: Павлодарда мүгедектерге арзанқол гаджет сатып әпермек болғандар сотталды

Кәсіпкерлік қызмет арқылы 25 млн теңгеден астам заңсыз пайда көрген жеткізуші де жазасыз қалған жоқ.

Kaspi.kz-те жәрдемақы, жұмыссыздық төлемдеріне өтініш беруге болады

Енді Kaspi.kz-те көпбалалы отбасыларға мемлекеттік жәрдемақы мен жұмыссыздық бойынша төлемдерге өтініш беруге болады

Балаға арналған Kaspi Gold-ты қамқоршылары да аша алады

Қорғаншылар мен қамқоршылар өз қамқорлығындағы балаға Kaspi Gold аша алады.

Қазақстандықтар өрттен зардап шеккендерге Kaspi.kz-пен бірге 200 млн теңге жинады

Kaspi.kz ниет білдіргендердің барлығы өрттен зардап шеккендерге көмектесе алуы үшін Ұлттық волонтерлік желімен бірге онлайн, мобильді қосымша арқылы тез арада қаражат жинауға мүмкіндік жасады.

Енді Kaspi.kz-те тұрғылықты жері бойынша тіркелуге болады

Kaspi.kz ІІМ Көші-қон қызметі комитетімен, Әділет министрлігімен, Цифрландыру министрлігімен, АӨО РМК және ҰАТ АҚ-пен бірлесіп жаңа сервисті іске қосты.

Kaspi.kz E+Awards халықаралық маркетинг байқауында гран-при мен екі «алтын» жүлдеге ие болды

Орталық Азияда алғаш рет ең тиімді жарнамалық науқандар, маркетингтік және коммуникациялық шешімдерге арналған E+Awards халықаралық байқауы өтті.