БҰҰ-ның пластмасса өндірісін шектеу келіссөзі нәтижесіз аяқталды
«Кешіккен әрбір күн – адамзатқа қарсы күн. Келіссөздерді кейінге қалдыру дағдарысты кейінге қалдырмайды»
Фото: hightech.fm
Пластикалық ластануды шектеуге арналған жаһандық келісімге қатысқан елдер келісімге келе алмады, 100-ден астам ел өндірісті шектегісі келеді, ал бірнеше мұнай өндірушілер тек пластик қалдықтарын жоюға дайын. Бүгін Оңтүстік Кореяның Пусан қаласында өткен БҰҰ-ның Үкіметаралық келіссөздер комитетінің (INC-5) бесінші отырысында соңғы шешім қабылданбағаны айтылды. Бұл жөнінде www.japantimes.co.jp сайты жазды.
Қатысқан елдер шарттың негізгі тақырыбын қолдауда алшақтық танытты және тек негізгі шешімдерді кейінге қалдыруға, INC 5.2 деп аталатын келіссөздерді кейінірек бастауға уағдаласты.
БҰҰ Қоршаған ортаны қорғау бағдарламасының атқарушы директоры Ингер Андерсен: «Әлі де қайшылықтар бар екені анық», – деді.
Негізгі келіспеушілік пластика өндірісін шектеу, пластика өнімдері мен алаңдаушылық тудыратын химиялық заттарды басқару және дамушы елдерге келісімді орындауға көмектесу үшін қаржыландыру жайында болды.
100-ден астам ел қолдаған Панама ұсынған нұсқа пластмасса өндірісін қысқарту жөніндегі жаһандық мақсатқа жол ашар еді.
Сауд Арабиясы сияқты мұнай-химия өндіруші елдер өзіндегі шағын пластика өндірісін қысқарту ұсынысына үзілді-кесілді қарсылық білдірді және келіссөзді кейінге қалдыру үшін процедуралық тактика қолдануға тырысты.
«Ешқашан консенсус болған жоқ», – деді Сауд Арабиясының делегаты Абдулрахман әл Гвайз.
Eunomia деректер жинаушы мекемесінің мәліметі бойынша, Қытай, Америка Құрама Штаттары, Үндістан, Оңтүстік Корея және Сауд Арабиясы 2023 жылы полимер өндіретін алғашқы бес ел болды.
Егер келіспеушілік болмай, келісімге келген болса, шарт 2015 жылғы Париж келісімінен кейін қоршаған ортаны қорғауға қатысты ең маңызды мәмілелердің бірі болар еді.
Әзірбайжанның Баку қаласында өткен COP29 саммиті аяқталғаннан кейін бірнеше күн өткен соң осындай жайт болды.
Бакуде елдер климаттық қаржыландыруға жыл сайын 300 миллиард доллар жұмылдыру бойынша жаңа жаһандық мақсатты айқындаған, бұл келісімді кіші аралдық мемлекеттер мен көптеген дамушы елдер өте жеткіліксіз деп санайды.
Климаттық келіссөздер Сауд Арабиясының процедуралық маневрлерінің әсерінен де баяулады – олар қазба отынынан бас тарту туралы бұрынғы міндеттемені растайтын сілтеменің қосылуына қарсы болды.
Пластмасса өндірісі 2050 жылға қарай үш есе өседі, ауадан, жаңа өнімдерден, тіпті аналардың сүтінен микропластиктер табылды.
Біріккен Ұлттар Ұйымының Қоршаған ортаны қорғау бағдарламасының 2023 жылғы есебіне сәйкес, пластмассада зиянды химиялық заттар 3200-ден асады, олар әйелдер мен балалар денсаулығына өте зиян.
Кейінге қалдырылғанына қарамастан, келіссөз жүргізу маңызды екені анық.
Жексенбіде Панама делегациясының басшысы Хуан Карлос Монтеррей Гомес: «Кешіккен әрбір күн – адамзатқа қарсы күн. Келіссөздерді кейінге қалдыру дағдарысты кейінге қалдырмайды», – деді.