«Жақсылық жасамайтын адамға сенім болмайды»

Олжас Қасым

  • 31.03.2020

Коронавирус дүниежүзінің жүзден аса мемлекетіне тарап кетті. Қазір әр мемлекет жаппай бұл індетпен күресуде. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ 3 миллион адамға әлеуметтік көмек көрсетілетінін және ауылшаруашылығына да, бизнеске де мемлекеттен қаржылай көмек болатынын айтқан-ды. Бұл індетпен күресте азаматтық қоғамның да маңызы аса зор. Қоғамдық ұйымдар мен қоғам мүшелерінің де мемлекетшілдік ұстанымы қажет-ақ. МӘЛІМ КЗ сайтының тілшісі пандемия кезінде азаматтық қоғамның белсенділігі жайында қоғам қайраткері, «Алма-Ата» әйелдер клубының жетекшісі Бент-Анат БЕЙСЕМБАЕВАМЕН аз-кем сұхбаттасқан еді.

── Бент-Анат ханым,  сіз жетекшілік ететін «Алма-Ата» әйелдер клубы 2014 жылдан бері түрлі қайырымдылық шараларын ұйымдастырып келе жатыр. 120 қарт адамға күнде тегін нан таратасыздар. Басқа да азық-түлік бересіздер. Қазір жұмыстарыңыз қалай?

── Карантин жарияланады дегенде сол өзіңіз айтып өткен 120 отбасына керекті тамақтарын артығымен апарып бердік. Жүз елу медициналық маска да бердік. Себебі қазір жүріп-тұруға шектеу қойылды. Заң бәрімізге ортақ. Бірақ қол қусырып отыруға болмайды. Қазір технологиялар дамыған. Байланыс құралдары көп. Шын ниетімен мұқтаж жандарға көмектесемін деген адамда мүмкіндік бар. Мәселен, осындай сын сағатта азаматтық позициясын танытқан Ажар Жандосова өз қалтасынан жеті жүз  медициналық бас киімді №2 инфекциялық балалар ауруханасының дәрігерлеріне сатып берді.  Меніңше, бұл үлкен көмек. Көмек пен жақсылықтың үлкен-кішісі болмайды ғой.

── Түрлі қайырымдылық шараларын ұйымдастырдыңыз. Бұл сала сізге таныс. Қазіргі азаматтық қоғамның белсенділігін қалай бағалайсыз? 

── Барлығымыздың басымызға келген нәубет қоғамды біріктірді деп ойлаймын. Белгілі кәсіпкер Нұрлан Смағұлов сынды азаматтарды айтпағанда қарапайым азаматтардың өзі қолындағы барын бөліп беріп жатыр. Кейбір адамдар «үйде зерігіп кеттік» деген сияқты сөздерді айтады. Зерігуге болмайды. Есіңізде ме, елімізде көктемгі су тасқындары болғанда азаматтық қоғам өз үнін танытты ғой. Бұл жолы да ынтымағын көрсетіп жатыр. Меніңше, басымызға түскен осы ауыртпалық бізді біріктірді. Мейірімді оятқандай. Францияда бір адам қайырымдылыққа 100 еуро жұмсаса, 60 еуросы қайтып келеді. Сондай жүйе орнатқан. Дамыған елдерде қайырымдылықпен айналыспайтын адамдармен ешкім қандай да бір келісімшарттар жасамайды. Түрлі жобаларда серіктес болудан қашады. Жақсылық жасамайтын адамға сеніммен қарамайды.

── Азаматтық қоғамның қолдауына кімдер мұқтаж деп ойлайсыз?

── Халықтың қолдауын ең бірінші кезекте дәрігерлер сезінуі тиіс. Қазір барлығымыз ақ халатты батырларымыздың тілеуін тілеуіміз қажет. Ақпарат құралдарынан 120 дәрігердің коронавирус жұқтырғанын естідік. Бұл бәрімізді мұңайтты. Қазір мына жағдайда құндылықтар да ауысып жатыр. Дәрігерлерге деген көзқарасымыз өзгерді. Мен медицина саласындағы мамандарды жақсы түсінемін. Себебі өзім дәрігерлер отбасында өстім. Рестораторлар клубының басшысы Гүлнар Катибаева дәрігерлерді тамақпен қамтамасыз етті. Бұл үлкен адамгершілік!

── Сіз әлеуметтік желіде үйсіз жүрген қаңғыбас жандардың проблемасын көтердіңіз. Қоғам қауіпсіздігі әрбір адамға байланысты болып тұрғанын қаншалықты түсіне алдық?

Қаңғыбас жандар – біздің қоғамның жаралы тұсы. Алматының өзінде ақпарат құралдарының жазуынша, он мың қаңғыбас жан бар екен. Дәрігерлердің айтуынша, олар «биологиялық бомба». Яғни түрлі ауруларға ұшыраған адамдар. Сондықтан да коронавирус тарап жатқанда оларды оқшаулау мәселесі өзекті. Осындай пандемия кезінде ғана емес, жалпы олардың тағдыры барлығымызды ойлантуы керек. Әрине, қаңғыбас жандар барлық елдер де бар. Бірақ оларды адам санатына қосу, мемлекеттің азаматы екендігін сезіндіру үшін ауқымды жұмыс атқарылуы ләзім. Ондай жандардың өмірін өзгертетін әлеуметтік лифтілер іске қосылса.

──Әңгімеңізге рақмет.

Сұхбаттасқан Қанат Тілеухан

Фотоны автор ұсынды.

Байланысты жаналықтар

Ресейде коронавирустың жаңа штаммы тез тарала бастады

22.09.2024

Молдова президенті коронавирусқа шалдықты

27.08.2024

Алматылық қариялардың 30 пайызы короновирус жұқтырған

23.08.2024

Коронавирус қаупі. Маска тағу міндеттеле ме?

16.08.2024

Олимпиадада жүлде алған 3 спортшы мен 2 бапкерден коронавирус анықталды

15.08.2024

Джо Байден коронавирус жұқтырды

18.07.2024
MalimBlocks
Ресейде коронавирустың жаңа штаммы тез тарала бастады

Роспотребнадзор XEC COVID-19 штаммының тез таралып жатқанын хабарлады

Молдова президенті коронавирусқа шалдықты

Ол Тәуелсіздік күніне арналған шараларға қатыспайды

Алматылық қариялардың 30 пайызы короновирус жұқтырған

7 күнде 4 КВИ жағдайы тіркелген

Коронавирус қаупі. Маска тағу міндеттеле ме?

Профилактикалық және эпидемияға қарсы іс-шаралар қамтылған

Олимпиадада жүлде алған 3 спортшы мен 2 бапкерден коронавирус анықталды

Президенттің Париж Олимпиадасының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі кейінге қалдырылды.

Джо Байден коронавирус жұқтырды

АҚШ президенті осыған байланысты Лас-Вегаста өтетін конференцияға қатыса алмайды.