Киев бейбіт келісім үшін Ресейден санкцияларды алып тастауға келісуі мүмкін

Киев Ресеймен бейбіт келісімге келу үшін санкцияларды алып тастауға келісуі мүмкін, деп хабалайды Malim.kz Bloomberg-ге сілтеме жасап.
Агенттік дереккөздерінің хабарлауынша, Украина мен Еуропа 12 тармақтан тұратын бейбіт жоспар әзірлеуде. Соның бірі Ресейге салынған санкцияларды кезең-кезеңімен алып тастауды көздейді. Алайда Ресейдің Орталық банкінің шамамен 300 млрд доллар мөлшеріндегі бұғатталған резервтері Мәскеуге тек ол Украинадағы соғыстан кейінгі қалпына келтіру жұмыстарына үлес қосуға келіскен жағдайда ғана қайтарылады. Егер Ресей қайтадан шабуыл жасаса, санкциялар қайта енгізіледі делінген құжатта.
Bloomberg дерегінше, жоспар атысты тоқтату мен майдан шебінде алға жылжудан бас тартуды, депортацияланған украин балаларының барлығын елге қайтаруды және тұтқындармен алмасуды қамтиды. Осыдан кейін Киев қауіпсіздік кепілдіктерін, соғыс салдарынан келген залалды жоюға арналған қаражатты және Еуроодаққа жедел кіру мүмкіндігін алуы тиіс.
Тағы бір тармаққа сәйкес, Мәскеу мен Киев Украина оккупацияланған аумақтарын басқару мәселесін талқылау жөнінде келіссөздер бастайды. Бұл ретте Еуропа да, Украина да бұл аумақтарды Ресейдің жері ретінде заңды түрде мойындамайды.
Жоспардың орындалуын бақылау үшін АҚШ президенті Дональд Трамп басқаратын кеңес құрылмақ. Bloomberg дереккөздері атап өткендей, жоспардың егжей-тегжейі әлі де пысықталып жатыр және өзгерістер болуы мүмкін.
Фото: Alexander Drago/REUTERS