Райымқұловадан көңілі қалғандар Тоқаевтан қолдау күтеді

  • 14.02.2020
  • Malim Админ

Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының басшылығы соңғы бес жылда үш рет ауысқан. Бұл ұжымды әбден мезі етсе керек. Қазір 94 жылдық тарихы бар театрдың директоры – Сәбит Әбдіхалықов. Ол театр директоры  болып 2018 жылдың желтоқсанында тағайындалған. Жыл сайын ауысатын басшылық өнер ұжымына да қолайсыз. Бұл мәселені қозғап актерлар  Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұловаға хат жазған. Министрден қайыр болмаған соң Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына ашық хат жазуға мәжбүр болған.

«Ұжым бір басшымен жұмыс істеуіне енді үйрене бергенде, ауыстырып жіберетін дәстүр қалыптасты. Жаңа басшы келмей жатып, оны да жақын арада тағы ауыстырады деген сөз шығатынына етіміз де үйреніп кетті. Бұл фактор театр жұмысының атмосферасына, өндірісіне кері әсерін тигізіп келеді. 94 жылдық тарихы бар театрда басшылықтың жиі ауысуы ұжымда тұрақсыздық тудырып, қолға алынған істердің аяқсыз қалуына алып келері сөзсіз.

Енді міне, 1 жылға жуық қызмет атқарған Сәбит Әбдімүтәліұлы Әбдіхалықовты лауазымынан босатады деген әрекеттер Сізге хат жазуды мәжбүрлеп отыр», деп жазылған Abai.kz сайтында жарияланған хатта.

Әуезов театрының әртістері Әбдіхалықовтың директор қызметінен алынуына қарсы. «КТА» телеарнасына берген сұхбаттарында бір топ театр қайраткерлері өз пікірлерін ашық айтқан.

Нұржан Бексұлтанова, актриса:

- Тағы бір бастық келіп, тағы талан-таражға салса, не боламыз? Біз театрда әр бастықтың жағдайын ойлап, әркімнің көңіліне қарап жүргенде, өнер қайда қалады? 

Қазір театрдың басшысы Сәбит Әбдіхалықов ауруханада жатыр екен. Ал орынбасарына вице-министр қысым жасапты.

Әлібек Әмірсейітов, М. Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық драма театры директорының орынбасары:

- Министрдің атынан Дәуешов мырзаның өзі маған: «арыз жазып, өз еркіңмен кетіңдер» деп жазып жатыр.

Жаңа жылдан бастап әртістерге түрлі сахна киімін тігіп, сахнаны безендіретін қызметкерлердің жалақысы қысқарған. Осылайша сахна майталмандары министр басшы тағайындаудан гөрі, жастарға жағдай жасап, жалақыны көбейтсе дейді. Ал министрліктің берген жауабы наразы әртістердіңдің ойымен қабыспайды.

Күміс Сейітова, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, Мәдениет және өнер істері департаментінің директоры:

- Бүгінгі күні жұмыстан босату деген бізде ой жоқ. Бірақ жұмыстың тиімділігіне қарай, оның іскерлігіне қарай, ары қарай «бұл жұмысты алып кете ала ма, алып кете алмай ма?» деген мәселе туындауы мүмкін. Сонымен қатар ұжымның пікірі бізге маңызды.

Өнер майталмандары министрмен бетпе-бет кездесіп, мәселені толық түсіндірмекші. Бірақ әзірге Ақтоты Райымқұлова әкемтеатрдың әртістерімен кездесуге уақыт таба алмай жүрген сияқты.

Ал осыдан 2018 жылдың соңында Сәбит Әбдіхалықов әкемтеатрға басшы болып келгенде біраз адам таңданысын жасыра алмаған. Себебі әзіл-ысқақ айналасында жүрген, концерт ұйымдастырып, кеш жүргізетін адам қалай әкемтеатрды басқарады деген сауал туындаған. Оңтүстікте циркті, кейін Балалар мен жасөспірімдер театрын басқарған Әбдіхалықов бұрынғы министр Арыстанбек Мұхамедиұлының қолдауымен театр басшылығына келген. Кіл мықтылар істейтін өнер ұжымын басқару, әрине, оңай емес.

Басшылары ауысып әбден зәрезап болған әртістер енді Тоқаевтың сөзін күтеді. Оларға керегі Әбдіхалықов па, әлде басқа. тұрақты басқаратын басшы ма? Бұл сауалдың да жауабы белгілі болып қалар.

Байланысты жаналықтар

Жетілдірілген әліпби Unicode таңбалау стандартына сай

06.03.2021

Несіпбек ДӘУТАЙҰЛЫ. Шал

23.12.2020

"Әзілің жарасса..." немесе кімнің рөлін ойнауды білетіндер

06.07.2020

«Азаматтық алаңда» халықтың цифрлық сауаттылығы талқыланды

05.05.2021

Жол сорабындағы үй

15.04.2020

Тынымбай НҰРМАҒАМБЕТОВ. Келін

09.03.2021