Ақын Сәбит Дөнентаев өлеңдері

Сәбит Дөнентаев (1894-1933) – ақын, жазушы. Оның поэзиясы терең мазмұнды, ойлы болумен бірге көркемдік қырларымен, өзіндік өзгешеліктерімен де ерекшеленеді. Оның поэзиясының тілі таза, қарапайым және сонымен бірге бейнелі де көркем. Сәбит поэзиясында сырттай жарқылдақтық, асқақ лептілік жоқ. Ол өмір шындығын боямасыз қалпында, реалистік сарында суреттейді.

Malim Админ

  • 10.10.2024

ДОСҚА

Дос тұттым, болдым жақын, тіліңе ердім,
Басқадан сырт түсінді артық көрдім.
Көрініс, шырайында еш кіршік жоқ,
өзің мен жүрегінді хаққа бердім.
Мейлің суыққа үсір, суға түсір!
әйтеуір, «сені құдай» дедім, сендім.
Елтифат маған жан деп еткеніңе,
Ішімнен мың қайтара алғыс бердім.
Аяман қолдан келгекн қызметімді,
Бізді хақ бола қалса жеткізер күн.
Бір алла адалынан жолықтырғай!
Жан болса езу тартқан дос дей бердім.
Дос та дос, туған да дос, діндес те дос,
Түбінде зарарсызды шын дос көрдім.

 

УАЙ, ЖАНЫМ

Уай, жаным, дүниеде сен аз күн онақ,
Заман жоқ, көп тұруға, өмір шолақ.
Жас өмір екі айналмас, мойын бұрмас,
Жұмыс ет оқтай зырлап, қардай борап.
Көп жүрген қара жолмен қадам бассаң,
Кім саған зорлық етер талап-тонап.
Отқа күй, оққа байлан, адалды тап,
Киген тәж, мінген тағың болсын сол-ақ.
Күнің бұл іс ететін орның осы,
Мұнда бақ, мұнда дәклет, мұнда зор ат...
Қорқасың, аяқ басып аттамайсың,
Алғасын алды-артыңды жылан орап.
Орынсыз орға түссең, көпен бірсің,
Тіл алсаң, тек жатпауың деймін жол-ақ.

 

МЕНІҢ ЖАЙЫМ

Кез келіп арыстанның арбауына,
Тап болдым қу түлкінің алдауына.
Бірі ойнап, бірі шындап итермелеп,
Тақсырды жердің биік жарлауына.
Бірі айдап, бірі тартып түсіргенде,
Болар ма менің сынып қалмауыма?
Кетуге су түбіне тұрмын таяу,
Қолымның қай тал жақын қармауына?
Деп ойлап, құлаш жайып, жүрмін сасып,
Уақыт жоқ, мықты осал деп таңдауыма.
Тұншығып, әлім бітті, есім шықты,
Бұрқылдақ, жердің кез боп наңдауына.
От салып біреуі әкеп, бірі үрлеп тұр,
Кім менің су құмақшы жанбауыма.
Кімнің дос, кімнің дұшпан екендігін
Менде жоқ тырнақтай ес аңдауыма.
Соқырдай жетекшіден мықтап ұстап,
Лаж жоқ, бір ерген соң бармауыма.
Түсіріп қараңғыда қыныр жолға,
Қаңғыртып қалма, басшым, қарғауыма.
Жәрдем қып жақын жерден қайтармасаң,
Қуат жоқ ұзақ жолға талмауыма.
Саңырау, өзім соқыр, болсам ақсақ,
Кім көнер ертеңді-кеш зарлауыма?
Қорқамын дертім ұзап кете ме деп,
Бақсының душар болып паңдауына.
Қалайша берсең мағына ерік өзіңде,
Жаздым да бердім, құрбым, таңдауына!

