НАТО – Украина кеңесі Ресейдің Киевке жасаған соққысынан кейін шақырылды

Брюссельде Украина–НАТО кеңесінің кезектен тыс отырысы саяси кеңесшілер деңгейінде өтіп жатыр. Бұл отырыс Украина тарапынан, Ресейдің Киев пен өзге де қалаларға жаппай соққы жасағаннан кейін шақырылды. Бұл туралы dpa агенттігі хабарлады.
Украинаның Сыртқы істер министрі Андрей Сибига отырыс қарсаңында X әлеуметтік желісінде былай деп жазды: «Біз Ресейдің бейбіт бастамалардан бас тартып, украин халқына қарсы террорды күшейткеніне байланысты бірлескен іс-қимылдарды талқылауға бағытталған мазмұнды пікірталас күтеміз». Сибига НАТО-ға және Украинаға батыл қолдау көрсетіп отырған барлық одақтастарға алғыс білдірді, сондай-ақ бейбітшілікке бағытталған мазмұнды әрекеттерді атап өтті. «Мәскеу соғысты созып отырғаны үшін бұдан да қатты қысымды сезінуі тиіс», – деп атап өтті Украинаның сыртқы істер министрі.
«Украинская правда» газетінің жазуынша, НАТО-дағы елдердің тұрақты өкілдіктеріндегі саяси кеңесшілер мұндай кездесулерде шешім қабылдамайды, бірақ егжей-тегжейлі талқылап, ұстанымдарды келісіп, құжат мәтіндерін дайындайды.
Dpa агенттігі атап өткендей, Украина қазіргі таңда НАТО-ның мүшесі болмаса да, қауіпсіздік саласында Альянспен тығыз үйлесімде әрекет етіп келеді.
Ресейдің украин қалаларына әуе шабуылдары
28 тамызға қараған түні Ресей армиясы Украинаға шабуыл жасап, 600-ге жуық дрон мен 30-дан астам зымыран қолданды. Негізгі соққы Киевке бағытталды. Қалада 20-дан астам адам қаза тауып, 50-ден астам адам жараланды. Киевте тұрғын үйлермен қатар, Еуропалық Одақтың өкілдігі, Еуропалық инвестициялық банк (ЕИБ) және «Британдық кеңес» ұйымының кеңселері, сондай-ақ «Украинская правда» мен «Азаттық радиосының» редакциялары бүлінді.
Бұл шабуылдан кейін Еуроодақ Ресей елшісін Брюссельге шақыртты. Еурокомиссия төрайымы Урсула фон дер Ляйен: «Ресей азаматтық инфрақұрылымға бағытталған соққыларын дереу тоқтатып, бейбіт келіссөздерге қосылуы тиіс», – деп мәлімдеді.
Ал Ресей Қорғаныс министрлігі: «Ресей әскері Украинадағы әскери және әскери мақсатқа жақын нысандарға соққы беруді жалғастыруда», – деп хабарлады.
30 тамызға қараған түні Ресей әскері тағы да соққы дрондары мен зымырандармен шабуыл жасап, бір адам қаза тауып, 20-дан астамы жараланды. Украина президенті Владимир Зеленскийдің айтуынша, Ресей, оның Путинмен кездесуіне дайындыққа бөлінген уақытты, шабуылға дайындалуға пайдаланды.
Фото: Ukrainian State Emergency Servic/Newscom/picture alliance

Ең көп оқылған
