Ресей азаматтығын алған Эдвард Сноуден Украинадағы соғысқа аттана ма

ЦРУ-дың бұрынғы агенті Эдвард Сноуден Ресей азаматтығын алды, деп хабарлайды Malim.kz Deutsche Welle-ге сілтеме жасап.
АҚШ-тың Ұлттық қауіпсіздік агенттігі (NSA) мен Орталық барлау басқармасының (CIA) бұрынғы қызметкері Эдвард Сноуден Ресей Федерациясының азаматтығын алды. Тиісті жарлыққа Ресей президенті Владимир Путин қол қойған. Құжат 26 қыркүйек күні РФ құқықтық ақпарат порталына жарияланды.
Дегенмен, АҚШ Мемлекеттік департаменті Сноуденнің америкалық азаматтығына байланысты қандай да бір өзгерістер туралы ақпараты жоғын мәлімдеді.
Сноуденнің адвокаты Анатолий Кучеренаның айтуынша, оның қорғаушысы Ресей президенті жариялаған «жартылай мобилизацияға» шақырылмайды.
Себебі ол Ресей армиясында қызмет етпеген және әскери тәжірибесі жоқ. Адвокаттың сөзінше, Сноуденнің жұбайы да Ресей азаматтығын алуға ниетті.
2013 жылдың маусым айында Эдвард Сноуден The Washington Post және The Guardian басылымдарына АҚШ Ұлттық қауіпсіздік агенттігінің ауқымды аңду бағдарламалары туралы құпия ақпаратты беріп, бүкіл әлемге аты шықты. Кейін ол Гонконгке, одан соң Мәскеуге ұшып келді.
Алайда АҚШ билігі оның паспортын жойғандықтан, ол бір айдан астам уақыт Шереметьево әуежайының транзиттік аймағында тұруға мәжбүр болды.
Кейіннен Ресей Сноуденге саяси баспана беріп, 2014 жылы уақытша тұруға рұқсат, ал 2020 жылы мерзімсіз тұруға ықтиярхат (ВНЖ) берген. Сол жылы ол Ресей азаматтығын алуға ниет білдірді. 2019 жылдың күзіде Сноуденнің «Permanent Record» («Жеке іс») атты кітабы жарық көрді. Онда ол 2013 жылдан кейінгі өмірі туралы баяндайды.
Фото: picture-alliance/Kyodo

Самое читаемое
