Қазақстанда жаңа Конституцияның қабылдануына байланысты амнистия туралы заң жобасы қаралып жатыр. Құжаттағы көпшілікке ең түсінікті әрі күнделікті өмірге жақын нормалардың бірі – әкімшілік айыппұлдарға қатысты амнистия. Бұл туралы экономист Айбар Олжай пікір білдірді. Бұл туралы BAQ.kz сайтына сілтеп Malim.kz хабарлайды.
Сарапшының айтуынша, қарапайым тілмен айтқанда, мемлекет кейбір азаматтар мен жеке кәсіпкерлерге бұрын салынған айыппұлдарын төлемеуге мүмкіндік береді.
Мұны шартты түрде қаржылық амнистия деуге болады. Себебі әңгіме адамның бас бостандығы емес, оның мойнында тұрған қаржылық міндеттеме туралы болып отыр. Егер азаматқа немесе жеке кәсіпкерге белгілі бір әкімшілік құқықбұзушылық үшін айыппұл салынса, бірақ ол әлі толық төленбесе, заңға сәйкес сол айыппұл немесе оның қалған бөлігі кешірілуі мүмкін, - дейді Айбар Олжай.
Оның сөзінше, бұл амнистияны барлық айыппұлдардың толық жойылуы ретінде қабылдауға болмайды.
Бұл жерде бір нәрсені дұрыс түсіну керек. Амнистия "айыппұлдар енді мүлде болмайды" деген сөз емес. Сондай-ақ бұл заң бұзуға болады деген белгі де емес. Мемлекет тек белгілі бір кезеңге дейін жасалған, қоғамға аса қауіпті емес құқықбұзушылықтар бойынша бір реттік жеңілдік жасап отыр, - дейді сарапшы.
Құжат бойынша әкімшілік амнистия 2026 жылғы 17 наурызға дейін жасалған кейбір құқықбұзушылықтарға ғана қолданылады. Яғни осы күннен кейін салынған айыппұлдарға бұл жеңілдік жүрмейді. Егер адам заң күшіне енгеннен кейін қайтадан құқықбұзушылық жасаса, ол жалпы тәртіппен жауап береді.
Айбар Олжай бұл бастама қарапайым азаматтармен қатар жеке кәсіпкерлер үшін де маңызды екенін атап өтті.
Шағын кәсіппен айналысатын адамдар үшін әкімшілік айыппұл кейде үлкен қаржылық салмаққа айналады. Әсіресе табысы тұрақсыз, айналымы шағын кәсіпкерлер үшін бірнеше айыппұлдың өзі бизнеске ауыр тиеді. Сондықтан мемлекет бұл қадам арқылы азаматтарға ғана емес, шағын экономикалық белсенділікке де қолдау көрсетіп отыр, - дейді ол.