Шығыстың еріктілері елдің алғысына бөленіп жүр
Облыста екі мыңнан атсам волонтер бар
2024 жыл ТМД елдерінде «Волонтерлік қозғалыс жылы» болып жарияланған еді. Бұл бастаманы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр Бішкекте өткен Достастық мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысында қолдаған болатын. Сондай-ақ Біріккен ұлттар ұйымы Қазақстанның бастамасы бойынша 2026 жылды халықаралық волонтерлер мен еріктілер жылы деп жариялады.
«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, қолда барын бір-бірімен бөлісіп, біріне-бірі қамқор, тілеулес болған қазақ қоғамы үшін еріктілер қозғалысы - ежелден жат дүние емес. Қазіргі еріктілер әртүрлі салаларда тегін көмек көрсетеді. Ауруханалар мен қарттар үйлерінде көмектесетіндер бар. Біреу панасыз иттер мен мысықтарға қамқорлық жасайды. Кейбір ұйымдар балалар үйлеріне көмек көрсетуге маманданған. Сондай-ақ табиғатқа, қоршаған ортаға қамқорлық танытып жүретін эко-волонтерлер де болады. Қандай жағдай болса да, қазір елімізде алғы шепте осы еріктілер жүр.
Шығыс Қазақстанда 2020 жылы Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша облыстық «Жастар ресурстық орталығы» базасында волонтерлердің өңірлік фронт-офисі құрылды. Оның желісі 11 қала мен аудандарға таралған. Яғни, осы фронт-офис - өңірдің барлық еріктілер мен волонтерлік ұйымдарды біріктіретін кеңсе.
Облыстық волонтерлер фронт-офисінің жетекшісі Айдос Әділбекұлының айтуынша, аймақта барлығы 2 044 ерікті бар. Оның ішінде 37 ҮЕҰ мен клубтарда 1524 адам, 13 бастамашыл топта – 250 адам. Сонымен қатар облыста биыл 2024-2026 жылдарға арналған волонтерлікті дамыту және қолдау жөніндегі жол картасы бекітілген болатын.
- Облыс аумағында жалпы саны үш мыңнан астам адамды қамтитын волонтерлік бағыт бойынша 121 іс-шара өткізілді. Биыл ақпан айында өңір еріктілері аязды күндері көмек көрсету бойынша 50-ден астам акция ұйымдастырды. Сондай-ақ еріктілер «Таза Қазақстан» акциясына белсенді қатысып, оның аясында Өскемен қаласындағы Қазақстан тауына 600 көшет және Ұлан ауданының Асубұлақ орман шаруашылығында 22 мыңнан астам көшет отырғызды. Сәуір айында өңір еріктілері Солтүстік Қазақстан облысында су тасқынынан зардап шеккендерге 20 тоннадан астам гуманитарлық көмек жинап, жолдады. Маусымда өткен оқу-жаттығу кезеңінде 15 ерікті эвакуациялық іс-шараларды тәжірибелік пысықтау үшін зардап шеккен халық ретінде қатысты, - дейді Айдос Әділбекұлы.
Облыс орталығы Өскемен қаласында барлығы 21 оқу орны бар. Соның әрқайсында кішігірім волонтерлік ұйымдар жұмыс істейді. Сондай-ақ қаланың белсенді жастары да түрлі ұйымдар құрып, игі істермен айналысып жүр.
- Өскеменде барлығы 14 волонтерлік ұйым бар. Олар әр түрлі бағытта жұмыс істейді. Мысалы, біреуі экологиялық волонтерлер болса, тағы біреуі - медициналық көмек көрсететін волонтерлер. Қайырымдылықпен, жоғалып кеткен адамдарды іздеумен айналысатын волонтерлер де бар. Жалпы айтқанда, қалалық фронт-офисте 250-300 ерікті тіркелген, - дейді Өскемен қалалық жастар ресурстық орталығының директоры Бақытжан Ерболова.
Өскемендегі волонтерлер фронт-офисінің негізгі мақсаты – қарттарға, мүгедек жандарға, көпбалалы аналарға көмек көрсету. Қалалық еріктілердің байланыс номерлері барлық жерде көрсетілген екен, көмекке мұқтаж адамдар олармен оңай байланысқа шыға алады.
- Негізінен әлеуметтік осал топқа жататын адамдарға көмек көрсетеміз. Бізге өздері хабарласып отырады. Біз еріктілерді жинап, оларға жібереміз. Қыс болсын, жаз болсын, волонтерлік жұмысымыз тоқтамайды. Мысалы, қыста аязда күндері үйінен шыға алмай қалатын қариялар мен мүмкіндігі шектеулі жандар бар. Солардың ауласын қардан тазартып береміз, отын-көмір түсіруге қолғабыс етеміз. Сондай-ақ суықта далада жұмыс істейтін коммуналдық қызметкерлерге де көмек көрсетеміз, - дейді Бақытжан Ерболқызы.
