Ресейдің "Росгвардия" басшысының экс-орынбасары ұсталды

7 шілде күні Ресейдің Тергеу комитеті "Росгвардия" басшысының бұрынғы бірінші орынбасары, генерал-полковник Виктор Стригунов тұтқындалғанын хабарлады. Комитет дерегінше, оған қызмет өкілетін теріс пайдалану және аса ірі көлемде пара алу айыптары тағылған. Бұл туралы Azattyq-қа сілтеме жасап Malim.kz хабарлайды.
Оның нақты қашан ұсталғаны туралы ақпарат берілген жоқ. Комитет хабарламасына қарағанда, Стригуновтың үстінен қылмыстық іс Кемеров облысындағы оқу орталығы құрылысына бөлінген қаражатты жымқыруға байланысты қозғалған. Құрылысқа қатысты келісімшарт 2014 жылы жасалған, сол кезде жобаны Стригунов қадағалаған. Оқу орталығы сол күйі салынған жоқ, ал мемлекетке келген шығын көлемі – шамамен 2 миллиард рубль деп айтылып отыр. Бұған қоса Стригуновқа 2012-2014 жылдар аралығында коммерциялық ұйымдардың өкілдерінен 66 миллион рубльден астам пара алған деген айып тағылған. Виктор Стригунов бұрын Ішкі істер министрлігі ішкі әскерінің бірқатар бөлімін басқарған. Кейін ішкі әскер "Росгвардияға" айналған соң Стригунов қызметін осы жаңа құрылымда жалғастырған. 2023 жылы Стригунов "Росгвардия" басшысы Виктор Золотовтың бірінші орынбасары қызметінен босатылып, оның кеңесшісі болып тағайындалған. "Росгвардия" Украинаға қарсы басқыншылық соғысқа қатысқанына байланысты Стригунов бірқатар шет мемлекеттердің санкция тізіміне енгізілген.
Фото: vedomostiural.ru


Ең көп оқылған
