Трамп Ердоғанмен Украина туралы сөйлесті

АҚШ президенті Дональд Трамп Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанмен Украинадағы соғыс туралы телефон арқылы сөйлесті, - деп хабарлайды Malim.kz тілшісі.
Трамп бұл туралы Truth Social әлеуметтік желісінде айтты. Әңгіме барысында олар Ресей мен Украина арасындағы соғыс, Сирия, Газа және басқа да мәселелерді талқылаған.
Трамп Ердоғанның өзін Түркияға ресми сапармен келуге шақырғанын, ал өзі түрік көшбасшысын Вашингтонға шақыруды жоспарлап отырғанын жеткізді.
"Қалай болғанда да, президент Ердоғанмен бірлесіп, ақымақ әрі қан төгілген бұл соғысты — Ресей мен Украина арасындағы соғысты — тоқтатуға күш саламыз деп үміттенемін. Дәл қазір!" – деп жазды Трамп.
Алайда ол бұл соғысты қалай тоқтатпақ ниеті барын және Ердоғанның рөлін нақтыламады.
Айта кетейік, бұған дейін Түркия Украина мен Ресей арасындағы делдалдық рөлін атқарған. 2022 жылғы наурыз және сәуірде Ыстамбұлда екі ел делегациялары тікелей келіссөздер жүргізген болатын. Кейінірек Түркия "астық келісімінің" жасалуына ықпал етіп, Қара теңіз порттары арқылы украин астығын қауіпсіз тасымалдауға жағдай жасаған.
Фото: aa.com.tr