Ақын Шерхан Талап өлеңдері

Шерхан Талап 1993 жылы Батыс Қазақстан облысы Жаңақала ауданы Жаңажол ауылына қарасты кіші Айдархан елдімекенінде туған. Жаңақала жалпы білім беретін орта мектебін бітірген. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Филология, әдебиеттану және әлем тілдері факультетінің түлегі. Республикалық бірқатар жыр мүшәйраларының жеңімпазы. Халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінің лауреаты. «Алтын тобылғы» байқауының бас жүлде иегері.

Malim Админ

  • 16.11.2024

МҰҢ КЕШУ
Өзімді іздедім, сезімді іздедім,
Мейрімге зәру ғасырдан.
Уақытқа айтар сөзімді іздедім,
Мыңжылдықтарға шашылған.

Басымнан көшкен тағдырға налып,
Сезімге малдым сөзді асыл.
Сәуірде жауған жаңбырда қалып,
Дәуірдің кештім көз жасын.

Зарығып өлді сан күз кеудемде,
Сынбауға сонда серт бергем.
Көп ішіндегі жалғызбын мен де,
Өлеңге жаны дерттенген.

Баянсыз өмір – бұл дағы сүргін.
Жарығын сүйіп жарлы айдың,
Жарым түндерде жырға құлшындым –
Азабы бітпес маңдайдың.

Тек үміт таппай ертеңге мүлде,
Желігіп жаным қайтса да.
Ақын ғұмыры өртенген бірде,
Ерте өлген гүл ме, айтшы, аға?

Дертіме менің деместен ел түк,
Жапты ма тағы жала-мұң?
Өле алмай жүрген елеске елтіп,
Өлеңге сіңіп барамын.

АҚЫН-ҒҰМЫР

Ақ таңнан алса мазаны дүбір,
Арманға бастар асыл мұң.
Ақындық тағдыр, азалы ғұмыр –
Ғазалы ғазиз ғасырдың!

Күрсінсе жаны түнекке ұйып,
Өлеңі өрге тарта алар.
Әлемнің мұңын жүрекке жиып,
Жаһанның жүгін арқалар.

Сермейді талмай қанатын кеңге,
Жесе де жаны кіл опық.
Қайғырар қамсыз қара түндерде,
Жалғыздығына жыр оқып.

Жүрегін қайғы жеуде шын келіп,
Тағдырға қалай төзесің?!
Көтерер солай кеудесін керіп,
Көз жасы толған көзесін.

Заманның зәрлі зарымен бастап,
Жыр оқыр…мұңын жас шайып…
“Адамша ойлап арымен асқақ,
Құдайша сөйлер қасқайып!”

Жанына жырды емге іздер жанша,
Құныға түсер мұңды адам.
Келмеске кеткен кербездер қанша,
Кеңсайды керек қылмаған.

Қашқандай жаннан едәуір маза,
Болашақ үшін бекін бір.
Ақындар үшін ең ауыр жаза,
Жоқтаусыз қалса жетім жыр!

СӨЗ                                   «Әуелі сөз болған»

                                                     Інжіл

Бабалар өтті құла дүз кезіп,

Мал емес одан тал қалды.

Беймезгіл айтқан бір ауыз сөзі,

Бір елге мұра болған-ды.

Ұрпағың қанша өнеге десіп,

Құрмет тұтса да асылды.

Сахи құмдарым, сөге көрмеші,

Сөзін жоғалтқан ғасырды.

Адасты албырт қауымның есі,

Үміттері де үтірлі.

Ділін ұмытқан дәуірдің көші,

Уақытқа сіңіп жұтылды.

Ұсынса уын заман жарлыға,

Таптаса арын табанға.

Өзін сақтаған адам қалды ма?

Сөзін соттаған қоғамда.

Күтеміз нені заманнан кері,

Бастады қайда көне жол?

Бәрінен бұрын жаралған еді,

Бәрінен кейін өледі ол.

ҚЫЛЫШ   

(Исатай Тайманұлына)

 Түсімде ылғи қылыш көремін қынапсыз...

Байыз таппаса кеудемде сайрап «байғыз үн»,

Қаңғырып кетем қаймықпай қуып қайғы ізін.

Қынапсыз қылыш түсімде маза бермейді,

Қасірет қаны қуалай тамған ай жүзін.

Айлы түндерде ала берсе де мазаны,

Қылыштай өткір шертілді ойдың ғазалы.

Қайыспай қылыш ұстағандардың о баста,

Кереғар өмір – қылыштан болған ажалы.

Алмас қылыштың жатпасын біліп қынында,

Жасқанбай жауға сермелген еді бұрында.

Ханға да қарсы қайрат көрсеткен қылыштың,

Арманы жатыр Нарынның анау құмында.

– Жамау да жамау жамылып жылдар көрпесін,

Кең дала аңсар ойнақ салатын еркесін.

