Польшада Ресей тапсырмасы бойынша диверсия дайындаған 8 адам ұсталды

Польшада Ресейдің тапсырмасы бойынша диверсия ұйымдастырмақ болған сегіз адам қолға түсті. Бұл туралы елдің премьер-министрі Дональд Туск әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Malim.kz.
Польша ұлттық қауіпсіздік агенттігі мен арнайы қызметтер жүргізген операция барысында ұсталғандардың арасында 21 жастағы Украина азаматы Данило Х. бар. Ол Варшава маңында қоймада жұмыс істеген.
Тергеу мәліметінше, ол және Румынияда ұсталған тағы екі украин азаматы Польша мен Румыния арқылы Украинаға жарылғыш заттарды жеткізу арнасын құрған.
Прокуратура дерегінше, бұл жарылғыш құрылғылар тасымалдау кезінде өздігінен тұтанып немесе жарылуы мүмкін болған. Мақсат – Еуроодақ елдеріндегі тұрғындарды қорқыту және Украинаға қолдау көрсетіп отырған мемлекеттерді дестабилизациялау.
Румынияның арнайы қызметі жарылғыш заттардың залал келтірмей тұрып табылғанын хабарлады.
Сонымен қатар, екі күдікті Ресейден нұсқау алған және Бухарестегі украин курьерлік компаниясының бөлімшесіне бомба салынған сәлемдемелерді жеткізгені анықталған.
Соңғы бірнеше айда Польшада Ресейдің пайдасына әрекет еткен 55 адам ұсталған.
Фото: Leszek Szymanski/EPA/dpa/picture alliance