Иран Израильмен келіссөзден бас тартты

Иран тарапы Израильдің әскери соққылары тоқтамайынша ешқандай келіссөздерге қатыспайтынын мәлімдеді. Бұл туралы Иран сыртқы істер министрі Аббас Арагчи 20 маусымда SNN порталына берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды Malim.kz.
«Бұл соққылар тоқтамайынша, келіссөз немесе дипломатия туралы әңгіме қозғаудың өзі артық. Біз ешкіммен диалог жүргізуге дайын емеспіз. АҚШ-пен де байланыс жоқ», — деді Арагчи.
Еске салайық, Иран мен Израиль арасындағы қарулы қақтығыс екінші апта бойы жалғасып келеді. Осы жағдайға байланысты Германия, Франция және Ұлыбританияның сыртқы істер министрлері Женевада Иран министрімен кездесу өткізіп, шиеленісті бәсеңдетуге тырысуды жоспарлап отыр. Еуропалық дипломаттар бұл кездесуден нақты нәтиже күтеді, әсіресе АҚШ-тың бұл қақтығысқа араласу ықтималдығы артқан шақта.
Алайда Израиль тарапы Иранды уақытты созу арқылы әлемді адастырып отыр деп айыптады. Израильдің сыртқы істер министрі Гидеон Саар:
«Иранның ұстанымы өзгерген жоқ. Олар ядролық бағдарламадан бас тартуға ниетті емес. Бұл бағдарлама Израильдің ғана емес, бүкіл әлемнің қауіпсіздігіне қатер төндіреді», — деп жазды өзінің Х (бұрынғы Twitter) парақшасында.
Сарапшылар тараптардың позициясы тым қатаң болған жағдайда дипломатиялық шешімге келу қиындай түсетінін алға тартып отыр. Қақтығыстың ушығуы аймақтық тұрақтылыққа да, жаһандық геосаяси ахуалға да салқынын тигізуі мүмкін.
Фото: Tatyana Makeyeva/AP Photo/picture alliance

Ең көп оқылған
