Астана полициясы “Сергек” жүйесін әзірлеушілермен бірге электрсамокаттардың мемлекеттік нөмірлерін автоматты түрде танитын жүйе дайындап жатыр.
Енді жол ережесін бұзғандарға автокөлік жүргізушілері сияқты айыппұл салынады.
Мәселен самокатты екі адам болып мінгендер немесе пайдалану талаптарын бұзғандар Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 593-бабы бойынша 5 АЕК (21 625 теңге) айыппұл арқалайды.
Ал жол қозғалысы талаптарын сақтамау 620-бап бойынша 3 АЕК (12 975 теңге) айыппұл салуға негіз болады.
Қауіпсіздік ережелерін бұзу, соның ішінде қауіпті жүргізу және кедергі келтіру 615-бап бойынша 2 АЕК (8 650 теңге) айыппұлмен жазаланады.
Егер электрсамокатты кәмелетке толмаған адам басқарса, жауапкершілік ата-анасына жүктеледі. Бұл жағдайда 127-бап бойынша 10 АЕК (43 250 теңге) айыппұл қарастырылған.
Сонымен қатар түнгі уақытта шлем мен жарық шағылыстырғыш элементтері болмаса да айыппұл салынады. Мұндай бұзушылықтар 615 және 620-баптар бойынша 8 650-12 975 теңге көлемінде бағаланады.
Қай жерде жүруге болады?
Электрсамокат жүргізушілеріне веложолақпен немесе велосипед жолағымен жүруге рұқсат етіледі.
Егер ондай жол болмаса, жолдың оң жақ шетімен, оның ішінде қоғамдық көлік жолағымен бір қатарда жүруге болады.
Алайда 18 жасқа толмаған және жүргізуші куәлігі жоқ адамдарға жолдың жүріс бөлігінде жүруге тыйым салынады.
Ал тротуарда жүруге бола ма?
Елорда полиция департаментінің әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары Махамбет Төлешов брифингте 1 шілдеден кейін жеке самокат иелері қалай қозғалыс жасайтынын түсіндірді.
Журналистер 1 шілдеден кейін тротуарда жүруге тыйым салынатын болса, жеке самокат иелері ең жақын веложолаққа қалай жететінін сұрады. Олардың айтуынша, кейде веложолаққа дейінгі қашықтық едәуір алыс болады.
Спикердің сөзінше, 1 шілдеден бастап өзгерістер тек жалға берілетін электрсамокат операторларына қатысты болады, яғни олар міндетті түрде тіркеуден өтеді. Ал тротуарда жүруге тыйым салу мәселесі әзірге қаралу сатысында, әлі қабылданған жоқ.
“Сондықтан әзірге электрсамокаттардың тротуарда жүруі бұрынғы тәртіппен жалғасады. Бірақ оларды пайдалану бойынша бақылау күшейтіледі”, – деді ол.
Бұл шаралар мәжбүрлі түрде қабылданып жатыр, өйткені қалада қазір 10 мыңға жуық самокат бар, сонымен бірге жол апаттары да көбейіп келеді. Жыл басынан бері 50 адам зардап шеккен. Цифрлық бақылау жылдам жүруді ұнататындарды тәртіпке келтіріп, жарақат санын азайтуға тиіс.
Айта кетейік, 1 шілдеден бастап ережелер қатаңдатылады. Самокат жүргізушілері ресми түрде жол қозғалысының қатысушысы ретінде танылады. Бұл дегеніміз:
Түнгі уақытта шлем мен жарық шағылыстырғыш құралдар міндетті болады.
Жолаушы тасымалдауға және кәмелетке толмағандардың жолда жүруіне тыйым салынады (108 125 теңгеден 173 000 теңгеге дейін айыппұл).
Жолдың жүріс бөлігіне шығу тек 18 жастан бастап және жүргізуші куәлігі болған жағдайда ғана рұқсат етіледі.
Енді ережені бұзуды жасыру мүмкін болмайды: нейрожүйелер мен мемлекеттік нөмірлер жауапкершілікті бұлтартпайды.