Ресей мен Украина 8-рет әскери тұтқындармен алмасты

4 шілде, жұма күні Ресей мен Украина әскери тұтқындармен кезекті алмасу раундын өткізді. Бұл туралы алғаш болып Ресей Қорғаныс министрлігі хабарлады. Кейінірек Украина президенті Владимир Зеленский де бұл ақпаратты растады, деп хабарлайды Malim.kz.
«Біздің адамдар үйде. Олардың көпшілігі 2022 жылдан бері Ресей тұтқынында болған», – деп жазды Зеленский Telegram арнасында.
Оның айтуынша, елге Донецк және Мариуполь, Луганск, Харьков және Херсон облыстарын қорғаған әскери қызметкерлер – Қарулы күштер, Ұлттық гвардия, Мемлекеттік шекара қызметі сарбаздары, сондай-ақ бейбіт тұрғындар қайтарылған.
РФ Қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, 2 маусымда Стамбұлда қол жеткізілген ресей-украин келісімдері аясында Ресейге тағы бір топ әскери қызметкері қайтарылған. Өз кезегінде Украина тарапына да тұтқынға түскен Қарулы күштер сарбаздарынан құралған топ тапсырылған.
«Қазіргі таңда ресейлік әскери қызметкерлер Беларусь Республикасының аумағында, оларға қажетті психологиялық және медициналық көмек көрсетілуде», – делінген ведомство хабарламасында.
Бұл алмасу – маусым айының басында Стамбұлда өткен екі ел делегацияларының келіссөздері нәтижесінде жүзеге асып жатқан сегізінші раунд. Алмасқан тұтқындар саны жария етілмеді.
Фото: Zelenskiy Official/Telegram


Ең көп оқылған
