Ресей «Буревестник» жаңа қанатты зымыранын сынақтан өткізді
Ресей президенті Владимир Путин ядролық энергетикалық қондырғымен жабдықталған «Буревестник» қанатты зымыранының сәтті сынақтан өткенін мәлімдеді, деп хабарлайды Malim.kz.
Ресей Қарулы күштері Бас штабының бастығы Валерий Герасимовтың мәліметінше, сынақ 21 қазанда өткен. Зымыран шамамен 15 сағат ұшып, 14 мың шақырым қашықтықты еңсерген.
Путин өз кезегінде «Буревестник» зымыранын «дүниежүзінде теңдесі жоқ бірегей қару» деп атады.
«Қолдану мүмкіндіктерін анықтап, бұл қаруды әскер құрамына орналастыру үшін қажетті инфрақұрылымды дайындауды бастау қажет», — деді Ресей президенті әскери формада өткізген жиында.
Айта кетейік, Путин алғаш рет «Буревестник» атты құрлықаралық қанатты зымыранның жасалып жатқанын 2018 жылы жария еткен болатын.
Фото: ©Владимир Смирнов/ ТАСС