Қайқы қылышым, қазаққа қайта орал да,

Қорқау қоғамның үзіп жіберші желкесін!

Жағымпаз жұрттың жәдігөйлігінен жерінді Ар, 

Ертеңге деген үміт – өлімші, сенім –дал...

“Сары бала мен қара қазанның қамы үшін”,

Мойныңда әлі ала алмай кеткен кегің бар.

Нақыл – мұрасын адыра қылған Абыздың,

Ғұрыпсыз ұрпақ ертегі санар аңыз мың.

Теперіш көрген момыннан тамшы жас тамса,

Оты күшті ердің қанын да судай ағыздың.

Өткір де өткір өкініші ауыр өткен күн,

Өзегіне елдің өксігі болып кептелдің.

Ағысы сынды айбат көрсетіп Жайықтың,

Намысы болып сілтенген едің текті елдің.

Жамау да жамау жамылып жылдар көрпесін,

Кең дала аңсар ойнақ салатын еркесін.

Қайқы қылышым, қазаққа қайта орал да,

Қорқау қоғамның үзіп жіберші желкесін!

БӘЙГЕТОРЫ

 Бұл жолы Бәйгеторы бәйге алмады,

Бақыттың осы шығар айналғаны.

Көмбеге бұрын жетті көз алдында,

Көлбеңдеп Көк теңбіл ат қай-қайдағы.

Торының «тақтан» солай тайғаны ма?

Қалды енді бұл тірлікте қай мағына?

«Жұмабайдың жүйрігі екінші алған»,

Құдай-ай, кім сенеді жайға мына?!

Жарықтық Жұмабайда ес қалмады.

Тілегі орындалмай тосқандағы.

Төңірек түгел таныр тұлпарының,

Осылай ұшқаны ма бастан бағы?

Тірлікте тәтті болмас сайран соңы.

Қу көңіл ұғар дейсің қайдан соны.

Сыртынан Мыңбай сыншы күрсінеді:

«Алдына қара салмас қайран, Торы...»

Амал не өкпе артқанмен өткен күнге?

Торыдан сырт айналар жеткен күнге.

Айғайшыл, марапатшыл, даурықпа жұрт,

Қарайды көзін сатып Көктеңбілге.

Баяғы әдетіндей ең бір ескі,

Күншілдер сөзге көміп көлгір Есті:

«Төр бермес, топтан озғыш Торы атыңды,

Көктеңбіл көк шаңына көмді» десті.

Халықтың теңбілге ауып бар назары,

Қорланған жануарда жан-мазалы,

Намысы көкіректе шер боп тұнып,

Ақыры көз жас болып тамды азабы.

Торының кім түсінер ішін тегі?

Белгісіз желік жұртты ісінтеді.

Жылқының адам құсап жылағанын,

Көргендер тілін безеп мүсіркеді.

Бұл күйге Торы ат қалай шыдар енді,

(Бұл қазақ тілдеп құртқан Құлагердi!)

Сол түні ол қорасынан қашып шығып,

Бетке алып ұзақ шапты құба белді...

Халыққа дақпырт дайын қырық күнге,

Із-түзсіз жоққа айналды күлік мүлде.

...Торыны содан кейін таппады ешкім,

Кетті ме, біржолата сіңіп түнге?

Білмеймін...

ПЕРІ ҚЫЗ

(Асан қайғы аңызының ізімен)

Пері қызын іздеп шықтым жолға мен,

Сеңгір-сеңгір таулар асып сорлап ем.

Желмаяға мініп алып жер шалдым,

Ілбіп басып келе жатыр ол да әрең.

Апырмай-ай, қай бағыттан табамын?

Қармағымды қай өзенге саламын?

“Су сұлтаны Пері қызы нәсіп” – деп,

Қатырды ма әлгі балгер – қарағым?

Төрт өзенге кезек барып төнгелі,

Үмітімнің бір сәулесі сөнбеді:

Еділге кеп еңкілдедім елдегі,

Сырға келіп сыр ақтардым сенбеді.

Ақ Жайық та іңкәрлікті мендегі,

Сорға айналған жағасына жерледі.

Ең ақыры Ертіске де өрдегі,

Барып едім ештеңе де өнбеді.

Қармағымды қаппаған қыз, қайдасың?

Арманымды таптаған қыз, қайдасың?..

Пері қыз ғой перілігін танытып,

Әлде менен асырды ма айласын?

Жасыл-жасыл жаның – көктем, тәнің – нұр,

Қайткен күнде жетем саған бәрібір.

Табанымнан таусылдырмай жолдан шық,

Көп ішінен өз бағыңды танығыр.

“Тек тілі жоқ, сымбатында еш мін жоқ”

Ех, Пері қыз, көңілімде көштің көп.

Асан құсап қасіреттен қан жұтып,

Біздің сезім бітіп қалмас бес күн боп.