Биыл аймақта қыс қатты болды, боран соғып, аяз жиі түсті. Жолдарды қар алып қалып, коммуналдық қызметтер күні-түні тынбай жұмыс істеді. Сол кезде өңірдің еріктілері дәстүрге айналған «Жылылық сыйла» акциясын өткізіп, жұмысшыларға ыстық шай мен бауырсақ таратқан еді. Ал ауылдардағы жастары еріктілер апталығын өткізіп, қайырымдылық жасап жарысты. Үйлердің ауласын қардан тазартуға көмектесіп, мүгедек жандарды емханаға тегін тасымалдаған. Мұндай акциялар облыстың түкпір-түкпірінде жалғасын тауып жатты.
Алғыс айту күніне орай облыстық Жастар ресурстық орталығының бастамасымен Өскеменде «Қоржын» қайырымдылық акциясы ұйымдастырылған болатын. Бұл бастамаға аудандағы жастар да қосылды. Олар мұқтаж жандарға көмектесіп, аз қамтылған отбасыларға азық-түлік таратты. Мұндай акциялар облыс аумағында жиі өткізіліп тұрады.
Облыс орталығында автоеріктілердің қызметі де жақсы дамыған. «Өскемен-АСАР» деп аталатын автоеріктілер жобасы – қалалық әкімдіктің қолдауымен осыдан бес жыл бұрын басталған жоба. Ол жылдан жылға пайда әкеліп, жалғасын тауып келе жатыр. Автоеріктілердің қызметіне жалғыз басты зейнеткерлер, мүгедектігі бар адамдар, көпбалалы отбасылар, мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналар жүгіне алады.
- Өзінің көліктері бар жастар осы жобаға белсенді қатысып отырады. Олар бізге тіркелген. Зейнеткерлерді мүгедектігі бар адамдарды көпбалалы аналарды және тағы басқаларын еманаға, базарға, қоғамдық орындар мен саябақтарға тегін жеткізіп тастайды – дейді Бақытжан Ерболқызы.
Бұл жобаның жүзеге асырылып, нәтиже көрсетіп отырғанына, міне, алты жыл болды. Өткен жылы еріктілер 260 шақырту алып, қызмет көрсеткен.
Облыстың бас шаhарында еріктілерді қолдау мақсатында республикалық жоспарға сәйкес жеті бағыт бойынша «Birgemiz» жол картасы іске асып жатыр. Оның ішіндегі «Qamqor» және «TazaAlem» бағыттары бойынша түрлі акция ұйымдастырылып, көптеген әлеуметтік мекемелер көмекпен қамтылған.
- Біздің ұйым Жастар орталығымен бірлесіп, көптеген іс-шараға бастамашы болды. Түрлі марафондарға қатысамыз. Балалар үйіне, қарттар үйіне барып, қолғабыс етеміз. Еріктілер өз ойларын жүзеге асырған сайын халықтың билікке деген сенімі нығая түседі деп ойлаймын. Осы кішкентай ғана жұмыстарымызбен елдік істерге қадам басамыз, – дейді «Мейірім» волонтерлік ұйымының жетекшісі Азизбек Нұрполат.
Сонымен қатар өңірде «Экологиялық патруль» жобасын іске асырылып жатыр. Биыл оған 120 жас бала қатысты. «Эко-патрульдің» мақсаты - эко-волонтерлердің жұмысын үйлестіру, жергілікті жерлерде қоқыстардың жиналып қалуына мониторинг жасау, мемлекеттік органдарды жиналған жерлер туралы хабардар ету, бірлескен жұмыстарды ұйымдастыру. Осы жоба аясында қатысушылар үшін оқыту семинарлары, тренингтер ұйымдастырылып отырады.
- Мен – Өскемен қалалық фронт-офисінің еріктісімін. 2023 жылдан бастап өз еркіммен келіп қосылдым. Осы уақыт аралығындағы өткен шаралардың барлығына қатыстым. Бізде мектеп оқушыларынан, студенттерден, басқа да ұйымдардың мүшелерінен құрылған топ жұмыс істейді. Жұмысымыз елімізде жүріп жатқан көптеген акцияларға қатысу арқылы мұқтаж жандарға көмек қолын созуға бағытталған. «Жылылық сыйла», «Таза Өскемен», «Жасыл ел», «Автоеріктілер» секілді акцияларды жүзеге асырып, қаламызға, оның тұрғындарына өз пайдамызды тигізуді мақсат етеміз. «Игі істер» марафоны аясында көптеген жұмыстар жүргізілді. Қарттарға және де басқа да физиологиялық проблемалары бар тұлғаларға көмектесіп, ауласын тазалау, көмір кіргізу, басқа да қажеттіліктерін қамтамасыз ету іс шараларын жүзеге асырдық. Экологиялық патруль акциясы арқылы қоршаған ортаны тазартып , қоқыс қалдықтардан тазарту жұмыстарын жүргіземіз, бұл - «Таза Қазақстан» акциясының жалғасы. Өзім медицина саласында білім алып жатқандықтан, науқас адамдарға күтім жасау жағында бірқатар жұмыстар атқардым. Жалпы, қатарымыз күн сайын артып келеді. Қазіргі таңда адамдардың жүрегіне мейірімділік, бойына адамгершілік қасиеттері ұялап жатқаны бізді аса қуантады, - дейді өскемендік ерікті Мадина Авдил.
Фото: Жастар ресурстық орталығы