Әбіш Кекілбаевтың өлеңдері

Әбіш Кекілбайұлы 1939 жылы 6 желтоқсан күні Маңғыстау облысы, Маңғыстау ауданы (бұрынғы Гурьев облысы), Оңды ауылының Мырзайыр деген жерінде дүниеге келген. 2015 жылы 11 желтоқсанда Астана қаласында өмірден озды. Қазақтың біртуар жазушысы. Мемлекет және қоғам қайраткері. Мемлекеттік сыйлықтың иегері. Қазақстанның Еңбек ері.

Malim Админ

  • 20.09.2024

*  *  *

 Тауық тағы таң атпай айқайлады,
Тарап кетті тәтті ұйқы балқаймағы.
Көзімді ілмей төсекте дөңбекшимін,
Түседі де ойыма қай-қайдағы.
Үлкейгем бе, күніне жүз ойланам,
Ажал шіркін кіжінген ұдай маған,
Жебеп бақты әрдайым ата-бабам,
Оң қарапты әуелден құдай маған.
Құдай маған әуелден қарасқан-ды,
Қарасқасын - тірлікке жарасқамды,
Жараспасам - шалқайып жүрер ме едім,
Тастайтындай төңкеріп бар аспанды.
Жүрер ме едім шіреніп, басқа болсам,
Соры аумаған маңдайдан қасқа болсам,
Жетер ме едім бұл күнге, жетпес пе едім,
Жауқазындай жайнамай жастай солсам.
Солатындай басымнан шақ өтіпті,
Алды-артыма қара ертпей, тақ етіпті.
Бұл дүниеден із-түзсіз өтер ме едім,
Сабырымды сарқылмас саба етіпті.
Сабырымның сабасын сарықпаппын,
Сабырға еріп ақ жүріп, анық бастым.
Сағат сайын санамды сабыр билеп,
Ауыз ашсам, "сабыр" деппін, жалықпаппын.
"Сабыр, Сабыр!" - айтарым сасқанда да,
"Сабыр! Сабыр!" - айтқаным тасқанда да .
Сабырды ойлап, сақ жүріп, сақтап қалған,
Тағдыр талай құрылған қақпаннан да.
Сасқанда да сақтаған сабыр, сабыр...
Тасқанда да сақтаған сабыр, сабыр...
Сабыр сақшым болмаса, кім біліпті
Әлдеқашан жұтар ма еді аран қабыр.
                                                    1999 ж.

 

ЖӨРГЕК

Шырылдап безек қаққан балапандай,
Нәр сұрап тіршіліктен бала таңдай.
Жатқанда жайылып ең астыма кеп,
Жөргегім - кең мекенім алақандай.
Толғантқан күні-түні бала қамы,
Ананың секілденіп алақаны.
Жатып ең жамбасында жұп - жұмсақ боп,
Өмірден алғанда алғаш алақаны.
Өзіңнен басталыпты береке күн.
Басы сен бақыт пенен берекенің.
Мол кебін емес өзің ұқтырасың,
Мынау жарық жалғанның кең екенін.

 

ТІЛЕК

Атасақ өлімнің тек атын,
Біреулер алартар көздерін -
Адамның ақырғы сағатын
Жазатын мен үшін кез бе еді?
Жоқ! Соққан жоқ ол сағат,
Тірімін!
Дүниеде бармын мен!
Тірліктің қызығы түр мені қоршап ап,
Қанғам жоқ ләззатына жардың мен.
Көрген жоқ мұрнымды
Жөргектің иісі қытықтап,
Ол түгіл мен өзім баламын,
Қырамын мұртымды қызықтап,
Десе де жан анам:
- Ерте ғой, қарағым! -
Қартаю ерте рас әлі де,
Шыққан жоқ мұрт маған
Ақ сақал түгілі.
Айта алман, ал бірақ,
Қай күні жығылам қалжырап,
Бері ме, әлде әрі ме
Қабірдің сызы мен өлімнің дүбірі?
Болса екен алыста ләйім,
О достар, өмірді сүйемін.
Жеткізсін кәрлікке,
Ол емес уәйім,
Ауырсынбас сақалды иегім.
Дүние, қанша ұлың құлады
Үйінен - күйінен алыста,
Өшкенде өмірдің шырағы
Бұйырмай кебін мен табыт та?!
Шаштарын боз қырау шалмады,
Қапқан жоқ қарттықтың қармағы,
Мерт етіп неше бір арманды
Оларды зеңбірек жалмады.
О достар, осы ғой уайым,
Сол күнді көрмелік ләйім,
Сондықтан қарттықты жек көрем мен неге!?
Әлемдегі барлық пендеге
Тілеймін ғұмырды
Сәби боп келетін,
Шал болып өлетін!

