Ресей мен Украинаның соғысып жатқанына 1000 күн. Текетірес тоқтай ма?
Қазір ресейліктер 66 мың 932 шаршы шақырым жерді бақылауда ұстап отыр
Украина жерінде соғыс басталғалы бері бүгін, 19 қарашада тура 1000 күн толды. Ресейдің БҰҰ жарғылары мен халықаралық нормаларға пысқырмастан көрші мемлекетті басып алмақ болғанына 3 айдан кейін 3 жыл толады.
Киевті 3 күнде алуды көздегендермен украиналықтар 1000 күн бойы шайқасып жатыр. Елден босып кеткендер, жараланғандар мен қаза тапқандар, қираған инфрақұрылым, қалалар... Соғыс Украинаның 109 мың 59 шаршы шақырым жерін шарпыды. Бұл ел аумағының 18%-і. Ал қазір ресейліктер 66 мың 932 шаршы шақырым жерді бақылауда ұстап отыр.
Украина 2024 жылдың тамызында Ресейдің Курск облысының 1000 шаршы шақырым жеріне басып кірген, қазір 604 шаршы шақырым жерге иелік етіп отыр. Майдандағы шығындарды айтпай-ақ қоялық. Шайқасқа кірген сарбаздар елінің егемендігін қорғау үшін жан беріп жатыр. Олардың жөні бөлек. Әрі деректер әртүрлі.
Ал бейбіт тұрғындарға келсек, 1000 ішінде БҰҰ деректері бойынша 12 мың 162 бейбіт тұрғын қаза тауып, 26 мың 919 адам жараланыпты. ЮНИСЕФ осы кезеңде 659 бала мерт болғаны,, 1747 бала жараланғанын хабарлады. 1000 күн ішінде 1496 білім беру, 662 денсаулық сақтау мекемесі қираған немесе зардап шеккен. Шамамен 1,7 млн бала таза ауыз суға зар болып отыр. 6,79 млн адам босқын болып елден кетіпті. 59 мыңнан астам із-түзсіз кеткен.
Рас, кейбір азаматтар оралыпты. Тұтқында болыпты. Әлі де хабар-ошарсыз қалғандар аз емес. 2024 жылдың 17 қарашасына дейін Украинада 50 мыңнан астам әуе дабылы қағылыпты. Ал әр дабыл деген зымыран немесе дрон шабуылы дегенді білдіреді. Ресей Украина жеріне шабуыл үшін 12259 дана камикадзе-дрон, әр түрлі модификациядағы 10232 зымыран қолданған деседі. Ресейліктер Украина жеріне әртүрлі едңгейдегі 42 мыңнан астам бомба тастаған деседі. Бұл соғыстың статистикасы тым ұзақ.
Көп дүние жазуға болады. Бірақ бәрін айту көңіл құлазытады екен. Украинадағы оқиғаларға қарап отырып, «кішірек елдер ірілер текетіресінде құрбан екен-ау» деген ой келеді. «Көршің соқыр болса, бір көзіңді қысып жүр» деген нақыл қалдырыпты бұрынғылар. Қазақстан сыртқы саясатындағы мейілінше бейтараптық, державалармен тең араласуға ұмтылуымыз, кейде ұтылғандай, кейде ұтып кеткендей болып көрінетін тәсілдер жасаумыз, түркі баласының ынтымағын арттыруға барымызды салуымыз соғысқа жол бермеудің амалы болса керек.
Амангелді Құрметұлы, журналист, әскери сарапшы
Фото: trtavaz.com