Ресей мен Германия арасындағы әскери-техникалық ынтымақтастық тоқтатылды

Ресей Федерациясы Германиямен әскери-техникалық ынтымақтастық туралы келісімді ресми түрде тоқтатты. Бұл жөніндегі Үкімет қаулысына Ресей Премьер-министрі Михаил Мишустин 18 шілде күні қол қойды, деп хабарлайды Malim.kz DW-ге сілтеме жасап.
Құжат ресми құқықтық ақпарат порталында жарияланды.
РФ Сыртқы істер министрлігі Германия тарапының "ашықтан-ашық жауластық саясат ұстануы" салдарынан бұл келісімнің "мәні мен практикалық маңызы жойылғанын" алға тартты. Ведомство неміс билігін "антиресейлік идеологиялық өңдеу жүргізу" және "әскери-саяси жағдайды ушықтыруға итермелеу" әрекеттерімен айыптады.
Екі ел арасындағы бұл келісім алғаш рет 1996 жылдың 14 маусымында жасалған болатын. Құжат Ресей мен Германия арасындағы кәсіпорындар, ұйымдар мен мемлекеттік органдардың әскери-техникалық салада өзара ынтымақтастығын көздеген.
Ресейдің СІМ-іне Германия тарапына бұл шешім туралы ресми түрде хабарлау тапсырылды.
Фото: Zoonar/picture alliance

Ең көп оқылған