 

ТӨЗІМ ЖЫРЫ

Бүтіннің бәрі тесіліп,
Тесіктің бәрі көміліп,
Бойшаңның бәрі кесіліп,
Толының бәрі төгіліп,
Төгінділер шашылып,
Кесінділер мүжіліп,
Шашынды шаң боп таусылып,
Мүжінді күл боп үгіліп,
Шаң шашырап бозаң боп,
Күл шашылып тозаң боп,
Тұтастар түгел тұтылып,
Толылар тегіс жұтылып,
Айлалылар ұтылып,
Айбарлылар мытылып,
Майса толып шалғын боп,
Майда бойлап балғын боп,
Қайтқанша кеткен қапылар,
Ес жиғанша жабылар,
Көгере қоймас көсеге,
Түзеле қоймас пешене,
Ортая берер бұл тірлік,
Орнай қоймас бүтіндік,
Жел желігіп, бұлт бүркіп,
Желпілдей берер бұл түндік.
Желкелей берер бұл заман,
Жетелей берер шырғалаң.
Шытырман болар сыбағаң,
Шығады аман шыдаған.
Төзімнен басқа жоқ шараң,
Өзіңнен басқа жоқ панаң.
Қолтыққа су бүріккен,
Тақымға ине жүгірткен
Елбендерге елікпе,
Желбендерге желікпе
Түспейін десең өртке.
Бөрлікпе де, бөрітпе,
Тұрғанда соңғы сынақ қап,
Шыдап бақ, қазақ, шыдап бақ!
1995.

 

АРМАН

Арман дейтін - арғымақ,
Шындық дейтін - шабан ат,
Үстіне жатсын жар құлап,
Шабатын әлін шамалап.
Абайла, бауырым, абайла,
Ала керме, у ұрттап,
"Абайла!" деген Абай да,
Ұнатпасаң да, ұғып бақ.
Арман дейтін - арғымақ,
Шындық дейтін - шабан ат,
Үстіне жатсын жар құлап,
Шабатын әлін шамалап.
Сезім дейтін - сел нөсер,
Төзім дейтін - қара жер.
Әулекі келер жәрмес ер,
Әуреге түспей қала гөр.
Жер болмаса, нөсерден
Миуа түгіл мүк өнбес.
Қиқу қуған бөсерден
Қияметтен басқа түк өнбес.
Күшіне сенген дүлейдің
Моласы жатыр сайғақсыз.
Ісіне сенген сүлейдің
Бір ізі жоқ айғақсыз.
Көнбесең көнбе күштіге,
Аяй біл, бірақ, басты да,
Сия алсаң жердің үстіне,
Сиярсың, сірә, астына.

 

АРҒЫМАҚ

(О. Сүлейменовтен аударма)

Қыпшақтардың ой-хой, құба жондары-ай,
Жер тарпыған тұлпарын айт, тұлпарын!
Шар айнадай сауырына қомдап ай,
Арғымақ жүр
Көк шалғынға-көк кілемге
Сүртіп мүйіз ұлтанын.
Берші менің тақымыма біреуін,
Жеті қиян жер түбіне асайын.
Арғымақтай аласұрған жүрегім
Шапшып-ақ тұр,
Оны қалай басамын.
Атылайын арғымақтың жалына,
Соңымда тек сақ-сақ күліп дос қалсын.
Балғын шалғын айналып көк жалынға
Нөкер болып артымда ақ шаң топтансын.
Шаппай тұлпар кісінеме атпын деп,
Шабайықшы шаң қоңдырмай етіне.
Шабайықшы көп жыл тыныш жаттың деп.
Момын қырдың былш-былш ұрып бетіне.

Байланысты жаналықтар

«Басы жаншылған, шынтағы жоқ». Таразда экс-полицейді азаптап өлтірген

02.04.2025

Рысбек Зұрғанбайұлы. Өлім алдындағы өтініш 

24.03.2025

Ақырзаманның алғашқы күні

03.03.2025

Қасым іздеген, Дәриға, сол қыз...

02.03.2025

Ақын Серікбол Хасан өлеңдері

01.03.2025

Ақын Арман Әділбек өлеңдері

26.02.2025
MalimBlocks
«Басы жаншылған, шынтағы жоқ». Таразда экс-полицейді азаптап өлтірген

Рысбек Зұрғанбайұлы. Өлім алдындағы өтініш 

Ақырзаманның алғашқы күні

Жуырда қайтыс болған қас суреткер Мұхтар Мағауиннің Соңғы жазбасы. Ол Дональд Трамптың Президент болып сайлануы туралы өз пікірін білдірген.

Қасым іздеген, Дәриға, сол қыз...

Ақын Серікбол Хасан өлеңдері

Ақын Арман Әділбек өлеңдері