Трамп АҚШ-тың әскери бюджетін 1 триллион долларға дейін арттырмақ

АҚШ әкімшілігі қорғаныс саласына бөлінетін қаржыны күрт өсіруді жоспарлап отыр, деп хабарлайды Malim.kz.
Bloomberg агенттігінің хабарлауынша, президент Дональд Трамп 2026 қаржы жылына ұлттық қауіпсіздікке қатысты баптар бойынша 1,01 триллион доллар жұмсауды ұсынған. Бұл – қазіргі жылмен салыстырғанда 13%-ға көп.
Ақ үй Конгреске ұсынуға дайындалып жатқан бюджет жобасымен таныс дереккөздің мәліметінше, бұл өсім 1980-жылдары Рональд Рейган жүргізген қорғаныс шығындарының ұлғаюымен теңестіріледі. Ол кезде АҚШ «Жұлдыздар соғысы» бағдарламасын іске қосып, Еуропаға ядролық зымырандар орналастырған болатын.
Пентагонның өзіне бөлінетін бюджет 961 миллиард долларға жетеді. Бұл — биылғыдан 112,7 миллиард долларға, ал экс-президент Джо Байден әкімшілігі 2026 жылға жоспарлаған сомадан 84,2 миллиард долларға артық.
Bloomberg мәліметінше, АҚШ тарихында алғаш рет қорғаныс пен қауіпсіздікке бөлінетін қаражат 1 триллион доллар межесінен асады. Бұл шешім Конгрессте үлкен дау тудыруы мүмкін.
Трамп әкімшілігінің жобасында зымыранға қарсы «Алтын күмбез» жүйесін құру, әскери кемелер салу, ядролық қару жүйесін жаңғырту және әскери қызметкерлердің жалақысын 3,8%-ға көтеру қарастырылған.
Фото: Reuters/K. Lamarque