Билл Гейтс өзінің байлығына қатысты маңызды шешім қабылдады
Биыл күзде Билл Гейтс 70 жасқа толады

Microsoft компаниясының негізін қалаушы Билл Гейтс алдағы жиырма жыл ішінде байлығының 99 пайызын қайырымдылыққа жұмсауға шешім қабылдағанын жариялады. Бұл туралы ол өзінің ресми сайтында мәлімдеді, деп хабарлайды Malim.kz.
Мен өлгенде мен жайлы көп нәрсе айтылатын болады, бірақ мен бір нәрсеге бекем бел будым — мен туралы «ол бай күйінде қайтыс болды» демесін, - деп жазды миллиардер.
Сонымен қатар ол америкалық кәсіпкер және филантроп Эндрю Карнегидің: «Бай болып өлген адам — абыройсыз болып өлген адам» деген сөзін мысалға келтірді.
Алайда қазірдің өзінде, Гейтс өз байлығының 99 пайызын таратып берсе де, ол миллиардер болып қала бермек. Оның айтуынша, қазіргі таңда жеке капиталы шамамен 108 миллиард долларды құрайды.
Билл және Мелинда Гейтс қоры бұған дейін де денсаулық сақтау және өзге де маңызды салаларда түрлі жобаларды қаржыландырып келген. Алайда енді Гейтс бұл шығындарды едәуір жеделдетуді ұйғарған. Егер бұған дейін қор олардың өлімінен кейін де ондаған жылдар бойы жұмысын жалғастырады деп жоспарланса, енді ол барлық қаржы 2045 жылға дейін жұмсалып, қордың қызметі сол жылы аяқталатынын мәлімдеді.
Осы күзде Билл Гейтс 70 жасқа толады. Оның есебінше, келесі жиырма жылда қор шамамен 200 миллиард доллар жұмсайды, алайда бұл сома нарықтық жағдай мен инфляцияға байланысты өзгеруі мүмкін. Қордың құрылғанына 25 жыл ішінде ол 100 миллиард долларды әлем елдеріндегі денсаулық сақтау мен даму салаларына бағыттаған.
Алдағы кезеңде қор үш басты бағытқа басымдық бермек: ана мен бала өліміне себеп болатын, алдын алуға болатын ауруларды жеңу, жұқпалы аурулармен — оның ішінде безгек пен қызылша сияқты кеселдермен күресу және әлемнің әртүрлі өңірлеріндегі жүздеген миллион адамды кедейліктен құтқару.
Фото: Reuters