Ресей Украинаға 1000 сарбаздың денесін қайтарды

Ресей президентінің көмекшісі және Стамбулдағы келіссөздерде ресейлік делегацияны басқарған Владимир Мединскийдің мәлімдеуінше, Мәскеу мен Киев қаза тапқан әскери қызметкерлердің мәйіттерімен тағы да алмасты, деп хабарлайды Malim.kz dw.com сайтына сілтеме жасап.
Оның айтуынша, Ресей Украинаға Қарулы күштер сарбаздарының 1000 мәйітін тапсырған, ал Украина Ресейге 19 ресейлік әскери қызметкердің мәйітін берген.
Украина да Қарулы күштердің тағы 1000 сарбазының мәйіттерін алғанын растады.
«Ресей тарапына сәйкес, бұл мәйіттер Украина азаматтарына, соның ішінде әскери қызметшілерге тиесілі. Құқық қорғау органдарының тергеушілері мен ІІМ-нің сараптама мекемелері репатриацияланған мәйіттерге қажетті барлық сараптамалар мен сәйкестендіру жұмыстарын жүргізеді», – делінген Украинадағы әскери тұтқындар мәселелері жөніндегі үйлестіру штабының мәлімдемесінде.
Украин тарапынан Ресейге 19 ресейлік сарбаздың мәйітін беру туралы бұл мәлімдемеде айтылмаған.
2 маусым күні Стамбулда өткен келіссөздер барысында Ресей мен Украина ауыр жараланған әскери тұтқындар мен 25 жасқа дейінгі сарбаздарды алмастыруға, сондай-ақ бір-біріне соғыста қаза тапқан 6000 сарбаздың мәйітін беруге келіскен.
16 маусымда Мединский Ресей Украинаға 6060 украин сарбазының мәйітін тапсырғанын хабарлады. Өз кезегінде Украина Ресейге 78 ресейлік әскери қызметкердің мәйітін берген. Кейінірек Мединский Мәскеудің Киевке тағы шамамен 3000 жауынгердің мәйітін беруге дайын екенін айтты.
Украина президенті Владимир Зеленский Ресей тарапы мәйіттермен алмасу кезінде украин сарбаздарының мәйіті деп, Украинаға Ресей мен өзге елдердің азаматтарының денелерін де тапсырғанын мәлімдеді.
Фото: Narciso Contreras/Anadolu/picture alliance

Ең көп оқылған
