Италияда бір ер адам анасының қайтыс болғанын үш жыл бойы жасырып, оның зейнетақысын алып келгені анықталды, деп хабарлайды Malim.kz.
Дереккөз мәліметінше, оқиға Италияның солтүстігіндегі Мантуя провинциясы аумағында орналасқан Борго-Вирджилио қалашығында болған. Полиция 57 жастағы ер адамды әшкерелеп, оның анасы 2022 жылы көз жұмғанына қарамастан, бұл фактіні жасырып келгенін анықтаған.
Тергеу деректеріне сәйкес, медициналық қызметкер болып істейтін ұлы ауылдық жерде жалғыз тұрғанын пайдаланып, марқұмның атына аударылып отырған зейнетақыны банк шотынан алып отырған. Оқиға желісі Альфред Хичкоктың "Психо" фильміне ұқсас деп бағалануда.
Анасының жеке куәлігінің мерзімі аяқталған кезде, ер адам құжатты ұзартуға әрекет жасаған. Ол муниципалдық мекемеге әйелдің киімін киіп, парик тағып, бет-әлпетін бояп барған. Алайда өзін марқұм анасы ретінде таныстырмақ болған сәтте қызметкерлер күдіктеніп, полиция шақырған.
Тексеру барысында үйден қарт әйелдің мәйіті табылған. Бір деректерде дене қонақ бөлмеде болғаны айтылса, La Stampa басылымы мәйіт жертөледе сақталғанын жазады. Алдын ала нұсқа бойынша, ер адам кәсіби білімін пайдаланып, мәйіттен сұйықтықтарды алып тастаған болуы мүмкін. Өлімнің нақты себебі мен уақыты сот-медициналық сараптама нәтижесінде анықталмақ.
Қазіргі таңда жергілікті прокуратура күдіктіге мәйітті жасыру, жеке тұлғаны қолдан жасау, зейнетақы қорын алдау және жалған құжат жасау баптары бойынша айып тағып отыр.
Айта кетейік, Италияда бұған ұқсас оқиғалар бұрын да тіркелген. 2024 жылдың маусымында Бриндизи қаласында бір тұрғын анасының мәйітін мұздатқышта сақтап, ай сайын 1200 еуро көлемінде зейнетақы мен әлеуметтік төлем алып отырғаны үшін 1 жыл 8 айға сотталған. Ал 2024 жылдың тамызында Сардиния аралында карабинерлер тағы бір қарт әйелдің мәйітін тапқан – оның ұлы да мәйітті мұздатқышта жасырған болып шыққан.