Ресей мен Украина қаза тапқан әскери қызметкерлердің мәйіттерімен алмасты

Украина Ресейден мың жауынгердің денесін қабылдады. Алдағы уақытта олардың жеке басын анықтау жүргізіледі, деп хабарлайды Malim.kz.
Мәйіттерді тапсыру процесі Халықаралық Қызыл Крест комитетінің (ХҚКК) көмегімен жүзеге асқан.
Бұл туралы 23 қазан, бейсенбі күні Украинадағы әскери тұтқындармен жұмыс жөніндегі Координациялық штаб өзінің Telegram-арнасында мәлімдеді.
«Ресей тарапының мәлімдеуінше, бұл мәйіттер украин әскери қызметкерлеріне тиесілі», – делінген хабарламада.
Тергеушілер мен Ішкі істер министрлігінің қызметкерлері жүргізетін идентификация нәтижелері бұл мәлімдемені растауы немесе теріске шығаруы тиіс.
Өз кезегінде, Ресей тарапы Украинадан 31 қаза тапқан әскери қызметкердің денесін алғанын мәлімдеді. Бұл туралы РБК агенттігіне Ресей Мемлекеттік Думасының депутаты, Украинадағы соғыс мәселелері жөніндегі парламенттік үйлестіру тобының өкілі Шамсаил Саралиев хабарлады.
Фото: Narciso Contreras/Anadolu/picture alliance