2026 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енген жаңа Салық кодексі аясында көлік салығын есептеу тәртібі өзгерді. Осыған байланысты Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті негізгі жаңашылдықтарды түсіндірді, деп хабарлайды Malim.kz.
Ескі көліктерге салынатын салық азаяды
Жаңа тәртіпке сәйкес, пайдалану мерзімі 10 жылдан 20 жылға дейінгі жеңіл автокөліктергекөлік салығын есептеу кезінде 0,7 түзету коэффициенті қолданылады. Ал 20 жылдан асқан көліктер үшін бұл көрсеткіш 0,5 деңгейінде белгіленген.
Маңызды жайт: көлік салығы жыл қорытындысы бойынша төленетіндіктен, төмендетілген коэффициенттер ескерілген салық сомасы 2026 жыл үшін 2027 жылы есептеліп, төленеді.
3 литрден жоғары қозғалтқышқа қатысты норма алынып тасталды
Жаңа Салық кодексінде қозғалтқыш көлемі 3 литрден асатын жеңіл автокөліктерге арналған жекелеген салық мөлшерлемелері алынып тасталды. Бұл норма 2013 жылғы 31 желтоқсаннан кейін Қазақстанда өндірілген немесе ел аумағына әкелінген көліктерге қатысты болған.
Фермерлерге қосымша жеңілдік берілді
Қаржы министрлігінің түсіндіруінше, шаруа немесе фермер қожалықтары басқа да жеңілдіктерге қоса, бір пикап көлікке көлік салығын төлеуден босатылады. Бұл жүргізуші кабинасы жүк бөлігінен қатты қалқамен бөлінген, жүк тасымалдауға арналған жеңіл автокөлікке қатысты. Жеңілдік бір қожалыққа бір көлік қағидатымен қолданылады.
Көлік санатын анықтау тәртібі өзгерді
Сондай-ақ көлік құралдарын пикап, джип, лимузин немесе фургон деп бөлуге қатысты норма жойылды. Енді көлік санаты техникалық паспортта көрсетілген жүргізу құқығы санатына (A, B, C, D) қарай анықталады. Бұл өзгеріс салық есептеуде түсініспеушіліктерді азайтуға бағытталған.
Есеп беру жеңілдетілді
Салықтық әкімшілендіруді оңтайландыру мақсатында көлік салығы бойынша ағымдағы төлемдер есебін тапсыру міндеті алынып тасталды. 2026 жылдан бастап салық төлеушілер тек жылдық декларация тапсырып, көлік салығын жылына бір рет қана төлейтін болады.