 

ӘР ЖАН ӘРТҮРЛІ

Талай кәрі жорға жүр,
Ақаулы боп зорға жүр.
Іліне алмай жарысқа,
Кейбір жүйрік орда жүр.
Кейбір сұңқар тауда жүр,
Томағасы жауда жүр.
Дұшпандарды аңдыған,
Тұзақ құрып ауда жүр.
Кей тырналар көкте жүр,
Қиқу салып текке жүр.
Қара қарға қарқылдап,
Өлексені жеп те жүр.
Құрық сорып борсық жүр,
Түлкі мырза жортып жүр.
«Құдай аман сақта» деп,
Қой мен тауық қорқып жүр.
Тышқан аңдып мысық жүр,
Алдап көзін қызып жүр.
Ін таба лмай саршұнақ,
Сорлы сасып, пысып жүр.
Кей мырзалар серпіп жүр,
Қарны шығып шертіп жүр.
«Сен солайсың» дегенге,
Тырс-тырс етіп дертіп жүр.

 

БАЛАЛЫҚ

Алдау үшін көз жұмғанды «өлді» деп,
Уансын деп ұсынғанды «берді» деп.
Көңлін жыртпай шұлғығанды «сенді» деп,
Нені көрсе соған ерген балалық.
Ыстық ұрттап ауызы күйген «салқын» деп,
Иегіне шұлғау орап шәрпім деп,
Жылтыраса санын соғып «алтын» деп,
Сыртқы көзбен баға берген балалық.
Шығын демей қирағанды, күйгенді,
«Тек отыр» деп дұшпан көріп тигенді,
«Құбыжық» деп бөркін теріс кигенді,
Жығылғанын жұрттан көрген балалық!
«Ел қыдыртам, мінгіземін тайға» деп,
«Қаймақ пенен тойғызамын майға» деп,
Алдағанның бірін ұқпай айла деп,
Қолдағысын бәрін берген балалық.
Заман өтіп бара жатыр желдетіп,
Өзге халық өсіп жатыр ер жетіп,
Текке отырған, көздің жасын көлдетіп,
Қашан кетер біздің елден балалық.

 

ҚАЙТЫП ҚАРҒЫС АЛМАЙСЫҢ?!

Жігіт-ақсың, маңдайсың,
Келбеттісің, қандайсың!
Ағайынға айбатты,
Биік-ақсың, дардайсың.
Бетіңе адам келтіріп,
Алдыңа жан салмайсың.
Елі төмен болғанды,
Елтифатқа алмайсың.
Ант ауғандай күн болса,
Амалдайсың, алдайсың.
Басшы қылып бағынса,
Түгіменен жалмайсың.
Таудай болсын өз мінің,
Оған көзің салмайсың.
Қылдан тайған сорлының
Қыр соңынан қалмайсың.
Мысқыл менен өсекке,
Шаршамайсың, талмайсың,
Кісі айыбын терумен
Ашуға жүз жанбайсың.
Айтқышсынып тұрасын,
Жасырмайсың, танбайсың,
Жат мінезің, жай сөзің -
«А, құдайшыл» жандайсың.
Іске кірсең арамды
Қосақтайсың-парлайсың.
Жақсылықтың жағына
Жалғыз қадам салмайсың.
Жамандықтың жанынан -
Жарты ширек қалмайсың.
Өзің шыққан ұлтыңнан,
Басшы қылған жұртыңнан,
Бұл мінез, бұл құлқыңнан
Қайтып қарғыс алмайсың?!

Байланысты жаналықтар

Белгілі журналист Өмірзақ Ақжігіт өмірден озды

21.02.2025

Дидар Амантай – Жоқ іздеген жазушы

18.02.2025

Ақын Ұларбек Дәлей өлеңдері

18.02.2025

Мағжан - Күн перзенті

17.02.2025

Дидар Амантай. Қызыл іңір

17.02.2025

Ырысбек Дәбей. Әкелеріміз айтатын әңгіме

12.02.2025
MalimBlocks
Белгілі журналист Өмірзақ Ақжігіт өмірден озды

Ол бірқатар республикалық, аймақтық басылымдарда жемісті еңбек еткен

Дидар Амантай – Жоқ іздеген жазушы

Ақын Ұларбек Дәлей өлеңдері

Мағжан - Күн перзенті

Дидар Амантай. Қызыл іңір

Ырысбек Дәбей. Әкелеріміз айтатын әңгіме