Грузия президенті бүгінгі президент сайлауы нәтижесін мойындамайтынын мәлімдеді
Ал президент сайлауына жалғыз кандидат түсіп отыр
Грузия президенті Саломе Зурабишвили бүгін өтетін президент сайлауын заңсыз деп санайтынын және бұл сайлау нәтижелерін мойындамайтынын мәлімдеді. Deutsche Welle жазуынша, ол өз өкілеттігін жаңа парламенттік сайлаулар өткізілгенге дейін тоқтатпайтынын айтты, деп хабарлайды Malim.kz.
Шетелдік БАҚ жазуынша, Грузиядағы саяси жағдай күрделене түскен. 26 қазандағы парламенттік сайлау нәтижесінде билеуші «Грузин арманы» партиясы 54% дауыспен жеңіске жеткенімен, оппозиция мен президент Саломе Зурабишвили бұл нәтижелерді мойындамай отыр.
Зурабишвили өзінің президенттік өкілеттігін жаңа парламенттік сайлау өткізілгенге дейін тоқтатудан бас тартты. Ол демократияны қорғау үшін күресуге дайын екенін және оппозицияны халықпен бірге бейбіт наразылық шараларын жалғастыруға шақырды. Оппозициялық партиялар мен азаматтық қоғам сайлау нәтижесін мойындамай, жаңа сайлау өткізуді талап етті.
Айта кетейік, бүгін бұл елде президент сайлауы өтеді. Жаңа мемлекет басшысын 300 адамнан тұратын сайлау алқасы айқындайды. Оған жалғыз кандидат «Грузин арманы» партиясынан Михаил Кавелашвили қатысады.
Фото: Ираклий Геденидзе / Reuters