Мұнай бағасы құлдырады. ОПЕК+ Ресейді дағдарысқа әкеле ме?
АҚШ, Бразилия, Иран сияқты елдер өндірісті ұлғайтып отыр

Әлемдік мұнай бағасының құлдырауы — Ресей үшін күтпеген, бірақ аса қауіпті жағдай. Ел бюджетінің шамамен 30%-ы мұнай мен газдан түсетін кіріске тәуелді,-деп жазады DW.
Сондықтан мұнай бағасының ұзақ уақыт төмен болуы — үлкен сынақ, әсіресе қазіргі соғыс жүріп жатқан геосаяси жағдайда.
Ресей билігі бұл қиындыққа дайындала бастады: 2025 жылға арналған бюджет қайта қаралып, макроэкономикалық болжамдар өзгертілді. Дегенмен, ахуал үкімет болжағаннан да қиындай түсуі мүмкін.
ОПЕК+ ұйымы соңғы айларда мұнай өндірісін күрт арттырды. Бұл шешім нарықтағы мұнай ұсынысын бұрынғыдан да арттырып, Brent бағасының барреліне $60-тан төмен түсуіне себеп болды. Сарапшылар бағаның одан әрі құлдырауы мүмкін екенін жоққа шығармайды, өйткені әлемдік сұраныс аз, ал АҚШ, Бразилия, Иран сияқты елдер өндірісті ұлғайтып отыр.
ОПЕК+ бұл шешімді ресми түрде «нарықтағы қолайлы жағдайлармен» түсіндірсе де, шын мәнінде Сауд Арабиясы кейбір мүшелердің – мысалы, Қазақстан мен Ирактың – артық өндіруіне наразы. Бұл жағдай оларға бағаның құлдырауы арқылы қысым жасаудың бір түрі ретінде қарастырылады.
Сонымен қатар, картель бұрынғыдай жасанды тапшылық жасап, бағаны өсіру тактикасының енді жұмыс істемейтінін де мойындағандай. Бәсекелестерге нарықтағы үлесті бере отырып, олар өз тактикасын қайта қарауға мәжбүр.
Бұл жағдай Ресей экономикасы үшін күрделі салдар әкелуі мүмкін. Urals маркалы мұнай бағасы санкциялардан кейін Brent-тен едәуір төмен бағамен сатылып жатыр. Бюджет бастапқыда барреліне $69,7 деңгейінде есептелген болса, жаңа болжам $56 шамасында. Бұл бюджет тапшылығын бірнеше есеге арттырды — 3,8 трлн рубльге дейін.
Түсіп кеткен кірістердің орнын толтыру үшін Ресей үкіметі бір немесе бірнеше қиын қадамға баруы мүмкін: мемлекеттік шығындарды қысқарту, салықты көтеру, рубльді құнсыздандыру немесе Ұлттық әл-ауқат қорындағы резервтерді жұмсау. Алайда сарапшылар бұл қорда жеткілікті қаражат жоқ екенін айтады.
Бірақ бір нәрсе анық: Кремль әскери шығындарды қысқартпайды. Президенттің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков бұл туралы ашық айтты. Оның айтуынша, Ресейдің ұлттық мүддесі — ең басты басымдық, ал бұл мүдделердің негізгі бөлігі — Путин бастаған әскери мақсаттарға жету.
Фото: Depositphotos