Академик Уахит Шәлекенов дүниеден озды

  • 18.11.2020
  • Malim Админ

Академик Уахит Шәлекенов 96 жасында өмірден өтті. Бұл қаралы хабарды ақын Қасымхан Бегманов көпшілікке фейсбук парақшасында естіртті.

Ғалым 1924 жылы Батыс Қазақстан облысы Бөкей ордасы ауданы Бөрілі ауылындадүниеге келген. Тарих ғылымдарының докторы (1967), профессор (1972). Қазақстан Республикасы Гуманитарлық ғылым академиясының академигі (1991). Қазақстан Республикасының (1984) және Өзбекстан Республикасының (1984) еңбек сіңірген ғылым қайраткері.

2-дүниежүзілік соғысқа қатысқан, отставкадағы полковник. Қарақалпақ мемлекеттік педагогика институтын (1948, қазіргі Нөкіс мемлекеттік университеті) бітірген. Қарақалпақ облыстық партия комитетінде дәріскер (1948–195]), КСРО ғылым академиясының Этнография институтында аспирант (1950–1953), Өзбекстан ғылым академиясының Қарақалпақ бөлімшесінде сектор меңгерушісі (1953–1970), Шымкент мемлекеттік мәдениет институтында кафедра меңгерушісі (1970–1972) болған. 1973 жылдан ҚазҰУ-да декан, кафедра меңгерушісі боп қызмет еткен.

«Профессор Уахит Шәлекеновтың өмірбаяны XX ғасырдағы қазақ халқының тарихымен тамырласып, сабақтасып, астасып жатыр. Еліміз басынан кешірген зорлық-зомбылық, қуғын-сүргін, Совет үкіметі жүргізген ұжымдастыру саясатының зардабы мен залалы, аштық, соғыс, қысқасы, сол заманғы зобалаң мен қайғы-қасірет атаулының бәрі оның әулетін айналып өткен жоқ. Яғни, ғалым өмірінен ел тарихының шындық шежіресі де қоса тарқатылады.

Нарынқұмда туып-өсіп, жастық шағы Қарақалпақстанда өткен, Мәскеуде аспирантурада оқып, Өзбекстанда ғылым докторлығын қорғаған Уахит ағамыз кемеліне келген шағында туған еліне қызмет ету мақсатымен 1970 жылы тарихи отанына қоныс аударған. Мұның бәрі сол кезеңдегі қазақ өмірінің боямасыз шындығы, көркем айнасы десе де болады.

Ғалымның ғылымға адал берілген ақ жүрегінен қазақ ұлтына тән менталитетті, сана-сезімді, ынта-ықыласты айнытпай байқап, аузынан шыққан әрбір сөзін, салиқалы ой-пікірін келешек ұрпаққа қаз қалпында жеткізу үшін жазып алып, көпшіліктің назарына ұсынуға ерекше құлшыныспен кірістік. Уахит аға көзі көрген ұлағатты ұстаздары туралы айтқанда сол кісілермен қатар жүргендей әсерге бөлендік, зерттеу жұмыстарын жүргізген архелогиялық нысандарды көзбен көргендей, ғылыми экспедицияларда бірге болғандай сезім күйін кештік. Сөздің құдіреті дегеніміз де осы шығар.

Ғалымның туысқан қарақалпақ еліндегі еңбегі жанып, «Казахи низовьев Амударьи» монографиясы жарық көрді. Бұнда адамзат тарихындағы алғашқы пайғамбарлардың бірі – Заратуштра және оның отаны, «Авеста» кітабы, арийлік өркениет, Шыңғысхан жайында, ұлы хан құрған империядан соң халық болып қалыптасқан тайпалар туралы, көне тарихымызға қатысты мол деректер қамтылған. Уахит Хамзеұлы ғылыми пайымдаулары арқылы табиғатпен тел өскен түрік халықтарының дүниетанымын танытатын тылсым сырлардың құпиясын ашып, оқырманның санасына сынамалап отырып-ақ дәл жеткізеді.

Профессор Уахит Шәлекенов көне түріктердің астанасы – Баласағұн қаласын тауып, шәкірттерімен бірге зерттеп, қазақ археологиясы мен этнографиясына, тарих ғылымына үлкен үлес қосты. Ұлы Жібек жолындағы орта ғасырлық қалалар, Тұран-Түрікстан мәдениеті мен рухани орталығы, қазақ халқының азаттығы жолында күрескен қаһармандар, қазақтың отбасы институтының қалыптасуы, Сырдария бойындағы көне мәдениет туралы кеңінен баяндап, оқырманға жеткізу жолында ерен еңбектің үлгісін көрсеткенін де атап айтқанымыз жөн. Нарынның қасиетті құмында шыр етіп дүниеге келіп, мынау жарық жалғанда адам деген атына дақ түсірмей, қалай ұзақ өмір сүрудің, артында өлмес мұра қалдырудың озық үлгісін көрсетіп кетті.

Ұлтымыздың ұлық қасиеттерін ұлықтап, асылдарымызды ардақтап, салт-дәстүрлерімізді құрметтеп, барымызды бағалап өткен Уахит ағамыздың артында қалған ұлдары – Мұрат пен Болатқа, жары Мария апайымызға, немерелеріне қатты қайғыра көңіл айтамыз» деп жазды Қасымхан Бегманов.

«Жаңа Алаш» ютуб арнасынан Уахит Шәлекеновтен алған сұхбатты тыңдай аласыздар.

https://www.youtube.com/watch?v=AXQOa2Q6dUM&t=12s

Байланысты жаналықтар

Азаматтық қоғам шындала түседі

30.04.2020

Жемқорлықпен жаңаша күрес

03.02.2020

Полицейлердің қылмысы азайып келеді

04.08.2020

Ғылымды қаржыландыру артады

15.03.2021

Алматылық аула тазалаушылар

10.04.2021

Халық саны бір жылда 235 мың адамға өсті

12.02.2020