БАҚ: Мәдениет және спорт министрінің орынбасары ұсталды
ҚазТАГ ақпарат агенттігі құпия ақпарат көзіне сілтеме жасап, мәдениет және спорт министрінің орынбасары Сәкен Мұсайбековтің ұсталғанын хабарлады.
"Мұсайбековті "антикор" қызметкерлері ұстады. Ол қазір Алматыда тергеу шараларына қатысып жатыр", - деді құпия ақпарат көзі ҚазТАГ ақпарат агенттігіне.
Бұған дейін премьер-министрдің штаттан тыс кеңесшісі Ербол Еділов Telegram-арнасында Сәкен Мұсайбековтің ұсталғанын, оны Нұр-Сұлтан – Дубай рейсінен түсіріп алғанын жазған.
Malim.kz бұл ақпараттың рас-өтірігін білу үшін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз қызметіне хабарласты. Баспасөз қызметінің өкілі Нұрбек Набиев бұл ақпаратты растамады, бірақ терістемеді де. "Бізде бұл бойынша әзірге ешқандай мәлімет жоқ. Бізде апта соңында жедел тергеу шаралары бойынша брифинг болады. Осы сұрақты сол жерде қойсаңыз, агенттік позициясы белгілі болады", - деді Н.Набиев.
Malim.kz бұл мәселе бойынша мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз хатшысы Әсел Серікбаеваға хабарласты. "Бізде ешқандай ақпарат жоқ. Ол кісі 22 ақпан мен 5 наурыз аралығында еңбек демалысында. Басқа ақпарат бізде жоқ", - деп қайырды.
Сәкен Мұсайбеков мәдениет және спорт министрінің орынбасары қызметін алғаш рет 2015 жылдың ақпаны мен 2019 жылдың қаңтары аралығында атқарды. Ал бұл уақытта мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы болған. Мұсайбеков 2020 жылдың мамырында мәдениет және спорт министрлігіне қайтып оралып, вице-министр болып тағайындалды.