Аймағамбетовтің Рахымбаевқа сөзі жүрмей ме?

  • 14.09.2020
  • Malim Админ

Мемлекеттік бас санитар дәрігері Айжан ЕСМАҒАМБЕТОВА білім және ғылым министрі Асхат АЙМАҒАМБЕТОВТІҢ  жүздеген маскасыз адамдардың ортасында түскен суреттеріне қатысты пікір білдіріп, бұл жағынан ешкім жауапсыз қалмайтынын айтқан. Бірақ, Аймағамбетов бұған әлі де қатысым жоқ деп ойлайтын сияқты.

Министр Аймағамбетов Бурабайдағы IQanat ауыл балаларына арналған мектептің ашылу салтанатына қатысып, ол түскен бірнеше сурет әлеуметтік желіде тарап кетті. Суреттерден пандемия кезіндегі санитарлық талаптардың орындалмағанын көруге болады. Бұл туралы Николай ЭНЕЛАНЕ Facebook-та жазды.

«Бұл әлгі мектептерді ашуға болмайды, өйткені, қауіпті топтағы балалар үлкендерге жұқтыруы мүмкін дегенді айтқан министр ғой. Асхат Аймағамбетов, бұл қалай, екі түрлі стандарт қайдан шыққан? Не үшін біреулерге болады, басқаларға болмайды?» - деп министрдің өзін белгілеп тұрып, сұрақ қойды.

[caption id="attachment_7256" align="alignleft" width="960"] IQanat мектебінің ашылу салтанатына жиналған адамдар. Фото: Н. ЭНЕЛАНЕ Facebook парақшасы[/caption]

Одан бөлек, Денсаулық сауқтау министріне де сұрақ қойған. «Еститін мемлекет» құрғалы әлеуметтік желіден бір-бір парақша ашып алған шенеуніктер, қазір көп жағдайдан хабардар. Бас санитар дәрігер Есмағамбетова да бұл жайтты бақылап отыр екен.

«Бізге бұл факті белгілі. Ол бойынша тиісті шара қабылданады. Заңды тұлғаларды да, жеке тұлғаларды да әкімшілік жауапкершілікке тарту тәртібі бар. Бұл оқиғаға да осы шаралар қолданылатын болады», - деді ол журналистерге берген жауабында.

Бұдан ары, күткендей БҒМ үн қата қоймады. Мұндайда, ақталып, өзіне тікелей сұрақ қойып отырған журналистке ғана емес, бас санитар дәрігерге қарата да бір мәлімдеме жасауы керек еді. Бірақ, Аймағамбетов «өзім маскамен жүрдім, басқалар үшін жауап бермеймін», деді ме екен, үнсіз қалғанды жөн көріпті. «Еститін мемлекеттің» бас ұстазы балалық шағы туралы әсерлі естелік жазғанын айтпасақ, бұл мәселеге қатысты әлеуметтік желіде де тіл қатпады.

MALIM.KZ тілшісі Білім және ғылым министрінің баспасөз хатшысы Гаухар ОМАРБЕККЕ хабарласып, болып жатқан жайтқа қатысты ресми пікір сұраған. Ресми пікір өте қысқа болды: «Маскамен ғой». Яғни, министр маскамен жүр.

Бұдан кейін БҒМ ресми өкілі телефон тұтқасын көтермеді. Жеке нөміріне жіберген хатқа жауап берген жоқ.

Министрдің кеше ғана балалық шағы туралы толқи отырып пост жазғанын айттық. Мектепке барғанда оқушы кезі есіне түсіп кетті ме екен, айналасына «әй, маска тақсаңдаршы» демепті. Естеліктердің ортасында жүріп, суретке де «дұрыстап» түсуді ойламапты. Өйткені, Айдын РАХЫМБАЕВ өзгелер суретке түсіп жатқанда «маскаларын шешіп, демалмай тұрғанын» айтқан. Әйтпесе, маскасын шешіп, қалтасына салып (!), бірнеше секунд демалмай тұруға жап-жас министрдің де шамасы жетер еді ғой...

[caption id="attachment_7257" align="alignleft" width="960"] IQanat мектебінің ашылу салтанатына министр Аймағамбетов те қатысты. Фото: Н. ЭНЕЛАНЕ Facebook парақшасы[/caption]

Аты шулы суреттің жыры басталған соң, Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің ресми өкілі IQanat High School of Burabay-ға қатысты тексеру басталғанын хабарлады. Кімнің демалмай тұрғаны, кімнің шыдамай, демалып қойғаны тексеру нәтижелерінен соң белгілі болып қалар, Ержан БАЙТАНАЕВТЫҢ сөзінше, әзірге анығы:

«Бұл көп адам шоғырланған шара Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің Бурабай аймақтық департаментінен алдын ала рұқсат алмай өткізілген».

Ауыл балаларын әлемдік озық технологиямен оқытатын әйдік мектептің көп шаруасын ұйымдастырған кәсіпкер, меценат Айдын РАХЫМБАЕВҚА соншама шаруа бітіргенде министр де «маска тақсаңыз қалай болады?» деп айтуға ыңғайсызданған сыңайлы.  «Мынадай мектеп ашып жатырмыз ғой», деп міндетсімесе де, «еңбегіміз бар ғой», деп арқаны кеңге салды ма екен, тиісті департаменттен рұқсат сұрауды да ұмытып кетіпті.

Пандемия кезінде білім және ғылым министрі қатысқан (!), мектепте өткен (!) үлкен шараға жиналған жүздеген адамның ортасында маска таққан жалғыз жан көрсеңіз, ол Қазақстанның мәртебелі бас ұстазы! Ол бүкіл жауапкершілігі өзіне қарап тұрған мектепте жүрсе де ешкімге «маска тағыңдар!» деп айтпайды. Өйткені, ол жұртқа сөзімен емес, ісімен үлгі болып жүр...

Байланысты жаналықтар

Қазақстандық ЖОО-лар берген диплом шетелде де жарамды

17.09.2020

"Кене тастай жабысып, малымызды қырып бара жатыр"

17.05.2020

Тоқаевтың кеңесшісі - Чакрабарти

14.09.2020

Тоқтай тұр!.. "Біз – өзгелер" деген - қауіпті элемент.

01.03.2020

 «Аллажар» фильмінің режиссері Қалдыбай Әбенов қайтыс болды

09.07.2020

Бүгін коронавирусқа шалдыққан он адам жазылды

28.03.2020