Сағыныштан сартап болған мың өлең,

Менің ішкі әлемімде түлеген.

Жүректегі жыр дәптерден жатқа оқып,

...Мылқау қызға тіл бітіріп жіберем.

Табылғасын қосағымыз, теңіміз,

Бақытты боп күн кешеміз тегі біз.

Содан кейін, содан кейін, сосын ба?

...Періштеге айналады Пері қыз!!!

ЗАРЫҚ

 Қара түннің құшағында ой налып,

Тағы отырмын жүрегімде күз жылап.

Тәнім - мұңға, жаным - жырға айналып.

Неге мені адастырды жолдар кіл?

Аспанымда Ай жүзеді қорғансыз,

Жалғыздығың, жалғыздығым - ол бәлкім...

Жан әлдиім, аспан сенің мекенің.

Жұлдыздардан жұпарыңды аңқытып,

Жүрегімді тіліп өттің, не етейін?!

Содан бері көңіліме қайғы алып,

Көкке қарап дұғамды оқып тұрамын,

Сынған айдың сәулесіне байланып.

Көзім жұмсам кеудеңе әсем гүл қадап,

Сағымдардан қол созасың -

Қол созам,

Жанарыңнан жалғыз тамшы сырғанап.

Тылсымына тартқан кезде зарлы әнім,

Тұңғиықта жан ышқынып, тән жүдер,

Көз жасыңның көтере алмай салмағын.

Көздеріңнен сүйейінші, жарығым!

Байланысты жаналықтар

Ақын Бақытгүл Бабаш өлеңдері

20.11.2024

Ақын Бақыт Беделхан өлеңдері

20.11.2024

Ақын Олжас Сәндібек өлеңдері

19.11.2024

Ақын Нұржан Қуантайұлы өлеңдері

19.11.2024

Ақын Әлия Іңкәрбек өлеңдері

19.11.2024

Ақын Әлия Дәулетбаева өлеңдері

19.11.2024
MalimBlocks
Ақын Бақытгүл Бабаш өлеңдері

Бақытгүл Бабаш 1981 жылы Атырау облысында туған. Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің гуманитарлық факультетін, аспирантурасын тәмамдаған. Халықаралық Шабыт фестивалінің Бас жүлдегері.

Ақын Бақыт Беделхан өлеңдері

Ақын Бақыт Беделханұлы 1975 жылы Алматы облысы Ұйғыр ауданы Шонжы ауылында дүниеге келген. 1996 жылы Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетінің қазақ филологиясы факультетін тамамдаған. «Толқыннан толқын туады», «Қарлығаш», «Жас ақындардың антологиясы», «Қос ішек» атты ұжымдық жинақтарға топтама өлеңдері енген. Т.Айбергеновтің 60 жылдығына орай өткізілген жас ақындар жырмүшәйрасының, 2002 жылы өткен Халықаралық «Шабыт» фестивалінің жүлдегері. 1998 жылы «Кең дүние», 2001 жылы «Көкемарал» жыр кітаптары жарық көрді.

Ақын Олжас Сәндібек өлеңдері

Олжас Сәндібек – 1984 жылы Қызылорда облысы, Жалағаш ауданында дүниеге келген. М. Х. Дулати атындағы Тараз Мемлекеттәк университетін тәмамдаған. Халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивальінің лауреаты. «Уәде» атты өлеңдер жинағы жарық көрген.

Ақын Нұржан Қуантайұлы өлеңдері

Нұржан Қуантайұлы - прозашы, ақын. 1971 жылдың 22-қаңтарында бұрынғы Семей облысының (қазіргі Шығыс Қазақстан облысы) Көкпекті ауданындағы Үлгілі ауылында дүниеге келген. 1988 жылы Абай атындағы орта мектепті тәмамдап, сол жылы Киров атындағы (қазіргі Әл-Фараби) Қазақ мемлекеттік университетiнiң журналистика факультетiн бітірген.

Ақын Әлия Іңкәрбек өлеңдері

Әлия Іңкәрбек 1997 жылы Алматы облысы, Райымбек ауданында дүниеге келген. ХҮІІ Халықаралық Шабыт фестивалінен «Фариза Оңғарсынова атындағы» арнайы сыйлық иегері. Өлеңдері «Алаштың жас тұлпары», «Жауқазын жылда гүлдейді» атты ұжымдық  жинақтарға енген. "Тәңіртау" жыр  жинағының авторы.

Ақын Әлия Дәулетбаева өлеңдері

Ақын, журналист Әлия Дәулетбаева – 1977 жылы Атырау облысы Индер ауданында дүниеге келген. Х.Досмұхамедов атындағы АМУ филология факультетін бітірген. Халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты. Қазақстан Жазушылар одағы Атырау бөлімінің басшысы. «Сол бір сәуле» жыр жинағының авторы.